ҚОСТАНАЙ. 28 ақпан. Қостанайдағы Достық үйінде ақсақалдар кеңесі мен жастар ұйымдары өкілдері арасында «Ырыс алды-ынтымақ» тақырыбы аясында пікір алмасу өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Пікір алмасу алаңында Қостанай өңірінегі белгілі ақсақалдар – Ұлы Отан соғысының ардагерлері Бертран Рубинштейн, Михаил Подоляков, Қажы Маманов, тың ардагері Ахметқали Бапенов, дін өкілі Рамиль қажы, украин ұлттық-мәдени орталығының өкілі Любовь Фролова болды. Пікір алмасуда обылстық ассамблеяның меңгеруші-хатшысы Бағытұр Әлімбаев модератор болды. Бертран Рубинтейн: «Мен Ұлы Отан соғысы» деген сөзді қысқартып жазатын бүұқраралық ақпарат құралдарына өкпем бар. Бұл әсіресе, орыс басылымдарына тән. Бұл туралы мен жергілікті газеттердің редакторларына ескерту де жасаған едім. Осы соғыста миллиондаған адамның қаны төгілді, ал бүгін олар соғыстың атын түгел жазуға ерінеді. Бұл Отан үшін қан майданда қалған боздақтар рухына да, бүгін арамызда жүрген ардагерлерге де құрмет емес. Сосын тағы айтарым, «неміс басқыншыларына қарсы күрес» емес, «фашист басқыншыларына қарсы» деп айтылуы тиіс», деді.
Бертран Иосифовичтің сөзін оны майдандастары Қажи Маманов пен Михаил Подоляков та қорғады. Ұлы Отан соғысының ардагері Қажи Мамамнов: «Ұлы Отан соғысының тарихы бұрмаланбауы тиіс. Кейбіреулер Ұлы Отан соғысы тек Ресей мен Германия арасында болды деп түсінеді, жоқ, бұл фашист басқыншыларына қарсы дүниежүзілік және Отан соғысы болды. Соғыстағы адам өлімі жөнінен украиндар орыстар мен поляктардан кейін үшінші орында тұрады. Бұл соғыс ешкімге де жақсылық әкелген жоқ, қазақтар да көп опат болғандардың қатарында. Достықты қастерлек керек. Майдан даласындағы, окоптардағы достық болмағанда біз осы күнге жете алмас та едік» деді. Михаил Подоляков жастарға бүгінгі күннің бейбітшілігін, молшылығын бағалауға шақырды.
Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Подоляков: «Патриотизм деген әр студенттің, оқушының жақсы оқуы. Президент жастардың білімді болуы үшін барлығын да жасап отыр. Соны бағалаңдар. Біздің жас шағымызда майданнан киіп келген шинелден костюм-шалбар тіккізіп кигенбіз. Ондай күнді сендерге көрсетпесін, тек осы күннің бақытын бағалай біліңдер. Сосын қазақ жерінде бақытты өмір сүріп отырғандықтан осы халықтың тілін үйреніңдер, өзге ұлттың балалары. Біздің уақытымыз басқа болды, енді үйренбесеңдер ол адамгершілікке жатпайды» деді. Ал тың ардагері Ахметқали Бапенов: «Тыл болмаса Жеңістің келуі мұнан да ауыр болар еді. Біз бала кезімізден комбайнға отырып, күндіз-түні астық жинадық. Ол кезде көрпе-төсек қайда, бидайдың сабанының арасына кіріп жатып, көз шырымын алдық. Соғыс біткен соң тың жерлерді көтердік» деді. Өз ретінде жастар ақсақалдарға осындай мазмұнды әңгімелері үшін рахметін айтты.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы «жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Ерлан Төлетаев: «Ақсақалдарға-аталарымызға көп рахмет айтамыз. Сіздер, сіздердің қанды көйлек замандастарыңыз болмағанда біз қазір Тәуелсіз елде осылай өмір сүріп отырмаған болар едік. Біз сіздермен мақтанамыз» деді.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz.