Қаржы • 29 Қараша, 2024

Қаржы нарығы қалай реттеледі?

94 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Алматыда XII Қаржыгерлер конгресінде қаржы секторын либерализациялау мәсе­лелері мен оның экономикалық өсімге қалай әсер ететіні, ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымы мен цифрлық теңгені дамыту перспективалары да сараланады.

Қаржы нарығы қалай реттеледі?

Конгресс жұмысына қатысқан Ұлт­тық банк төрағасы Тимур Сүлей­меновтің айтуынша, елдегі инфля­ция төмендемей базалық мөлшерлеме жо­ғары болып қала береді. Инфляция 5%-­ға де­йін баяуламайынша, базалық мөлшер­ле­ме 9–10%-ға дейін төмендемейді. Ал бұл жағдайда банктердің 11–12%-бен несие беруіне еш мүмкіндігі жоқ. «Қаржы экспансиясы мен жоғары инфляция жағдайын­да мөлшерлемені кенеттен төмендетеміз деп күтудің қажеті жоқ. Мұндай әрекетке бар­маймыз. Өз мандатымызды ешқашан ұмытпаймыз, өйткені біз бұған Үкімет алдында ғана емес, ел алдында жауаптымыз», деп атап өтті Т.Сүлейменов.

ҰБ басшысының айтуынша, Үкімет ең алдымен инфляция мәселесін, бюджет шығынын қысқарту мен кірісін ұлғайту, Ұлттық қордан шамадан артық қаржы алмау мәселесін ше­шіп алуы тиіс. Салықты көбейтудің салмағы ауыр болып тұр. Бірақ бұдан өзге жол жоқ. Инфляцияны бақы­лауға алып, мемлекеттік қаржыны реттемей, жүйелі тәртіп орнатпайынша, бұл мәселе шешілмейді. «Мемлекеттік деңгейде қабылданған шешімдер ауыр болады. Қысқа мерзімде кейбір мемлекет­тік шығындар­ды қысқарту, кірісті арттыру қажет болады. Кірістерді арттыру деге­німіз – ашық айтқанда, салықты көбейту, жекешелендіру, мемлекеттік активтерді сату, мемлекеттік резервтерді арттыру. Қазір ақша-несие әрі салық-бюджет саясатын үйлестіріп жатыр. Қазақстан үшін инфляция мен мемлекет­тік қаржыны ретке келтіру маңызды. Бұл үл­кен экономикалық серпіліс жасауға қажетті алғышарттарды қалыптастырады», дейді Т.Сүлейменов.

Нарықтағы құбылмалы­лықтың жоға­ры­лығы, сауда қатынастарындағы қазіргі және алда болуы мүмкін өзгерістер, келер жыл­ғы қаңтардан бастап капиталдардың қай­та бөліну ықтималдығы – тұтас елді өз эко­номика­лық стратегиясын қайта қарауға, жаңа жағдайларға бейімделуге мәжбүр етіп отыр.

«Тәуекелдер мен сын-қатерлерге байланысты мемлекеттер «ойын ережелерін» бейімдеуге қатысты ауқымды міндет тұр. Бұл ретте жаңа технологиялар мен сау­да тәртібіндегі, әлемдік экономика құ­ры­лымындағы өзгерістер ескерілуі керек. Транс­­формация тек қаржы нарығы мен оның қа­ты­сушыларынан ғана емес, қаржы рет­теу­шілерінен де икемділікті талап етеді», ­дейді Ұлттық банк төрағасы.

Бұл ретте Т.Сүлейменов Ұлттық банктің валюталық интервенция жасауға дайын еке­нін, доллар бағамы қаншаға жеткенде нарық­қа араласатынын ашып айтқан жоқ. Бірақ құбылмалы бағам макроэкономикалық жағ­дайды тұрақтандыру үшін маңызды тетік болып қала беретінін қаперге салды. Алай­да Ұлттық банк басшысының айтуынша, әлем­де валютаның ауытқуына әсер ететін бел­гісіздік бар. «Доллар Трамптың риторикасы, алғашқы шешімдеріне байланысты күш алып жатыр. Макро орта тек теңге үшін ғана емес, доллардан басқа барлық валюталар үшін де қиындықтар туғызып отыр. Қазір 1 доллардың 500 теңгеге қымбаттап кетуі психологиялық көрсеткіш. Бірақ доллар 300, тіпті 400 теңге болғанда да осындай алаңдаушылықтар болған, бірақ ол кезден де өттік. Мен психологиялық триггерлерді жақ­сы түсінемін», деді Т.Сүлейменов.

