23 Маусым, 2010

ОЗЫҚ БІЛІМ, ОЗАТ ҒЫЛЫМ – КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ

1289 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Әлемдік қаржылық дағдарыс кезіндегі Қазақстанның сауатты жүргізілген экономиканы дамы­тудың стратегиялық және так­ти­калық жоспарлау саясаты, уақытында қабылданған іс-ша­ралары дағдарыстың алғашқы толқынынан іркілмей өтуімізге мүмкіндік берді. Осы кезеңде әлеуметтік салада елеулі жетіс­тіктерге қол жеткізілді. Жүзде­ген мектептер мен денсаулық сақтау нысандары іске қосыл­ды, қалалар мен ауылдарда ондаған мың шақырым жолдар салынды, мыңдаған шақырым жылу, су, энергия желілері тар­тылды. Бұндай келелі жұмыстар әлі де жалғасуда. Халықаралық қауымдас­тық­тың бағалауы бойынша, Қазақ­стан өзінің дағдарысқа қарсы бағдарламасын табысты іске асырып қана қоймай, ел эконо­микасының дағдарыстан кейінгі серпінді дамуының ғылыми негізделген моделін алғаш қа­лыптастырған елдер қатарын­дағы бірден-бір мемлекет болып табылатыны біз үшін үлкен мәртебе. Модельдің негізіне үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму идеясы қалан­ған. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ай­қындағанындай: “Өткен ғасыр­дың басында барлық мемле­кеттерде болған индустрия­ландыру емес, инновациялық индустрияландыру”, яғни инно­вациялық көзқарас басымдыққа ие, ал ғылым мен алдыңғы қатарлы технология – иннова­циялық дамудың басты ұстыны деген сөз. Осы орайда еліміздің қарыштап дамуын қамтамасыз ететін түбегейлі индустриялық-технологиялық модерни­зация­лау­дағы қазіргі ғылымның рөлін қайта пайымдау мен зерделеу өзекті проблемаға айналып отырғанын айту парыз. 2010 жыл – Қазақстан қо­ғамы үшін ерекше жыл. Өйтке­ні, осы жылы Қазақстан Еуро­па­лық қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына төрағалық қызметін бастады. Ресей, Қазақстан Кедендік одағына еніп, Болон процесі ұйымына мүше болды. Соны­мен қатар Елбасы 2010 жылы 29 қаңтарда еліміздің 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы бағдарын айқындаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндік­тері” атты өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Кемел келешекті болжаған бұл Жолдау тарихы­мыздағы теңдесі жоқ мемле­кеттік құжат екені даусыз. Өміршеңдігін уақыт дәлел­деген “Қазақстан-2030” – бағ­дар­ламасы еліміздің ұзақ мер­зім­ді даму стратегиясы. Ал еліміздің 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-иннова­циялық даму бағдарламасына келсек, ол осы стратегияның құрамдас бөлігі – екінші кезеңі болып табылады. Қазір алдыңғы қатарға еліміздің 2014 жылға дейінгі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасы шығарылып отыр. Жалпы “Қазақстан-2030” бағдарла­масы түгелдей жүзеге асса, елі­міздің экономикалық дамуы әлем елдерінің алдыңғы қата­рына шығатыны күні бүгіннің өзінде белгілі. Қазіргі Қазақ­станның дамуы “Қазақстан-2030” бағ­дар­ламасының еліміз­дің бола­шағы үшін асқан даналықпен жасалған құжат болғанын дәлелдеді. Жолдауда еліміздің тұрақты және теңгермелі дамуын қамта­масыз ететін факторлар атап көрсетілді. Олар: экономиканың жеделдетіліп әртараптанды­рылуы және оның бәсекелестік қабілетінің арттырылуы. Бұлар­ға инновациялар арқылы, яғни тың идеяларды, ғылым жетіс­тіктері мен жаңалықтарын ел экономикасының салаларында пайдалану немесе қолданысқа енгізу жолымен ғана қол жеткізілуі мүмкін. Елбасы 2009 жылғы 4 қыр­күйекте өткен Ғылым және ғылыми саясат жөніндегі кеңес мәжілісінде былай