Әлемдік қаржылық дағдарыс кезіндегі Қазақстанның сауатты жүргізілген экономиканы дамытудың стратегиялық және тактикалық жоспарлау саясаты, уақытында қабылданған іс-шаралары дағдарыстың алғашқы толқынынан іркілмей өтуімізге мүмкіндік берді. Осы кезеңде әлеуметтік салада елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Жүздеген мектептер мен денсаулық сақтау нысандары іске қосылды, қалалар мен ауылдарда ондаған мың шақырым жолдар салынды, мыңдаған шақырым жылу, су, энергия желілері тартылды. Бұндай келелі жұмыстар әлі де жалғасуда.
Халықаралық қауымдастықтың бағалауы бойынша, Қазақстан өзінің дағдарысқа қарсы бағдарламасын табысты іске асырып қана қоймай, ел экономикасының дағдарыстан кейінгі серпінді дамуының ғылыми негізделген моделін алғаш қалыптастырған елдер қатарындағы бірден-бір мемлекет болып табылатыны біз үшін үлкен мәртебе. Модельдің негізіне үдемелі индустриялық-инновациялық даму идеясы қаланған. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айқындағанындай: “Өткен ғасырдың басында барлық мемлекеттерде болған индустрияландыру емес, инновациялық индустрияландыру”, яғни инновациялық көзқарас басымдыққа ие, ал ғылым мен алдыңғы қатарлы технология – инновациялық дамудың басты ұстыны деген сөз. Осы орайда еліміздің қарыштап дамуын қамтамасыз ететін түбегейлі индустриялық-технологиялық модернизациялаудағы қазіргі ғылымның рөлін қайта пайымдау мен зерделеу өзекті проблемаға айналып отырғанын айту парыз.
2010 жыл – Қазақстан қоғамы үшін ерекше жыл. Өйткені, осы жылы Қазақстан Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық қызметін бастады. Ресей, Қазақстан Кедендік одағына еніп, Болон процесі ұйымына мүше болды. Сонымен қатар Елбасы 2010 жылы 29 қаңтарда еліміздің 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы бағдарын айқындаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Кемел келешекті болжаған бұл Жолдау тарихымыздағы теңдесі жоқ мемлекеттік құжат екені даусыз.
Өміршеңдігін уақыт дәлелдеген “Қазақстан-2030” – бағдарламасы еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясы. Ал еліміздің 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына келсек, ол осы стратегияның құрамдас бөлігі – екінші кезеңі болып табылады. Қазір алдыңғы қатарға еліміздің 2014 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шығарылып отыр. Жалпы “Қазақстан-2030” бағдарламасы түгелдей жүзеге асса, еліміздің экономикалық дамуы әлем елдерінің алдыңғы қатарына шығатыны күні бүгіннің өзінде белгілі. Қазіргі Қазақстанның дамуы “Қазақстан-2030” бағдарламасының еліміздің болашағы үшін асқан даналықпен жасалған құжат болғанын дәлелдеді.
Жолдауда еліміздің тұрақты және теңгермелі дамуын қамтамасыз ететін факторлар атап көрсетілді. Олар: экономиканың жеделдетіліп әртараптандырылуы және оның бәсекелестік қабілетінің арттырылуы. Бұларға инновациялар арқылы, яғни тың идеяларды, ғылым жетістіктері мен жаңалықтарын ел экономикасының салаларында пайдалану немесе қолданысқа енгізу жолымен ғана қол жеткізілуі мүмкін.
Елбасы 2009 жылғы 4 қыркүйекте өткен Ғылым және ғылыми саясат жөніндегі кеңес мәжілісінде былай деген болатын: “Басымдықтары қатарында ғылым мен инновация екінші орында тұрған ел қандай да бір салада бірінші болмайды”. Бұл ақиқат сөз.
