Семей қаласы әкімдігінің дерегіне сүйенсек, жақында 18 жаңа автобус сатып алынды, оның 10-ы үлкен, 8-і кіші класты. Олар жақын арада желіге шығып, қала халқына қызмет ете бастайды. Өткен жылы тасымалдаушы мекеме 70 автобус сатып алса, биыл автопарктер 90 автобусқа жаңарып отыр.
«Жалпы, біз 160 автобус ауыстырдық, бұл – көлік паркінің шамамен 50%-ын құрайды. Жаңа шағын аудандар, айталық, Комсомол кенті, Қарағайлы қоғамдық көлікпен қамтылып отыр, өткен жылы №45 маршрутты іске қостық, биыл №10 маршрутты іске қосып жатырмыз. Сонымен қатар қоғамдық көлікті дамыту жөніндегі жаңа, кешенді жоспар дайындалады, соның аясында жаңа маршруттар ашылады. Биыл тасымалдаушылар субсидия алып, көлік паркін жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Екі жыл бұрын автобус маршруттарының техникамен қамтылуы 50% болатын, қазірде бұл көрсеткіш 75%-дан жоғары», дейді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
«Авто Транс Семей» ЖШС автопаркі түрлі деңгейдегі 300-ге жуық автобуспен қамтылған, шамамен 300 жүргізуші жұмыс істейді. Дегенмен D санатты жүргізушілер тапшы. Бүгінде күні жүргізушілердің ауысымдық жұмыс кестесі қарастырылып жатыр. Мамандар жұмысшылар саны жеткілікті болған жағдайда қызмет көрсету екі ауысыммен жүретінін айтады. Сонымен қатар келесі жылы орта класты 40-50 автобус сатып алу жоспарланып отыр. Бұған себеп қазіргі уақытта қолданыстағы автобустардың ресурсы таусылуға жақын.
Семей қаласында келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қоғамдық көлікті субсидиялаудың жаңа моделі енгізіледі. Бұл туралы Абай облыстық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында мәлім етілді. Семей қаласы әкімінің орынбасары Әділет Тұрысбек субсидиялау жүйесімен тасымалдаушылардың автопарктерін жаңартуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.
«Қалада электрондық билет жүйесі барлық маршрутта жұмыс істеп жатыр. Бірыңғай диспетчерлік, бақылау қызметіне келер болсақ, автомобиль жолдары және жүк көлігі бөлімінің жолаушылар тасымалдауды бақылау орталығымен келісімшарты бар, ол диспетчерлік, бақылау қызметін атқарады. Барлық мәлімет сол жерден тапсырыс берушіге беріледі, ол өз кезегінде осы мәліметтерге сәйкес қаржы қаражатын реттейді», дейді Ә.Тұрысбек.
2025 жылы қаладағы маршруттық желілерді оңтайландыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта мәселе тудыратын маршруттар мен учаскелер зерттеліп, тиісті шаралар қабылданады. Әкімдік мәліметінше, осы уақытқа дейін тасымалдаушылар бір жолаушыға тариф есептеу негізінде субсидия алып келсе, жаңа субсидиялау моделіне көшу арқылы тасымалдаушылар өздерінің жүрген километрін көбейтуге, ал сол арқылы субсидия көлемін арттыруға мүдделі болады.
СЕМЕЙ