деген бо­латын: “Басымдықтары қата­рында ғылым мен инновация екінші орында тұрған ел қан­дай да бір салада бірінші бол­майды”. Бұл ақиқат сөз. Елді индустрияландырудың Базалық картасына жалпы ин­вестиция көлемі 43,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 160 жаңа кәсіпорын енген. Индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасы жобаларының басым көпшілігі елдің өнеркә­сіптік аймақтарында шоғыр­ланған. Қызылорда облысында тау-кен саласы, мұнай-газ сек­торы, химия өнеркәсібі мен аграрлық индустрияны дамы­туға арналған жобалар жүзеге асырылуға қабылданып отыр. Битум, асфальт, қиыршық тас және де басқа құрылыс мате­риалдарын өндіретін зауыттар­ды, мұнай өңдеу және ілеспе газды өтелдеу кешенімен бір­қатар аграрлық сектор кәсіп­­орындарын салу жобалары облыстың барлық аумағын қамтығанын атап өтуіміз керек. Облыс көлемінде 2010 жыл­дың 1 тоқсанында құны 950,0 млн теңгелік 2 жоба жүзеге асырылды. Ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы 28 жобаны орындау көзделген. Жоғарыда аталған бағдарла­маның аясында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру пайда әкелетін өндірістерді жасауға ғана мүмкіндік беріп қана қой­май, ғылыми-технологиялық қолдау мен жоғары сапалы менеджменттің үле­сі мол инновациялық, экономикалық сабақтастықтың дамуына серпін беретіні анық. Өндірісті тұрақты құрылым­дық жаңарту әрі ірі ғылыми идея­лар мен әзірлемелерді ендіру бағдарлама жетістіктерін, оның сәтті орындалуын айқын­дайтын басты факторлар болып та­былады. Осы орайда мына фактіні айта кетпесек болмайды. Жо­ғар­ғы оқу орындары өзінің ғы­лыми зерттеулерінің негізгі көле­мін өз бағдарламалары негі­зінде ішкі ресурстары есе­бінен жүргізіп келеді. Жоғары оқу орында­рының ғылыми бағ­дарламалары мен кәсіп­орын­дардың иннова­циялық жобала­рының өзара байланысы әлі ойдағыдай емес. Сондықтан да бағ­дарлама аясында мына мәсе­лелерге назар аударуымыз қажет: 1) ұсынылған жобаларға тың­ғылықты ғылыми-техника­лық және ғылыми-инженерлік сараптамалардың жасалуы; 2) жобаларды жүзеге асыру негізіне ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты дамыту механизмінің салынуы; 3) жобаларды жүзеге асы­руда жаңа мазмұндағы инже­нерлік-техникалық кадрлар мен жоғары технологиялы өндіріс менеджерлерін даярлаудың маңыздылығы. Жоғары технологиялы агро­өнеркәсіпті жасауға бағытталған мемлекеттік стратегияны жүр­гізу Жолдауда баса айтылған еңбек өнімділігін кешенді түрде өсіру проблемасын ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үшін де аса қажет. Осы орайда жас мамандарды ауылға тарту, жастардың назарын техникалық және кәсіптік білім алуға ауда­ру, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің қо­ғамдық рөлі мен маңызын арт­­тыру және мемлекет тарапы­нан жастарға қолдау көрсетуге бағытталған “Дипломмен–  ауыл­ға”, “Селоның өркендеуі – Қа­зақстанның өркендеуі”, “Жас­тар – кадрлар резерві”, “Жастар – Отанға”, “Қазақша сөй­лейік!” атты іс-шараларды жүзеге асырудағы республика көлемін­дегі оң тәжірибелерді зерделеп, кеңінен насихаттау – бәріміздің азаматтық парызымыз. Ауыл – ұлтымыздың мәйе­гі. Бар байлықтың басы рухани байлық десек, ауылды серпілту мен дамыту арқылы ХХІ ғасыр­дағы қазақ руханиятының қа­бырғасын қатайтып, мемле­кетімізге берік қорған жасаған болар едік. Көптеген елдер өздерінің даму стратегиясын айқындау кезінде білім сапасын бірінші орынға қояды. Үздіксіз кәсіби білім беру жүйесінде жоғары білімнің орны