Елді индустрияландырудың Базалық картасына жалпы инвестиция көлемі 43,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 160 жаңа кәсіпорын енген. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жобаларының басым көпшілігі елдің өнеркәсіптік аймақтарында шоғырланған. Қызылорда облысында тау-кен саласы, мұнай-газ секторы, химия өнеркәсібі мен аграрлық индустрияны дамытуға арналған жобалар жүзеге асырылуға қабылданып отыр. Битум, асфальт, қиыршық тас және де басқа құрылыс материалдарын өндіретін зауыттарды, мұнай өңдеу және ілеспе газды өтелдеу кешенімен бірқатар аграрлық сектор кәсіпорындарын салу жобалары облыстың барлық аумағын қамтығанын атап өтуіміз керек.
Облыс көлемінде 2010 жылдың 1 тоқсанында құны 950,0 млн теңгелік 2 жоба жүзеге асырылды. Ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы 28 жобаны орындау көзделген.
Жоғарыда аталған бағдарламаның аясында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру пайда әкелетін өндірістерді жасауға ғана мүмкіндік беріп қана қоймай, ғылыми-технологиялық қолдау мен жоғары сапалы менеджменттің үлесі мол инновациялық, экономикалық сабақтастықтың дамуына серпін беретіні анық.
Өндірісті тұрақты құрылымдық жаңарту әрі ірі ғылыми идеялар мен әзірлемелерді ендіру бағдарлама жетістіктерін, оның сәтті орындалуын айқындайтын басты факторлар болып табылады.
Осы орайда мына фактіні айта кетпесек болмайды. Жоғарғы оқу орындары өзінің ғылыми зерттеулерінің негізгі көлемін өз бағдарламалары негізінде ішкі ресурстары есебінен жүргізіп келеді. Жоғары оқу орындарының ғылыми бағдарламалары мен кәсіпорындардың инновациялық жобаларының өзара байланысы әлі ойдағыдай емес. Сондықтан да бағдарлама аясында мына мәселелерге назар аударуымыз қажет:
1) ұсынылған жобаларға тыңғылықты ғылыми-техникалық және ғылыми-инженерлік сараптамалардың жасалуы;
2) жобаларды жүзеге асыру негізіне ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты дамыту механизмінің салынуы;
3) жобаларды жүзеге асыруда жаңа мазмұндағы инженерлік-техникалық кадрлар мен жоғары технологиялы өндіріс менеджерлерін даярлаудың маңыздылығы.
Жоғары технологиялы агроөнеркәсіпті жасауға бағытталған мемлекеттік стратегияны жүргізу Жолдауда баса айтылған еңбек өнімділігін кешенді түрде өсіру проблемасын ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үшін де аса қажет. Осы орайда жас мамандарды ауылға тарту, жастардың назарын техникалық және кәсіптік білім алуға аудару, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің қоғамдық рөлі мен маңызын арттыру және мемлекет тарапынан жастарға қолдау көрсетуге бағытталған “Дипломмен– ауылға”, “Селоның өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі”, “Жастар – кадрлар резерві”, “Жастар – Отанға”, “Қазақша сөйлейік!” атты іс-шараларды жүзеге асырудағы республика көлеміндегі оң тәжірибелерді зерделеп, кеңінен насихаттау – бәріміздің азаматтық парызымыз.
Ауыл – ұлтымыздың мәйегі. Бар байлықтың басы рухани байлық десек, ауылды серпілту мен дамыту арқылы ХХІ ғасырдағы қазақ руханиятының қабырғасын қатайтып, мемлекетімізге берік қорған жасаған болар едік.
Көптеген елдер өздерінің даму стратегиясын айқындау кезінде білім сапасын бірінші орынға қояды. Үздіксіз кәсіби білім беру жүйесінде жоғары білімнің орны айрықша. Өйткені, ол жалпы білім, ғылым, мәдениеттің тоғысқан жері әрі кәсіби машықтану алаңы. Бүгінде дүние жүзі мемлекеттері жаһандану үдерісіне үн қосып отыр. Бұдан білім жүйелері де тыс қалған жоқ.
