Сауда • 29 Қараша, 2024

Қарағандыда жаңа маркетплейс жұмысын бастады

77 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағандыда жаңа Teez маркетплейсі өз жұмысын бастады. Оның негізгі артықшылығы - тапсырыстарды бір күн ішінде жеткізу. Тапсырыс беру пункттері елдің 24 өңірінде ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағандыда жаңа маркетплейс жұмысын бастады

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бүлекпаевпен бірге электронды сауда алаңының бірлескен қоймасын аралап көрді. Оларға барлық логистика жолдары көрсетіліп, іске қосу нәтижелері мен отандық маркетплейстің алдағы жоспарлары туралы баяндалды.

Teez маркетплейсінің қалаушыларының бірі Линар Хуснуллин қазіргі уақытта маркетплейстің 40 тапсырыс пункті бар екенін, алдағы уақытта жоспар бойынша олардың саны 127-ге жететінін атап өтті. Қазірдің өзінде 540 сатушы тіркелген және өнім ассортиментінің саны 50 мыңнан асады. Сондай-ақ компания электрондық қосымша жасап, оны қысқа мерзімде жүктеген адамдардың саны 170 мыңнан асатынын жеткізді.

Маркетплейстің қоймалары төрт корпуста орналасқан, жалпы алаңы - 25 мың шаршы метр. Ал 2030 жылға дейін сақтау қоймаларын 120 мың шаршы метрге дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Қарағандыда құрылыс үшін жер учаскесі де табылды. Алдағы уақытта компания интернет-сауданың көшбасшыларының біріне айналуға бел буып отыр.

Арман Шаққалиев бүгінде электронды сауданың қарқынды дамып келе жатқанын және ол әлемдік экономикалық өсімнің маңызды драйвері болғанын атап өтті.

«Соңғы жылдары электронды сауданың көлемі күрт өсті. Қазақстандық электронды сауда экожүйесін дамыту мақсатында көлік-логистикалық инфрақұрылымды жақсарту, қағазсыз сауданы енгізу және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Тек 10 айдың қорытындысы бойынша сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артты. Бұл көрсеткіш 3 трлн теңгеден асады. Мұндай жобалар экономикаға оң әсер етіп, тұтынушылар үшін тауарларға қолжетімділікті кеңейтеді», деді Арман Шаққалиев.

Сапар барысында Арман Шаққалиев Осакаров ауданының кәсіпкерлерімен және тұрғындарымен кездесті. Іс-шарада Сауда және интеграция министрлігінің негізгі жетістіктері және сауда секторын әрі қарай дамыту жоспарлары талқыланды.

Басты назар - еліміздегі сауда нарығын жаңғыртуға қойылды. Сауда және интеграция министрлігі сауда нарығын жаңғырту және цифрландыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Жол картасы аясында Қарағанды облысының бес сауда базарының жаңғыртуы жоспарланған, бұл процесс 2025 жылы аяқталады. Олардың ішінде «Шығыс», «Алтын арба», «Тұлпар», «Қайрат» және «Горняк» базарлары бар.

Министр ішкі сауда саласында мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ету бойынша құзыретке ие болғанын баса айтты. Қолдау сатып алушылар мен бизнестің сұраныстарына сай инфрақұрылым құруға мүмкіндік беретінін айтты. Қазіргі уақытта Қарағанды облысы бойынша Даму қоры 7 миллиард теңге көлемінде 19 жобаны қаржыландыруға арналған пул құрған.

Министр сондай-ақ ауылдық дүкен мен ірі қалалық супермаркетке барып, сөрелерде отандық тауарлардың орналасуын көрді. Ол жұмыртқа сатылатын бөлімге де кіріп, өндірушінің бағасымен ұсынылған – 470 теңгеге саудаланып тұрған С1 санатындағы жұмыртқалардың бар екенін көрді.

Арман Шаққалиев сондай-ақ «Қарағанды Нан» корпорациясының жұмысымен танысты. Бұл компания нан, макарон, жұмыртқа және басқа өнімдерді шығарады, сондай-ақ тек Қарағанды облысын ғана емес еліміздің өңірлерін қоса алғанда, жақын шетелдерге де өнім экспорттайды. Макарон өнімдері Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қытай, Қырғызстан және басқа елдерге айына 400-600 тонна көлемінде экспортталады. Сонымен қатар кондитерлік өнімдер, ұн, жұмыртқа, жұмыртқа ұнтағы мен жарма сыртқа шығып жатыр. Қазіргі уақытта компания Қытай нарығына шығуды жоспарлап отыр, мақсат - тұрақты және ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол жеткізу. Арман Шаққалиев желтоқсан айында Үрімшіде Қазақстанның үлкен павильонын ашуды және ол жерде корпорацияның өнімдерін орналастыруды ұсынды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша министр Қарағанды облысының географиялық орналасуы мен инфрақұрылымының тиімділігін ескере отырып, облыс Қазақстанның негізгі сауда-логистикалық орталығына ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағы үшін маңызды хабқа айналуға әлеуеті бар екенін атап өтті.