айрықша. Өйт­кені, ол жалпы білім, ғылым, мәдениеттің тоғысқан жері әрі кәсіби машықтану алаңы. Бүгінде дүние жүзі мемлекеттері жаһандану үдерісіне үн қосып отыр. Бұдан білім жүйелері де тыс қалған жоқ. Жолдауда отандық универ­си­теттер рейтингіне қатал талап қою, жоғары оқу орындары­ның халықаралық деңгейдегі қызметін жетілдіру туралы тап­сырмалар берілді. Оқу орында­ры мен мамандықтарды халық­аралық аккредиттеуден өткізу мәселесін де қадап айтты. Осы орайда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситетінің “Қазақстандағы білім беру саласын қамсыздандыру” тәуелсіз агенттігімен институ­ционалдық аккредиттеудің алғашқы кезеңін өткізу үшін келісім-шартқа отырғанын айту абзал. Аккредиттеу стандарт­тары негізінде басталған дайындық жұмыстары өзінің қисынды жалғасын табуда. Қызылорда университетінің Еуропалық білім беру кеңісті­гіне кіру үшін (2005 жылы) уни­верситеттердің Ұлы Хартиясына қол қоюы Болон процесіне қосы­луға бағытталған келелі қадамдардың бірі болды. 2010 жылғы 12 наурызда Будапештте Қазақстанның осы процеске мүше елдер қатарына қосылуы отандық білім беру жүйесіне үлкен жауапкершілік жүктейді. Университет ұжымы да осы ба­ғыттағы жаңа белестерді бағын­дыруға тас-түйін жұмылып отыр. Елдің интеллектуалдық ка­питалы мен қоғамның иннова­циялық әлеуеті тек қана білім арқылы келетіні белгілі. Осы тұрғыда университетіміз аймақ­тың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды нысанда­рының бірі деуге толық негіз бар. Университеттің аймақты же­дел индустриялық-иннова­циялық дамыту міндеттерін жү­зеге асыру үшін ғылыми және кадрлық әлеуеті жетеді. Бүгінде университетте 300-ден астам ғылым докторы мен канди­даттары қызмет атқаруда. Бұлардың көпшілігі аймақтың білім және ғылым саласындағы іс-шаралары мен экономиканы индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамыту жобаларын орындауға үлес қосып келеді. Ғылыми-педагогикалық кадр­лар даярлау ісі университет басшылығы­ның басты назарын­дағы жұмыстардың бірі. Нақты айтар болсақ, соңғы екі жылда 6 докторлық, 59 кандидаттық диссертация қорғалды. Уни­верситет басшылығы биылғы жы­лы да ізденушілерге жан-жақ­ты қолдау көрсетуді өз қыз­ме­тінің басым бағытына айнал­дырып отыр. Ағымдағы жыл­дың аяғына дейін 10-ға жуық доктор­лық, 50-ден астам кан­дидаттық жұмыс қорғалады деген ойдамыз. 2010 жылы магистратурадан 100-ге жуық тү­лек шығару жоспар­лан­ған. Бұл көрсеткіштер аймақ эконо­микасында туындап отыр­ған өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыдан шешуге көп септігін тигізетін фактор десек, артық айтқандық емес. 2009 жылдың қорытындысы бойынша 8 ғалым “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” мемлекеттік грантының иегері атанды. Бұл республика бойын­ша үздіктер қатарындағы көр­сет­кіш, университет ұжымы үшін шын мәніндегі үлкен мақтаныш. Университеттерді еліміздің инновациялық дамуының қоз­ғаушы күшіне айналдыру күн тәртібінде тұрған мәселе. Мем­лекет басшысы университет­терді ел экономикасының қар­қынды дамуына әрі интеллек­туалды ұлттың қалыптасуына үлес қосатын, олардың қоғам­дық абырой-беделінің бір өлшемі ретінде байыптағаны осыны көрсетеді. Елбасының Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықта­рында интел­лектуалды мектеп­тер ашу жөнінде берген тапсыр­масы аясында 2012 жылы Қы­зылорда қаласында ашылатын интеллек­туалды мектепке өз пән­де­рінен ағылшын тілінде дәріс бере алатын мамандар даяр­лау үшін Қорқыт Ата атын­дағы