Жолдауда отандық университеттер рейтингіне қатал талап қою, жоғары оқу орындарының халықаралық деңгейдегі қызметін жетілдіру туралы тапсырмалар берілді. Оқу орындары мен мамандықтарды халықаралық аккредиттеуден өткізу мәселесін де қадап айтты. Осы орайда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің “Қазақстандағы білім беру саласын қамсыздандыру” тәуелсіз агенттігімен институционалдық аккредиттеудің алғашқы кезеңін өткізу үшін келісім-шартқа отырғанын айту абзал. Аккредиттеу стандарттары негізінде басталған дайындық жұмыстары өзінің қисынды жалғасын табуда.
Қызылорда университетінің Еуропалық білім беру кеңістігіне кіру үшін (2005 жылы) университеттердің Ұлы Хартиясына қол қоюы Болон процесіне қосылуға бағытталған келелі қадамдардың бірі болды. 2010 жылғы 12 наурызда Будапештте Қазақстанның осы процеске мүше елдер қатарына қосылуы отандық білім беру жүйесіне үлкен жауапкершілік жүктейді. Университет ұжымы да осы бағыттағы жаңа белестерді бағындыруға тас-түйін жұмылып отыр.
Елдің интеллектуалдық капиталы мен қоғамның инновациялық әлеуеті тек қана білім арқылы келетіні белгілі. Осы тұрғыда университетіміз аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды нысандарының бірі деуге толық негіз бар. Университеттің аймақты жедел индустриялық-инновациялық дамыту міндеттерін жүзеге асыру үшін ғылыми және кадрлық әлеуеті жетеді. Бүгінде университетте 300-ден астам ғылым докторы мен кандидаттары қызмет атқаруда. Бұлардың көпшілігі аймақтың білім және ғылым саласындағы іс-шаралары мен экономиканы индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамыту жобаларын орындауға үлес қосып келеді.
Ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау ісі университет басшылығының басты назарындағы жұмыстардың бірі. Нақты айтар болсақ, соңғы екі жылда 6 докторлық, 59 кандидаттық диссертация қорғалды. Университет басшылығы биылғы жылы да ізденушілерге жан-жақты қолдау көрсетуді өз қызметінің басым бағытына айналдырып отыр. Ағымдағы жылдың аяғына дейін 10-ға жуық докторлық, 50-ден астам кандидаттық жұмыс қорғалады деген ойдамыз. 2010 жылы магистратурадан 100-ге жуық түлек шығару жоспарланған. Бұл көрсеткіштер аймақ экономикасында туындап отырған өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыдан шешуге көп септігін тигізетін фактор десек, артық айтқандық емес.
2009 жылдың қорытындысы бойынша 8 ғалым “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” мемлекеттік грантының иегері атанды. Бұл республика бойынша үздіктер қатарындағы көрсеткіш, университет ұжымы үшін шын мәніндегі үлкен мақтаныш.
Университеттерді еліміздің инновациялық дамуының қозғаушы күшіне айналдыру күн тәртібінде тұрған мәселе. Мемлекет басшысы университеттерді ел экономикасының қарқынды дамуына әрі интеллектуалды ұлттың қалыптасуына үлес қосатын, олардың қоғамдық абырой-беделінің бір өлшемі ретінде байыптағаны осыны көрсетеді.
Елбасының Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарында интеллектуалды мектептер ашу жөнінде берген тапсырмасы аясында 2012 жылы Қызылорда қаласында ашылатын интеллектуалды мектепке өз пәндерінен ағылшын тілінде дәріс бере алатын мамандар даярлау үшін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жаратылыстану бағытындағы мамандықтардың 3-курсынан 30 студентті таңдап алып, қазіргі таңда оларға қосымша ағылшын тілін тереңдетіп оқыту курсын жүргізіп жатыр.
