Қазақ күресінен әлемдік сайыс өткізудегі мақсат – қазақ күресін халықаралық деңгейде насихаттау, әлем елдерінің арасында спорттық байланысты нығайту, түркі әлемінің мәдени мұрасын таныту. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мен халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлгенін айтып, кейінгі уақытта өңірде спорт саласы қарқын алып келе жатқанын атап өтті.
«Түркі әлемінің рухани астанасы, қасиетті Түркістан төрінде қазақ даласының батыры, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы қазақ күресінен ересектер арасындағы әлем кубогінің өтуі заңдылық. Қажымұқан мен қазақ күресі – егіз ұғым. Қазір әлемнің 40-тан астам мемлекетінде ұлттық күресімізден федерациялар құрылып, жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін 10 рет әлем чемпионаты, 12 мәрте Азия чемпионаты, 6 рет әлем кубогі, 6 мәрте Еуропа чемпионаты өткізіліп, төл күресіміз дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Бұл іс-шаралардың барлығы бұқара халық арасында саламатты өмір салтын, ұлттық спортымызды насихаттауға серпін береді», деді Е.Алтаев.
Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған доданың бағдарламасына сәйкес, балуандар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 кг салмақ дәрежесінде белдесті. Еліміздің саңлақтары 7 алтын, 5 күміс, 10 қола медаль еншілеп, жалпы есепте көш бастаса, Грузия спортшылары 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен 2-сатыға жайғасты, үштікті 1 күміс, 2 қола медаль бұйырған Моңғолия балуандары түйіндеді. Әлем кубогінде чемпион атанған балуандар 500 мың, күміс жүлдегерлер 300 мың, қола медаль бұйырған саңлақтар 200 мың теңге қаржылай сыйақы алды. Турнирдің үздік балуаны атанған Әкежан Біләловке (66 кг) ерекше құрмет көрсетіліп, автокөлік сыйға тартылды.