Қызыл­орда мемлекеттік университеті жаратылыстану бағы­тын­дағы мамандықтардың 3-курсынан 30 студентті таңдап алып, қазіргі таңда оларға қо­сымша ағылшын тілін тереңде­тіп оқыту курсын жүргізіп жатыр. Елбасы Жолдауында 2015 жылға қарай Ұлттық иннова­ция­лық жүйенің толыққанды жұмыс істеуі мен олардың елде енгізіл­ген талдаулар, патенттер мен дайын технологиялар түрін­де өз нәтижелерін беруі тиісті­лігі атап көрсетілген. Бұл ба­ғытта уни­вер­си­теттің көптеген жылдар бойы жинақтаған ғы­лыми-инновациялық тәжірибесі мол. Оқу орнында ғылыми жұ­мыстар іргелі және қолданбалы бағытта аймақтың экономика­лық, мәде­ни-әлеуметтік ерек­ше­ліктерін барынша ескеріп жүргізілуде. Соңғы екі жылда университет ғалымдарының 100-ден астам жаңалықтары оқу процесіне және практикалық айналымға енгізілгені осы айтқандарымыз­дың дәлелі. Осы кезеңде зерттеу­лердің нәтижесі бойынша ғалым­дарымыз 30-дан астам моногра­фиялар мен оқулықтар жария­лап, 12 патент иегері атанды. Серпінді жаңалықтар мен инновациялар жасауда өз ғы­лыми базамызды қалыптас­тыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақ­станда бүгінге дейін 5 ұлт­тық, 15 университеттік инже­нерлік бағыттағы зертхана ашылуы осының айғағы. Осы бағытта біздің университетке инженерлік зертхана ашу үшін мемлекет тарапынан 200 млн теңге бөлінді. Зертхана зама­науи 10 қондыр­ғымен жабдық­талды. Бүгінде барлық қондыр­ғы тиісті өкілетті органдардан аттестаттау­дан өтті және зерт­хана бірқатар қызмет түрлеріне лицензия алды. Білім және ғылым министр­лігінің арнайы комиссиясы 2009 жылы универ­ситетте болып, зертхана­ның жұмысына өзінің оң бағасын беріп кетті. Зертханалық кешен студент­тер мен оқытушылардың ғы­лым­мен шұғылдануына, облыс көлемінде түрлі шаруашылық және өнеркәсіп салаларының бәсекеге қабілетті зерттеулер жүргізуіне қазірдің өзінде кең мүмкіндік тудыруда. Осы орайда серпінді жаңа­лық­тар мен инновациялардың ғылыми базасы ретінде ашы­лып, жабдықталған инженерлік бейіндегі ұлттық және универ­ситеттік зертханалардың ағым­дағы қызметін халықаралық стандарттар деңгейінде қамта­ма­сыз ету үшін оларды мемле­кеттік бюджеттен базалық қар­жыландыру мәселесі шешілсе орынды болар еді. Ғылыми-зерттеу жұмыста­рын жүргізу, жаңа техноло­гияларды ендіруді жеделдету әрі инновацияны қолдау мақсатын­да жоғары оқу орындары, ғы­лыми ұйымдар, өндіріс пен биз­нес құрылымдарының қаты­суымен құрылатын техно­парктер өрісін кеңейту де біз үшін өзекті мәселе. Университетте ғылыми зерт­теулердің тиімділігін арттыруға бағыт­талған құрылымдық өзге­рістер жүйелі жүргізілуде. Жа­қында ғана “Қолдан­балы зерттеулер” ғылыми орта­лығының ашылуы – осының нақты көрінісі. Үстіміздегі жылы бір топ ғалымдарымыз Ауыл шаруашы­лығы министрлігі мен Бүкіл­әлемдік банктің “Қызылорда облысы жағдайында топырақ­сыз субстратарда бақша дақыл­дарын өсіру технологиясын ендіру жөніндегі білімді тарату мен беру” тақырыбындағы құны 4,5 млн теңге тұратын грантын жеңіп алды. Сонымен қатар ғалымдарымыз наурыз айында Ғылым комитеті жария­лаған ынталы және тәуекелшіл ғылыми зерттеулерді орындауға арналған гранттар конкурсына көмірсутек және тау-кен сек­торына арналған технологиялар; ядролық технологиялар және жаңаратын энергетика техноло­гиялары; ақпараттық және ға­рыштық технологиялар; Қазақ­станның тұрақты дамуының негізі ретіндегі ұлттық идеяның басым бағыттары бойынша 7 жоба ұсынғанын қанағаттандық сезіммен айта аламын. Техникалық және кәсіптік білім беру