Елбасы Жолдауында 2015 жылға қарай Ұлттық инновациялық жүйенің толыққанды жұмыс істеуі мен олардың елде енгізілген талдаулар, патенттер мен дайын технологиялар түрінде өз нәтижелерін беруі тиістілігі атап көрсетілген. Бұл бағытта университеттің көптеген жылдар бойы жинақтаған ғылыми-инновациялық тәжірибесі мол. Оқу орнында ғылыми жұмыстар іргелі және қолданбалы бағытта аймақтың экономикалық, мәдени-әлеуметтік ерекшеліктерін барынша ескеріп жүргізілуде. Соңғы екі жылда университет ғалымдарының 100-ден астам жаңалықтары оқу процесіне және практикалық айналымға енгізілгені осы айтқандарымыздың дәлелі. Осы кезеңде зерттеулердің нәтижесі бойынша ғалымдарымыз 30-дан астам монографиялар мен оқулықтар жариялап, 12 патент иегері атанды.
Серпінді жаңалықтар мен инновациялар жасауда өз ғылыми базамызды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстанда бүгінге дейін 5 ұлттық, 15 университеттік инженерлік бағыттағы зертхана ашылуы осының айғағы. Осы бағытта біздің университетке инженерлік зертхана ашу үшін мемлекет тарапынан 200 млн теңге бөлінді. Зертхана заманауи 10 қондырғымен жабдықталды. Бүгінде барлық қондырғы тиісті өкілетті органдардан аттестаттаудан өтті және зертхана бірқатар қызмет түрлеріне лицензия алды. Білім және ғылым министрлігінің арнайы комиссиясы 2009 жылы университетте болып, зертхананың жұмысына өзінің оң бағасын беріп кетті.
Зертханалық кешен студенттер мен оқытушылардың ғылыммен шұғылдануына, облыс көлемінде түрлі шаруашылық және өнеркәсіп салаларының бәсекеге қабілетті зерттеулер жүргізуіне қазірдің өзінде кең мүмкіндік тудыруда.
Осы орайда серпінді жаңалықтар мен инновациялардың ғылыми базасы ретінде ашылып, жабдықталған инженерлік бейіндегі ұлттық және университеттік зертханалардың ағымдағы қызметін халықаралық стандарттар деңгейінде қамтамасыз ету үшін оларды мемлекеттік бюджеттен базалық қаржыландыру мәселесі шешілсе орынды болар еді.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, жаңа технологияларды ендіруді жеделдету әрі инновацияны қолдау мақсатында жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар, өндіріс пен бизнес құрылымдарының қатысуымен құрылатын технопарктер өрісін кеңейту де біз үшін өзекті мәселе.
Университетте ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға бағытталған құрылымдық өзгерістер жүйелі жүргізілуде. Жақында ғана “Қолданбалы зерттеулер” ғылыми орталығының ашылуы – осының нақты көрінісі.
Үстіміздегі жылы бір топ ғалымдарымыз Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Бүкіләлемдік банктің “Қызылорда облысы жағдайында топырақсыз субстратарда бақша дақылдарын өсіру технологиясын ендіру жөніндегі білімді тарату мен беру” тақырыбындағы құны 4,5 млн теңге тұратын грантын жеңіп алды. Сонымен қатар ғалымдарымыз наурыз айында Ғылым комитеті жариялаған ынталы және тәуекелшіл ғылыми зерттеулерді орындауға арналған гранттар конкурсына көмірсутек және тау-кен секторына арналған технологиялар; ядролық технологиялар және жаңаратын энергетика технологиялары; ақпараттық және ғарыштық технологиялар; Қазақстанның тұрақты дамуының негізі ретіндегі ұлттық идеяның басым бағыттары бойынша 7 жоба ұсынғанын қанағаттандық сезіммен айта аламын.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласы – білім беру жүйесіндегі елеулі буын. 2002 жылы ашылған университет колледжінде бүгінгі күні 22 мамандық бойынша барлығы 2466 оқушы білім алуда. Биылғы оқу жылында мемлекеттік “Жол картасы” бағдарламасы бойынша күндізгі оқыту нысанына 730 оқушының қабылдануы – жастарға жасалған үлкен қамқорлық.
