01 Ақпан, 2015

Джокович бес дүркін жеңімпаз

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Novak Djokovic|atpd643АСТАНА. 1 ақпан. Теннистен Австралия ашық біріншілігін әлемнің бірінші ракеткасы, сербиялық Новак Джокович бесінші мәрте жеңіп алды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Новак биылғы сайыстың финалында ұлыбританиялық Энди Марреймен кездесті. Төрт сетке созылған тартыста серб теннисшісі 3:1 есебімен басым түсті. Алғашқы екі кезеңде қарсыластар жеңімпазды тай-брейк арқылы анықтады. Бірінші сетте Джоковичтің жолы болып 7:6 (7:5) есебімен кезеңді өз пайдасына шешті. Ал келесі сәтте Маррей 6:7 (4:7) есебімен жеңіске жетіп, таразы басын теңестірді. Десек те, соңғы екі сетте британиялық бар білгенінен жаңылып, бірнеше өрескел қателіктерге жол берді. Нәтижесінде, үшінші сет 6:3 есебімен сербтің пайдасына аяқталды. Бұл кезең небәрі жарты сағатқа созылғанын айта кетейік. Ойын тағдырын да шешкен сәт осы кезең болды. Себебі, төртінші сетте Маррей мүлдем қарсылық көрсете алмады. Тіпті, өз добынан да ұпай ала алмаған ол қарсыласына 6:0 есебімен есе жіберуге мәжбүр болды. Осымен Маррей Джоковичтен 16-рет жеңіліп отыр. Қос теннисші бүгінге дейін кортта 24 мәрте кездессе, соның 8-інде ғана Маррей жеңіс тойын тойлаған. Тіпті соңғы 9 кездесуде британиялық бір мәрте ғана Джоковичтің осал тұсын тапқан екен. Тағы бір қызықты жайт, бұл қос қарсыластың Австралия ашық біріншілігіндегі 3-финалы. Маррейдің өкінішіне қарай, барлығында сербтің бағы басым болды. Сондай-ақ, Ұлыбритания теннисшісі үшін бұл Мельбурндегі 4-финал екенін де айта кетейік. Үшеуінде жолына Джокович тосқауыл болса, бір мәрте швейцариялық Роджер Федерерден жеңілген. Ал Новак Джоковичтің бұл Австралия ашық біріншілігіндегі 5-жеңісі. Ол бұған дейін 2008, 2011, 2012 және 2013 жылдары Мельбурн төрінде топ жарған еді. Бұрын-соңды аталмыш турнирде мұндай жетістікке ешкім жетіп көрмеген. Сонымен қатар, аталмыш жеңіспен Джокович «Үлкен дулыға» сайыстарының 10 дүркін жеңімпазы атанды. Ал Маррейдің еншісіндегі мұндай жеңістің әзірге екеуі ғана бар. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: ausopen.com.Novak Djokovic|atpd643