саласы – білім беру жүйесіндегі елеулі буын. 2002 жылы ашылған университет колледжінде бүгінгі күні 22 мамандық бойынша барлығы 2466 оқушы білім алуда. Биыл­ғы оқу жылында мемлекеттік “Жол картасы” бағдарламасы бойынша күндізгі оқыту ныса­нына 730 оқушының қабыл­дануы – жастарға жасалған үлкен қамқорлық. Сонымен қатар, универси­тет жанынан құрылған жұмыс­шы мамандығына бағытталған бастауыш кәсіби білім беру ор­та­лығы аймақтың стратегиялық мәні бар көкейкесті проблема­ларын шешуге өз үлесін қосып келеді. Өткен оқу жылының өзінде 700-ге жуық адам оқыты­лып, 30 млн. теңгеден астам қаржыға қызмет көрсетілді. Соның ішінде, мемлекеттік “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 8 мамандықты қам­тыған 220 жұмыссыз жастар қайта маманданудан өтті. “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” дәлізі құрылысы ая­сында облыс көле­мін­де биылғы жылы 11 жоба жүзеге асыры­латыны белгілі. Осы жобаларды орын­дауға университет ғалым­дары мен студенттерін кеңінен қатыс­тыру мәселесі қаралуда және аталған дәліз жұмыстарын жүргізу үшін қажет маман­дарды даярлау немесе қайта даярлау процесіне де атсалысатын боламыз. Ғалымдардың ғылым сала­лары бойынша көп жылғы зерттеулерін қорытындылау, ғылымды дамытып, жетілдіру бағытындағы өзекті мәселелер бойынша ұсынымдарын құзы­ретті органдарға жеткізу мақса­тында университет базасында ғылыми іс-шаралар ұйымдас­тырып отыру – үзілмейтін үрдісіміз. Соңғы екі жылдың өзінде 10-нан астам ғылыми конференциялар мен форумдар: оның 4-уі халықаралық, 5-уі республикалық деңгейде өткі­зілгенін айтсақ та жеткілікті. Ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру бағытында атқарылар шаруалар әлі де көп. Елбасы бастамасымен қолға алынған ғылыми жобалар мен зерттеулерді қаржыландыруды оңтайландыру жұмысы – отан­дық ғылымды дамытудағы үлкен бетбұрыс. Келелі ғылыми зерт­теу­лерді қаржыландырудан өндірістік компаниялар тыс қал­маса игі. Сонда ғана Қазақ­стан экономи­касы дамыған елдер қатарынан берік орын алатын болады. Қазақстан ғылымын дамы­тудың жаңа моделін қалыптас­тыру бағытындағы ғылыми қауымдастық, зиялы қауым тарапынан айтылған ұсыныстар жаңадан қабылданатын “Ғылым туралы” заңда көрініс табаты­нына сенім мол. Озық технологиялы индус­трия негіздерін жасау, адами ресурстар мен инфрақұры­лымды дамыту, экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімді­лігін арттыру арқылы Қазақстан экономикасының дағдарыстан кейінгі орнықтылығы мен өсуін басқаруға бағытталған мемлекет саясатына барынша қолдау көрсетуіміз қажет. Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына енуге бетбұрыс жасауына және Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері арасындағы Бірыңғай экономи­калық кеңістіктің алғашқы қадамы болып табылатын Ке­ден­дік одақтың құрылуына байланысты елімізде өндірілетін тауарлардың қазақстандық мазмұнын арттырудың жаңа мүмкіндіктері мен оларды пайдалану жолдарын зерделеуге бағытталған арнайы ғылыми зерттеулер ұйымдастыру – күн тәртібіндегі мәселеміз. Жолдауда айтылғандай, мем­лекетіміздің бәсекеге қабі­летті дамуының кепілі – отан­дық білім мен ғылымның жаңа жағдайға сай өркендеуі. Сон­дық­тан, шынайы жарыс, адал бәсеке үдесінен шығуды өзінің өміршең стратегиясына балаған тәуелсіз еліміздің алдына қойған межесі биік, мақсаты нақты, бағыты айқын. Байзақ МОМЫНБАЕВ,  Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ректоры,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.