Үкімет • Бүгін, 09:45

Астанада өнеркәсіп өндірісінің көлемі артты

9 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласы кәсіпорындарында металлургия, жеңіл және құрылыс өнеркәсібі, автомобиль және теміржол машинасын жасау салаларының дамуымен танысты. Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған экономиканы әртараптандыру және басым салалардағы инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді.

Астанада өнеркәсіп өндірісінің көлемі артты

Индустриялық парк аумағын­да Премьер-министрге Астана­ның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндалды. Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Астана­ның ЖӨӨ көлемі 5,5 трлн теңге­ге жетіп, өткен жылғы көрсеткіш­тен 7%-ға асып түскенін хабарла­ды. Жалпы өңірлік өнім құры­лы­мында шағын және орта бизнестің үлесі 72%-ды құрайды. Биылғы 10 айда Астанаға шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл ретте өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 7%-ға өсті.

Үкімет басшысы 7,5 мың шаршы метр аумақта орналасқан «Digital System Service» ЖШС зауытының өндірістік цехтарын аралап көрді. Телекоммуникация жабдықтарын, оның қатарында модемдерді, коммутаторларды, бағдарлауыштарды, телефон аппараттары мен үйде, кеңседе және өнеркәсіптік пайдалануға арналған стансаларды шығару жолға қойылған. Зауытта бағдар­­ламалық жасақтаманы әзірлеу­ден бастап дайын өнімді жинауға және орауға дейін өндірістің толық циклі жүзеге асырылады. Премьер-министрге жаңғыртудан кейін кәсіпорынның қуаты жылына 720 мың бірлікке дейін өскені, оның көлемін 805 мың құрылғыға дейін ұлғайту мүмкіндігі туралы баяндалды. 2005 жылы ашылған сәттен бастап зауытты дамытуға салынған инвестицияның жалпы сомасы шамамен 4,5 млн долларды құрады. Бүгінде өндіріс 100 қызметкерді тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Олжас Бектенов импортқа тәуелділікті азайту және жоғары технологиялық өнімнің экспортын ұлғайту мақсатында жағдай жасау үшін мұндай өндірістердің маңызын атап өтті. Қазіргі уақытта «Digital System Service» тауарлар желісі ел нарығында кеңінен ұсы­ныл­ған. Компанияның даму жос­парында шетелдік нарыққа шы­ғу қарастырылған, оның ішін­де Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғыз­стан, Ресей, Араб елдері бар.

Америкалық Wabtec компа­ния­сының инвестициялық жобасы арқылы Олжас Бектенов темір­жол машинасын жасау са­ла­­сы­ның дамуымен танысты. «Локо­­­мотив құрастыру зауыты» ма­гис­трал­дық тепловоздарды құ­рас­­тыру кәсіпорны жылына 120 бір­лікке дейін шығарады. Өн­діріс басталғаннан бері барлығы 611 локомотив жиналды. Компа­ния пре­зиденті Марат Тілеубаев Үкімет бас­шысына зауытта барлық негіз­гі құрастыру тораптары иге­ріл­­ге­нін, локализация деңгейі бүгін­де 75%-ға жеткенін баяндады. Жобаға салынған инвестицияның жал­пы сомасы – 30 млрд теңге. Кәсіпорын­да 742 жұмыс орны ашылған.

Премьер-министр теміржол ма­ши­насын жасауды дамыту­ға, жаңа өндірістік және сервистік объек­­тілерді құруға инвести­ция­лардың өсуінің оң үрдістерін атап өтті. Мұндай жобалар­ды іске асыру Мемлекет басшысы­ның алға қойған міндетіне сәйкес Қазақ­станның көлік-логистика­лық хаб ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

О.Бектенов «Ashina KZ» ЖШС тігін фабрикасында жеңіл өнеркәсіптің дамуымен танысты. Кәсіпорынның жылдық қуаты – 24 мың бірлік өнім. Жобаның құны 1,4 млрд теңгені құрайды, 60 жұмыс орны ашылды.

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында О.Бектенов «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауытында болды. Кәсіпорын жоғары сапаны қамтамасыз ете отырып, алтын мен басқа да бағалы металдарды қоспалардан тазартумен айналысады. Зауыт ТМД-да теңдесі жоқ озық аффинаж технологиялары бойынша жұмыс істейді, бұл әлемдік стандарттарға сәйкес келетін өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын іске қосылған сәттен бастап барлығы 336,7 тонна тазартылған алтын және 64,2 тонна күміс өндірілді. Жылдық қуаты 25 тонна алтын мен 50 тонна күміске жетеді. «Тау-Кен Алтын» ЖШС директоры Айнұр Айдарханов зауыт энер­гия тұтыну, су мен жылу шығы­нын азайта отырып, ESG-қағидат­тарын белсенді енгізгенін, сондай-ақ катализаторлар мен қалды­қ­тарды қайта өңдеуді дамытып жат­қанын айтты. Бұл шикізат база­сын ке­ңейтуге әрі нарықтағы ұстанымды нығайтуға мүмкіндік береді.

Премьер-министр зауыттың қызметі Қазақстанның бағалы метал­дардың әлемдік нарығын­дағы ұстанымын нығайтуға ықпал ететініне тоқталды. Жалпы, мұн­дай өндірістік жобалар ел экономикасын әртараптандыру жөнін­дегі стратегияны іске асыруда шешуші рөл атқарады.

«Мемлекет басшысы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін толық ашу міндетін қойды. Бізде бұл үшін барлық мүмкіндіктер мен қажет­ті құрал­дар бар. Қолайлы жағ­дай­лары бар осындай индус­трия­лық парктер өнеркәсіп сек­торы­­ның дамуына ықпал етеді. Қазіргі таңда Қазақстанда әртүр­лі са­лалық бағыттағы 14 арна­йы экономикалық аймақ және 20-дан аса индустриялық аймақ жұмыс істейді. Біз бұл тәжі­­ри­бені жалғастырамыз әрі кеңей­теміз. Біздің міндетіміз – жоғары деңгейде қайта өңдеуді дамыту, отандық шикізатты тиімді пайдалану және қайта өңдеу, сондай-ақ ірі кәсіпорындардың айналасында сабақтас өндірістерді қалыптастыру. Импортқа тәуел­ділік­ті төмендетіп қана қой­май, қосыл­ған құны айтарлықтай жоға­ры өнімдердің экспортын арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер жасау маңызды», деді О.Бектенов.