Қаржы • Бүгін, 09:37

Егін науқанын қаржыландыру басталды

12 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыс­тарын қаржыландыру басталды. Мемлекет басшысы жақында агроөнеркәсіптік кешен экономикалық өсімнің негізгі күштерінің бірі саналатынын айтқан еді.

Егін науқанын қаржыландыру басталды

Үкімет АӨК дамыту жөнін­дегі міндеттерге қол жеткізу мақсатында кешенді шаралар қабылдап жатыр. Елімізде Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша фермерлердің өтініш-тілектерін ескере отырып, осы жылдың 29 қарашасынан бастап 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуді қаржыландыру басталды.

Президенттің тапсырмасын орындау шеңберінде 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 700 млрд теңгеге дейін бағытталады, оның 560 млрд теңгесі капиталдың нарықтық көздерінен тартылады.

Бүгіннен бастап «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жылдық 5% деңгейінде жеңілдікті сыйақы мөлшерлемесімен «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша қаржы­ландыру тетігі іске қосылды. 684 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден шамамен 82 млрд теңге сомаға өтінімдердің жал­пы пулы қалыптастырылды, оның қатарында 176 өтінім жұмыс­­қа қабылданды. Тағы 508 өтініш бо­йынша 59,9 млрд теңгеге құжат­тар жиналады.

Қаржыландыру алғаш рет көктемгі егіс және егін жинау жұмыс­тарын жүргізуден бұрын бастал­ғанын атап өту маңызды. Бұл фер­­мерлерге тұқымды, тыңайт­қыш­­ты алдын ала сатып алуға, техни­­каны дайындауға және барлық қажетті жұмысты сапалы жүр­­гізуге мүмкіндік береді. Үкімет қа­­был­даған шаралардың арқылы шаруалар өздеріне барынша қолайлы жағдайлар бойынша жедел қаржылық қолдау алады.

Бұған қоса, қарыздарды ресімдеу үшін де, оларды кейіннен өтеу үшін де жүгінуге болатын қаржы институттарының саны ұлғайды. Қаражатқа екінші деңгейлі банктер, несиелік серік­тестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және Аграрлық несие корпорациясы арқылы қол жеткізуге болады.

Сондай-ақ кәсіпкерлер жиі көтеретін кепілмен қамтамасыз етудің жетіспеушілігі мәселе­лерін шешу үшін «Кең дала 2» бағдар­ламасы бойынша қарыз сомасы­ның 85%-ын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдік береді.

Кеңес алу мен өтінімдер беру үшін «Аграрлық несие корпорация­сы» АҚ-ның жақын маңдағы өңір­лік филиалдарына жүгіну қажет. Қосымша ақпаратты Agrocredit.kz сайтынан алуға болады және Kcell, Activ, Beeline абоненттері үшін 5353 Call center нөмірі, Tele 2, Altel үшін8 701 006 19 91 телефон нөмірі жұмыс істейді.