Сурет: 7-su.kz
Қазіргі күні әлемдік геосаяси ахуал – алаңдатарлық жағдайда. Жан-жағымызда түрлі қақтығыс болып жатыр. Саяси тұрақсыздық, трансұлттық қылмыстар, террористік қауіп-қатер, есірткі айналымы секілді кез келген мемлекеттің шаңырағын шайқалтуы мүмкін келеңсіздік көп. Мұндай кезде жалғыз жортқанның шаңы шықпайтыны белгілі. Сондықтан көршілес, тағдырлас, тарихи тамырлас елдер тізе қосып, әрекет қылса, алынбайтын қамал жоқ.
Қазақ елі өз тәуелсіздігі мен егемендігін сақтау жолында «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің артық» деген ата-баба өсиетін берік ұстанып, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ секілді халықаралық ұйымдарға белсенді қатысып келеді. ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айналамызда болып жатқан ахуалды жіті қадағалап, қауіпсіздік мәселесін үнемі көтеріп, көзден таса қылмай жүр. Бүгінгі елордамызда өткен басқосу да ел іргесін бекітуге бағытталған үлкен қадам болды.
Тағы бір айта кетер жайт, Қазақ елі әлемдегі орта державалардың қатарына енді. Қазіргі таңда халықаралық жағдайда көп мәселені орта державалар шешіп жатыр. Біз де бүгінде алпауыт мемлекеттер мен шағын елдер арасында алтын көпір болып, қауіпсіздік шарттарының қабылдануына септігімізді тигізіп келеміз.
Биыл еліміздің ұйымға төрағалық етуі кезінде ұйымның жарғылық органдарының отырыстары, әскери оқу-жаттығу жиындары және алдын алу операциялары жоспарлы түрде ұйымдастырылып, қауіпсіздік кеңесі хатшылары мен парламент спикерлерінің деңгейінде кездесулер өтті. Ұйымның қосымша және жұмыс органдарының кеңестері өткізілді. Бірқатар маңызды құжат қабылданды. Олар халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс саласындағы ықпалдастық, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздіктің өзекті сын-қатерлері мен қауіптеріне қарсы іс-қимыл мәселелерін қамтыды.
Біз Астанада өткен жиын арқылы кез келген қауіп-қатерге тізе қосып қарсы тұра алатынымызды тағы бір дәлелдедік. Жиын қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдап, бірқатар құжатқа қол қойғаны белгілі. Атап айтқанда, Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы, Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына байланысты мәлімдеме қабылданды. Келесі жылы осы айтулы датаға орай ұйымдастырылатын мерекелік іс-шаралардың жоспары бекітілді.
Қабылданған құжаттар ұйым мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін барлық мүше мемлекеттердің мүддесіне сай кешенді түрде дамытуға бағытталған. Тағы қайталап айтсам, соның ішінде еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға бағытталып отыр. Ел басына күн туса, жаныңнан табылар жақтастарың болғаны жөн екенін уақыттың өзі дәлелдеп тұрғаны – ақиқат.
Ғалиасқар САРЫБАЕВ,
Сенат депутаты