Ұстаз • Кеше

Ерекше баланы оқытатын педагог қолдауды қажет етеді

101 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Педагогке де педагог керек. Себебі білім заманның қажет­­тілігі мен қо­ғам­дағы өзгерістерге қарай әрдайым жаңа­рып отырады. Оның үстіне білім алу­шы­лардың қабілет, даму, физиологиялық, психологиялық жағынан әртүрлілігі де үйретушінің үнемі үйреніп, тәжірибелік тұрғыдан шыңдалып отыруын талап етеді. Сол үшін де мұғалім әрқашан ізденісте жүруі қажет.

Ерекше баланы оқытатын педагог қолдауды қажет етеді

Иә, негізі мұны кез келген кәсіби педагог терең түсінеді. Алайда кейде сол ізденісте жүрген жанның өзі қолдауға мұқтаж болады. Бұл – ең алдымен кәсіби қолдау. Біз «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының атынан ерекше қажеттілігі бар балаларға білім бе­ретін интернаттар, мектептер, оңалту орталықтарының педагогтеріне, педагог-ассистенттерге психологиялық-педа­гогикалық жағынан қол­дау көрсетеміз. Сонымен қатар институтымызда теория­лық тұрғыда бағыт-бағдар берсек, кейін ресурстық мектепте сол алған білімі мен жиған тәжірибесін іс жүзінде қалай қолдану керегін айтып, 10 күн бойы таң­нан кешке дейін тәжірибелік дәрістер өткіземіз. Осыған қоса аудандардан келген тыңдаушыларға қаладағы мектептер­ді аралатып, өзіне қажетті, өзі жұмыс істейтін салаға сай арнайы мамандардың – дефектологтер, логопедтер, педагог-ассистенттердің са­ба­­ғына қатыстырып кере­гін үйренуге мүмкіндік береміз. Содан соң осындай толық теориялық, одан әрі практикалық курс­тан өткендер еңбек ететін ұйымына барып білімін, тәжірибесін өзге әріптестеріне бөліседі. Сондай сәтте біз сол курсымызды бітірген мамандарды курстан кейінгі қолдауға көшеміз. Мұндай қолдауды алу үшін мамандар арнайы сайтқа тіркеліп, курстық жұмыс өткізіп, ашық сабақтарын жүргізуге қатысты толыққанды қолдау ала алады, соңында есебін тапсырады. Сайт арқылы осындай курстан өткен педагогтер өздерінің ашық сабақтарының видеоларын жүктеп, өзара пікір алмасып, республика көлеміндегі әріптестерімен кеңінен талқылай алады.

ж

Екінші – әріптес ретінде жанашырлық танытып, психо­логиялық тұрғыдан қолдау. Шындығында қолдаудың бұл түрі бірінші айтылмағанымен, өте маңыздысы. Өйткені шынайы білгенін айту, бөлісу, өзінің білгенін әріптесінің де білгенін қалау, психологиялық қолдау дәл осы жанашырлықтан туады. Сол себепті біз осы мәселені өзіміз де ұмытпауға тырысамыз әрі курс оқытатын әріптестердің де, курс оқуға келген тыңдаушылардың да есіне салып отырамыз. Бәріміз білетіндей, дамуы қалыпты баланың өзімен жұмыс істеу – оңай емес, ал психологиялық немесе физиологиялық, тіпті психикалық жағынан қандай да бір кешеуілдеуі, бұзы­лысы бар баламен жұмыс істеу – педагогтен әдеттегіге қарағанда екі есе көп күш-жігерді, ізденісті, кәсібилікті қажет етеді. Сон­дықтан да ерекше балалармен жұмыс істейтін педагогтерге ерекше қолдау керек.

 

Айгүл ҚОЗБАХОВА,

«Өрлеу» БАҚО АҚ филиа­лы Қызылорда облысы ­бойынша Кәсіби даму инс­титуты кафедрасының аға оқытушысы