Ұлттық банк басшысы айтып өткен­дей, қаржы секторы бүгінде ел экономикасы­ның цифрлануы жолында қозғаушы күшке айналып отыр. Кейінгі 5 жылда халықтың қолма-қол ақшасыз транзакциялары 10 есе өсіп, бөлшек сауда айналымындағы үлесі 90%-ға жетті. Цифрлық арналар қар­жы­лық қызмет көрсетудің негізгі әдісіне айналды. Мобильді банк қосымшалары электрондық коммерция, «GovTech» пен басқа да салалар үшін маңызды интер­фейске айналды. «Сонымен қатар әлі де реттеу қажет мәселелер бар. Елімізде не­сие­ні пайдалану деңгейі төмен. Несиелеу портфелі ІЖӨ-дегі үлесі –26,7%. Бұл – басқа дамушы экономикаларға қарағанда әлдеқайда төмен көрсеткіш. «Несие порт­фелі құрылымына байланысты белгілі бір мәселелер бар: корпоративтік кредиттеу­дің өсу қарқыны бәсеңдеп, тұтынушылық ­кредит көлемі айтарлықтай өсіп келеді» ­деді
Т.Сүлейменов.

Банктер туралы жаңа заңды әзірлеу туралы бастаманы алғаш рет 2024 жылғы қыр­күйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айт­қан болатын. Ол республикада цифрлық актив­тер айналымы және банк саласында инно­вацияларды қауіпсіз енгізуге тұрақ­ты реттеуші орта құру маңызды деп санайды. «Бізге экономикалық белсенділікті ынталан­дырудың, финтех-секторды одан әрі қарқынды дамытудың өзекті міндеттеріне жауап беретін банктер туралы жаңа заң қажет. Қолданыстағы заң­ға 30 жыл болды, ол мүлде басқа жағдайда қабылданды», деп атап өтті Президент.

Т.Сүлейменовтің айтуынша, банктер туралы жаңа заңды әзірлеу үшін бірге жұмыс істеп, жіті талдау жасап, конструктивті диалог құра білуіміз қажет.

«Halyk Bank» басшысы Үміт Шаяхме­това Т.Сүлейменовтің «конструктивті диалог құра білуіміз қажет» деген ұсынысын қолдайтынын айтты. Бірақ оның айтуынша, банктердің атына сын айта берудің қажеті жоқ. Тек кейінгі онжылдықтарда ғана банк заңнамасына 180-нен астам өзге­ріс енгізілді. «Банк жұмысын реттейтін заң­дарға өзгерістер емес, керісінше, банк заң­намасынан заңға тәуелді актілерді алып тастап, көбірек өкілеттіктерді реттеу­ші ор­гандарға жүктеу қажет. Тұрақты өсімді қам­тамасыз етуге Ұлттық банк экономиканы ынталандырудың қолжетімді тәсілдерін шектеп, Ұлттық қорды жабуы керек», дейді Ү.Шаяхметова.

Оның айтуынша, кейінгі 10 жылда екінші деңгейлі банктер қатаң реттеуден өтті. «Егер мемлекеттің міндеті сектордағы ойыншылар санын арттыру болса, онда банктердің бастапқы рөлін ұмытпау керек. Банктің рөлі несиелеу, депозиттерді қабылдау, сақталуын қамтамасыз етумен байланыстырылады. Егер біз лицензияларды оңға-солға беріп, депозиттер жинай бастасақ, тағы біреулер үшін жеңілдіктер жасасақ, онда депозиттердің сақталу дағдарысына тап боламыз» деді «Halyk Bank» басшысы.

Ү.Шаяхметованың айтуынша, Ұлттық банк пен Үкіметтің жұмысын үйлестіру де маңызды. «Біз Үкімет пен Ұлттық банк ара­сындағы бірлескен жұмыстарсыз несие­леу қор­жынын ұлғайта алмаймыз. Инфля­ция мен базалық мөлшерлеме де жоғары. Сон­дықтан банктер бизнеске 18%-дан кем емес несие ұсына алады. Мұнан кейін кәсіпорындар мемлекеттік субсидияларға, «Бәйтерек» холдингі сияқты құрылымдар­ға жүгінуге шешім қабылдайды. Егер банк­тердің қаржыландыруға қанша қаражат жұм­сайтынын талдап, экономикадағы мем­лекет­тік қаржыландыру үлесімен са­лыстырсақ, мемлекеттік ақшаның үлесі банк­тік несиелерге жақындап қалуы мүмкін. Мем­лекет үлесі Ұлттық қор трансфері ар­қылы да өсіп барады. Несиелендірудегі негізгі рөл банктерде қалуға тиіс», деп атап өтті Ү.Шаяхметова.

