Ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыратын тиімді жолдың бірі – өсімдікті химиялық жолмен қорғау. Оның басты себебі – химиялық затты қолдану көлемі мен ауылшаруашылық дақылдары өнімділігінің артуы арасындағы байланыс. Яғни химиялық затты қолдану артқан сайын, өнім алу көлемі де еселенеді.
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғалымдары жергілікті және арзан шикізатты пайдалана отырып, ауылшаруашылық дақылдарын биологиялық қорғауға және өнімділігін арттыруға арналған гумин негізіндегі отандық өнім шығарды. Оны Алакөл кен орнындағы қоңыр көмір мен құс фабрикаларындағы құс саңғырығынан синтездеп алған.
«Гуминдік зат құрамында өсу стимуляторы және микротыңайтқыш ретінде өсімдіктерге кешенді әсер ететін гумин қышқылы мен фульво қышқылы көп мөлшерде кездеседі. Сонымен қатар аталған зат топырақтың құрылымын, буферлік және йон алмасу қасиеттерін де жақсартады. Гумин топырақтағы ластаушы заттарды сіңіріп, олардың өсімдік бойына өтуіне жол бермейтін қорғаныс қызметін атқарады. Гумин қышқылын қолдану – өсімдіктің тыныс алу үрдісі, фотосинтез, су алмасу қарқынын арттырып, хлорофилл мен аскорбин қышқылы концентрациясының жоғарылауына ықпал етеді. Зерттеу нәтижесінде Алакөл көмір кен орнынан алынған гумин шығымы жоғары екені анықталып, көмірді алдын ала өңдеуде тұз қышқылы тиімді екені белгілі болды», дейді аталған жоғары оқу орнының жетекші ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты Сана Қабдрахманова.
Зертханалық жағдайда анықталған гумин қышқылының сояның өнуі мен өсуіне әсері жоғары болып, соя тұқымының өнімділігі 70 пайызға артқан. Сондай-ақ алдыңғы жүргізілген зерттеу нәтижелері гумин қышқылын қолдану нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі орта есеппен 30-90 пайызға артатынын анықтаған. Ендігі кезекте ғалымдардың алдында алынған гумин өнімін далалық жағдайда зерттеу жұмысы тұр.