Сурет: ru.freepik.com
Зауыттың өнім өндіру қуаты айына 6 000 дана дайын жиһаз жасау. Өнімдері еліміздің барлық аймағына сатылымға шығарылады. Нарыққа «Beren» брендімен таралатын отандық жиһаздың жоғары сапаға ие боларына еш күмән жоқ. Зауыттың іске қосылуына «NAT Invest» ЖШС тарапынан 250 млн теңге жеке инвестиция тартылған. Сондай-ақ өндіріс орны Қытайдан алынған ең соңғы үлгідегі өнеркәсіптік жабдықтармен жабдықталған. Зауытта еңбек ететін жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Мұнда енді тұрақты түрде 30 жазасын өтеуші еңбек етіп, әлеуметтік қолдауларға ие болмақ.
Зауыттың ашылу салтанатында Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары М.Сабыров, «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Е.Жақыпов, Алматы облысы бойынша мекемелерде қылмыстық жазалардың орындалуын қадағалау және заңдылығы жөніндегі мамандандырылған прокурорының өкілі Д.Балғабек сөз сөйлеп, жазасын өтеп жүргендерді еңбекке тарту, олардың болашақтағы өміріне оң әсерін тигізетінін алға тартты. «Жазасын өтеушілердің еңбекке араласуы – уақыттарын тиімді өткізумен қатар, жиһаз жасаудағы шеберліктерін шыңдап, кәсіпті игеруіне септігін тигізетін болады.
Түзеу мекемесіндегі мамандардың сөзінше, онда 33 жеке кәсіпорын жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындарда 600-ге таяу жазасын өтеп жатқан азамат еңбек етеді. Оларға 85 мың теңге көлемінде жалақы беріледі. Қатаң күзетілетін аймақта орналасқан ғимараттар тегін беріліп, арзан жұмыс күшімен қамтылады. Сондықтан түрмеде өндірістік нысан ашу кәсіпкерлер үшін тиімді екендігі тілге тиек болды. Жазасын өтеушілер тапқан табысы есебінен мемлекет немесе жеке тұлғалар алдындағы қарызын қайтарады. Мұндай мүмкіндік олардың жазасын жеңілдетумен қатар, бостандыққа шығу мерзімін жақындата түседі.
Алматы облысы