02 Ақпан, 2015

Қостанайда кәсіпкерлер студенттерге дәріс оқиды

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_5080ҚОСТАНАЙ. 2 ақпан. Рудный индустриялық институтында «Студенттер мен кәсіпкерлер альянсы» деген пилоттық жобаның ашылу салтанаты болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Студенттер мен кәсіпкерлер альянсының салтанатты ашылу рәсімі аясында қарамағындағы бизнес-мектептің алғашқы отырысы өтті. Оған студенттермен қатар рудныйлық кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлікті қолдау орталығы мен шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. «Қазақстан-2050» стратегиясында кәсіпкерлікті ұлттық экономиканың жетекші күші ретінде жан-жақты қолдау әрі шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2030 жылға қарай екі есеге арттыру міндеті қойылды. Алайда, жастар арасында кәсіпкерліктің бүгінгі жағдайы туралы айтқанда, шешімін таппаған көптеген мәселелер ойға оралатыны анық. Соның ішінде колледж немесе университет қабырғасында жүрген жастарға кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерту – Елбасы қойып отырған маңызды тапсырмалардың бірі. Осы пилоттық жобаның авторы, институттың тәрбие ісі жөніндегі проректоры Жасұлан Алпысбаев білім ордасының түлектері болашақта өз ісін ашатын табысты кәсіпкерлердің қатарына қосылу үшін барлық жағдайды жасайтынын айтады. Студенттер мен кәсіпкерлер альянсының төрағасы Жалұлан Алпысбаев: «Бизнес-мектепте студенттеріміз экономиканың нақты секторында жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерден теориялық және практикалық білім алады. Ең бастысы, оқыту тегін және мектепті сәтті тәмамдаған түлекке арнайы сертификат беріледі» деді. Кездесуде Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасы Рудный филиалының директоры Серікбай Әбілғазиев пен кәсіпкерлікті қолдау орталығының менеджері Ольга Прядко игі бастамаға табыс тілеп, өз тарапынан студенттерге ақпараттық және консультациялық көмек көрсетуге әрдайым дайын екендіктерін жеткізді. Кездесу соңында бизнес-мектептің бір топ тыңдаушылары көкейдегі сауалдарына кәсіпкерлер жауап берді, пікір алмасты. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет egemen.kz. IMG_5052 IMG_5063