Сонымен қатар, университет жанынан құрылған жұмысшы мамандығына бағытталған бастауыш кәсіби білім беру орталығы аймақтың стратегиялық мәні бар көкейкесті проблемаларын шешуге өз үлесін қосып келеді. Өткен оқу жылының өзінде 700-ге жуық адам оқытылып, 30 млн. теңгеден астам қаржыға қызмет көрсетілді. Соның ішінде, мемлекеттік “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 8 мамандықты қамтыған 220 жұмыссыз жастар қайта маманданудан өтті.
“Батыс Еуропа – Батыс Қытай” дәлізі құрылысы аясында облыс көлемінде биылғы жылы 11 жоба жүзеге асырылатыны белгілі. Осы жобаларды орындауға университет ғалымдары мен студенттерін кеңінен қатыстыру мәселесі қаралуда және аталған дәліз жұмыстарын жүргізу үшін қажет мамандарды даярлау немесе қайта даярлау процесіне де атсалысатын боламыз.
Ғалымдардың ғылым салалары бойынша көп жылғы зерттеулерін қорытындылау, ғылымды дамытып, жетілдіру бағытындағы өзекті мәселелер бойынша ұсынымдарын құзыретті органдарға жеткізу мақсатында университет базасында ғылыми іс-шаралар ұйымдастырып отыру – үзілмейтін үрдісіміз. Соңғы екі жылдың өзінде 10-нан астам ғылыми конференциялар мен форумдар: оның 4-уі халықаралық, 5-уі республикалық деңгейде өткізілгенін айтсақ та жеткілікті.
Ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру бағытында атқарылар шаруалар әлі де көп. Елбасы бастамасымен қолға алынған ғылыми жобалар мен зерттеулерді қаржыландыруды оңтайландыру жұмысы – отандық ғылымды дамытудағы үлкен бетбұрыс. Келелі ғылыми зерттеулерді қаржыландырудан өндірістік компаниялар тыс қалмаса игі. Сонда ғана Қазақстан экономикасы дамыған елдер қатарынан берік орын алатын болады.
Қазақстан ғылымын дамытудың жаңа моделін қалыптастыру бағытындағы ғылыми қауымдастық, зиялы қауым тарапынан айтылған ұсыныстар жаңадан қабылданатын “Ғылым туралы” заңда көрініс табатынына сенім мол.
Озық технологиялы индустрия негіздерін жасау, адами ресурстар мен инфрақұрылымды дамыту, экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру арқылы Қазақстан экономикасының дағдарыстан кейінгі орнықтылығы мен өсуін басқаруға бағытталған мемлекет саясатына барынша қолдау көрсетуіміз қажет.
Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына енуге бетбұрыс жасауына және Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері арасындағы Бірыңғай экономикалық кеңістіктің алғашқы қадамы болып табылатын Кедендік одақтың құрылуына байланысты елімізде өндірілетін тауарлардың қазақстандық мазмұнын арттырудың жаңа мүмкіндіктері мен оларды пайдалану жолдарын зерделеуге бағытталған арнайы ғылыми зерттеулер ұйымдастыру – күн тәртібіндегі мәселеміз.
Жолдауда айтылғандай, мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті дамуының кепілі – отандық білім мен ғылымның жаңа жағдайға сай өркендеуі. Сондықтан, шынайы жарыс, адал бәсеке үдесінен шығуды өзінің өміршең стратегиясына балаған тәуелсіз еліміздің алдына қойған межесі биік, мақсаты нақты, бағыты айқын.
Байзақ МОМЫНБАЕВ, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.