«Halyk Bank» бас кеңсесін Алматыдан Астанаға көшіру мүмкіндігін қарастырып жатыр» деген пікір журналистер арасында арагідік болса да айтылып қалатын. Ү.Шаяхметова «Halyk Bank»-тың Астанаға көшуі бірнеше жылға созылуы ықтимал кезеңдік үдеріс екенін, тіпті көшпеуі де мүм­кін екенін де жоққа шығармады. «Егер Ұлт­тық банк елор­даға көшпеген болса, бізде он­дай ой болмас еді. Оның үстіне мәселелердің ­басым бөлігі Астанада шоғырландырыл­ға­нын түсіндік. Банк ретінде экономика­ның нақты секторын көп қаржыландырамыз, сондықтан осын­дай қажеттілік пайда болды», дейді Ү.Шаяхметова.

Банктер туралы жаңа заңның жобасын 2025 жылғы мамырға дейін аяқтау қажет­тігі осыған дейін айтылған болатын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, жұмыс тобы құрылды, халық­ара­лық қаржы институттары: ЕҚДБ, ХВҚ, Дүниежүзілік банк, отандық нарықтың кон­сультанттары мен сарапшылары тартыл­ды. «Заңның мақсаты – қаржы секторында ­инновацияларды дамыту үшін жағдай жасау. Сондай-ақ біздің міндетіміз – экономиканы несиелендірудің өсуіне жағдай жасау», деп атап өтті М.Әбілқасымова.

Оның айтуынша, банктерге лицен­зия­ның екі түрі: әмбебап әрі базалық түрі керек. Сондай-ақ исламдық қаржыландыру­ды дамытуға да баса назар аударылады. «Жа­қында» «Al Hilal Bank» ислам банкі ADCB деп өзгертілді. «Бұл банк әмбебап банк операцияларын да жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Біз дәстүрлі банктерге «ислам терезелерін» ашуға мүмкіндік беретін өзгерістерді заңнамаға енгізуді ұсынамыз» дейді ҚНДРА төрағасы.

Ол сондай-ақ банк секторын реттеу мәсе­лесін қозғады. Банктерді реттеудің жаңа жүйесін енгізу және реттеудің артық «нор­маларына ревизия жүргізу жоспарланып, несиелік рейтингтік агенттіктер туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Біз барлық үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес келетін ұлттық рейтингтік агенттік құрғымыз ке­леді. Бұл отандық шағын және орта бизнес субъектілеріндегі рейтингтік бағалаудың қолжетімділігін арттыруға, олардың қор нарығына шығуын ынталандыруға мүмкіндік береді» дейді М.Әбілқасымова.

ҚНДРА басшысы елімізде филиалдарын ашқысы келетін шетелдік бас банктер үшін шарттарды жеңілдетуге қатысты нор­малардың беталысы туралы да айтып берді. Түзетулердің бұл блогі банктер туралы жаңа заңнан бөлек қаралатын болады. «Біз нормалардың тезірек күшіне енгенін қалай­мыз. Бұрынғысынша, филиал ашуды жос­парлап отырған шетелдік банктің активтері кемінде 10 млрд доллар болуы тиіс деп болжап отырмыз» дейді М.Әбілқасымова.

Мәдина Әбілқасымова, қаржы нары­ғындағы трендтер мен перспективалар туралы айтып өтті. «Цифрландыру жасанды интеллект, үлкен деректер, блокчейн техно­логияларын енгізумен қаржы секторын трансформациялауды жалғастырып жатыр. Бұл үдерістерді оңтайландыруға, клиенттік сервисті жақсартуға, операциялық шығындарды төмендетуге көмектеседі» дейді ҚНДРА төрағасы.

Конгресс жұмысы барысында Ұлттық банк пен Ұлттық төлем корпорациясы барлық екінші деңгейлі банктер үшін бірыңғай QR-кодты енгізу бойынша қанат­қақты жобаны іске қосты. Бұл жоба бизнеске бірнеше терминал сатып алудан бас тартуға мүмкіндік береді. Енді азаматтар тауарлар мен қызметтерді сатып алу үшін бір QR-код арқылы төлей алады. Жоба­ны масштабтау 2025 жылға жоспарланып отыр.

 

АЛМАТЫ