Бизнес • Бүгін, 09:35

Астана: Бизнес қанат жайып келеді

13 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл жыл басынан бері елордада шағын және орта бизнестегі кәсіп­керлердің 1 658 жобасы жүзеге асқан. Қалада «Астана бизнес-2» өңірлік бағдарламасы жұмыс істейді. Ол бойынша елордада тіркеліп, жобасын осы қалада іске асыратын кәсіпкер­лер 7 пайызбен несие алуға қол жеткізеді.

Астана: Бизнес қанат жайып келеді

Суреттерді түсірген – Игорь Бургандинов

Нақты деректерге сүйенсек, осынау жо­балардың жүзеге асуына себепші болып отырған «Даму» қоры Астанадағы шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлерге жалпы сомасы 69,6 миллиард теңгемен қаржылай қолдау көрсеткен. Оның қатарында, субсидиялау құралы бойынша кәсіпкерлердің 57,1 миллиард теңгеге 998, кепілдік беру ұстанымымен 12,5 миллиард теңгеге 660 жобасы мемлекеттен қолдау алды. Ал 146 жоба 11,3 миллиард теңгеге жеңілдікпен несие алуға қол жеткізген.

«Даму» қоры шағын және орта бизнеске субсидия мен кепілдік беріп, жеңілдікпен қаржыландырады. Субсидия кәсіпкер не­сие­сінің пайызын азайтады. Нәтижесін­­де, кәсіпкерлер үнемделген қаражатпен ісін әрі қарай дамытуға жұмсай алады. Ал бизнес ашуға немесе кәсібін дамытуға несие аларда банк талап еткен кепілмүлік аз болған жағдайда қор кепілдігі көмектеседі.

«Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік саясат аясында, ұлттық даму институты ретінде «Даму» қоры өңірлердегі кәсіпкерліктің дамуына барынша ықпал етеді. Ол өз кезегінде экономикалық дамуға елеулі әсер етеді. 2010 жылдан қазірге дейін өңірімізде мемлекет­тік қолдауға ие болған кәсіпкерлер 17,5 мың жұмыс орнын ашып, мемлекетке 651 мил­лиард теңге салық төледі», деді «Даму» қо­рының Астана филиалы директоры Светлана Назарюк.

Таяуда «Даму» қорының ұйымдасты­руы­мен өткен пресс-турда БАҚ өкілдері Аста­надағы әлеуеті зор төрт бірдей  кәсіпорын жұмысымен танысты.

«Анель» жеке кәсіпкерлігі 2018 жылдан бері «Gastronomy LAB» брендімен пайдалы нан-тоқаш өнімдерін өндіріп келеді. Кәсіпкер Анель Камалқызы ашқан «Gastronomy LAB» нан өндірісінде жиі кез­десетін жасанды ашытқысыз, консервантсыз және басқа химиялық қоспаларсыз пісіреді. Нау­байханада нан өндірудің бүкіл үдерісі тірі ашытқыны қолдана отырып, ұзақ табиғи ашыту әдісіне негізделген. Бұл нанға ерекше дәм мен текстураны алуға ғана емес, сонымен қатар сапаны жоғалтпай ұзақ сақтау мерзімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазір компанияда 8 адам жұмыс істейді. Кәсіпкер биылғы жылы өндірісті кеңейтіп, наубайхана цехына жаңа жабдық сатып алу үшін «Банк ЦентрКредит» АҚ-дан несие алды. «Даму» қоры несие пайызын субсидия­лап, кепілдік беру арқылы қолдау көрсеткен.

«Соулфлай» жеке кәсіпкерлігі өз қызметін 2016 жылы бастаған екен. Компания полистиролдан жасалған сәнді люстралар, шайыр тұтқалары, кофе үстелдері және антикварлық айналар өндірісімен айналысады. Бизнесті ерлі-зайыптылар жүргізеді. Олар барлық өнімді өз қолдарымен жасайды.

Компания бастапқыда жалға алын­ған ғимаратта жұмыс істеген. Алайда бизнес­тің кеңеюіне байланысты дизайнерлік бұйымдарды өндіру үшін жеке ғимарат сатып алды. Ол үшін кәсіпкерлер «Банк Центр­Кредит» АҚ арқылы несиеге тиімді несиеге қол жеткізді. «Даму» қоры несие пайы­зын субсидиялау арқылы жәрдемдесті.

ке

Әлия Ғалиева ашқан «Ocean child» жеке кәсіпкерлік те екі жылдан бері бала­­лар­ға қолжетімді және инклюзив кеңіс­т­ік құрумен айналысады. Компания денсау­лықты нығайтуға, иммунитетті сақтауға, сон­дай-ақ балалардың жағымды әдет-әдебін қалыптастыруға ықпал ететін жүзу мен массаж қызметтерін ұсынады. Компания жұмы­сының маңызды бағыты – дені сау балаларға ғана емес, ерекше қажеттілігі бар балаларға да қол жетімді қызмет ұсыну. Қазір компа­­ния­да 11 адам жұмыс істейді. Қызмет көрсету сапасын арттыру мен өсіп келе жатқан сұра­нысты қанағаттандыру мақсатында жұмыс тобын, оған қоса қажетті инфрақұрылымды одан әрі кеңейтуді жос­парлап отыр.

Компания «First Heartland Jusan Bank» АҚ арқылы несие алып, өзіне қолайлы ғимарат сатып алуға қол жеткізді. Өз кезегінде «Даму» қоры несие пайызын субсидиялап, жұмысын одан әрі өрістетуіне қолдау білдірді.