Өнер • 30 Қараша, 2024

Тұңғыш спектакль-шоу

116 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының ұжымы өз көрермендерін тағы бір таңға­жайып премьерамен таң-тамаша етті. Қазақ театр­ларының сахналарында бұрын-соңды қойылмаған жанр – бала­лар мен ересектерге арналған спектакль-шоу қойды. Маман­дар мұндай қойылым бүгінгі қоғамға ауадай қажет екенін айтады.

Тұңғыш спектакль-шоу

Суретті түсірген – Есенжол Исабек

«Джудит жасаған қиын таңдау», бұл – отбасының барлық мүше­сіне ерекше көңіл күй сыйлайтын, көрерменді ұмытылмастай әсерге бөлейтін, ғажайыптар мен ертегі әлеміне апаратын спектакль-шоу. Аймауытов театры үшін қойы­­лым­ның бір уақытта ересектер мен кішкентай балдырғандарға ар­нал­ғаны алғашқы тәжірибе болды. 

Джудит – мектепте оқитын жасөспірім. Ескі үйде әкесі екеуі ғана тұрмыс кешіп жатыр. Анасы тағдыр тауқыметіне шыдамай, кішкентай кезінде оларды тас­тап кеткен. Бойжеткен бірде мек­тептегі құрбы-құрдастарының келемежіне, әсіресе тентек Нил Льюстің мазағына төзгісі келмей,  Жаратқаннан мектепті қар басып қалуын тілейді. Осы сәттен оның жеке әлеміндегі таңғажайыптар басталып кетеді. Қарға бейнесіндегі сиқыршы оның тілектерін орын­дап, тіпті жасөспірімнің қия­лын­дағы жасанды әкесін жасап береді. Джудит әр түн сайын сиқыр­лы шкафтан шығатын сайқы­мазақ­тардың ойын-сауығын тамашалап, қызыққа батады. Ол үшін шынайы өмірдегі әкесінің бейнесі алыстап бара жатқандай еді. Алай­да әлдебір сәтте бала мұның бар­лығы жасанды, қиялы қалап алған дүниелер екенін түсінеді. Себебі жасанды әкесі де, сиқыршы қарға да қыздың шынайы өмірдегі сұраныстарын өтеуге қауқарсыз болып шықты. Оқиға барысында әкесінің қызымен ара-қатынасы баяндалып, ересектер баланың жан-дүниесіне үңілмейтіні шынайы суреттелген. Джудит әкесіне: «Әкетай, мен сиқыршымын, мынау шкафта ғажайыптарды жасай аламын», деп сендірмек болған сәтте ол қатты ашуланып: «Сенде ешқандай қасиет жоқ!...», деп зекіп тастайтыны ойландырады. Қойылым соңынан түйгеніміз, бала анда-санда айналасына ересек адамның көзімен, ал ата-ана баланың көзімен қарап қоюы керек екен.

Джудитті сомдаған жас актер Дильназ Қиятова қыз бала­ның мінез-құлқын жеткізуде көп із­денгені байқалады. Бала қиялын­дағы ішкі жанталас, тұйықтық пен сыртқы әлемге қарсылық, жақындарына деген сүйіспеншілік, жек көру – осының барлығын бойжеткен кейпінде алып шығу біраз еңбекті қажет еткені анық. Ал әке рөліндегі Руслан Нығманның шеберлігіне тәнтіміз. Қарғаны ойнап шыққан Бауыржан Манат­бекұлының жүзін көрермен спектакль барысында көре алмаса да, жалпы өзін сиқыршы бейнесінде ұстай алды. Сондай-ақ тентек Нилді сомдаған Ақжол Дүйсенұлы, сайқымазақтар Арман Серікқазы, Жасұлан Әмір­хан, Жақсылық Әбдірашым, Темір­лан Мұқатай, Райхан Жұмақа­новалардың плас­тикалық үйлесім­дері жаман болған жоқ. Режиссер­дің шешімдерін актерлер толық орындап шыққандай көрінді.

Театрдың көркемдік жетекші­сі Әділет Ақановтың айтуынша, ұжым бұл спектакльге алты айдай дайындалған.

– Мұнда пластикалық жағы­нан әрекет, трюк көп жасалды.  Дайын­дық кезінде бір актеріміз аяғын ауыртып алып, қойылым барысында қиындау тиді. Шоу-спектакль болғандықтан, жарқын әрі бояулы сәттер көп болуы керек. Оның үстіне көріп отырған адам драманы да, комедияны да бір сәтте қабылдай алатындай дәрежеге жеткіздік. Шығарма Ұлыбритания жерінде жазылғанымен, жер бетін­дегі барлық отбасыларға ор­тақ құндылықты көтереді. Біз­дің халқымыздың ұлттық құнды­лықтарына, ұғымына ешқандай қарама-қайшылық жоқ, керісінше бүгінгі жас ата-аналар, балалар бұл спектакльден көп дүние түйіп қайтқаны анық, – дейді ол.

Премьераны театртанушы, өнертану кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Театр өнерінің тарихы мен теория­сы кафедрасының меңгерушісі Анар Еркебай арнайы келіп тамашалады. Сыншы ең алдымен спектакльдің көркемдік деңгейіне назар аударды. Қойылымның құн­дылығы оның мазмұндық өзектілігі, режиссерлік интерпретациясы және көрерменмен энергетикалық байланыс орнату қабілеті арқылы өлшенетіні де шын.

«Бұл тұрғыдан алғанда, «Джу­дит таңдаған қиын таңдау» спектаклі жоғары талаптарға жауап береді. Режиссердің ой-тұжырымының тереңдігі мен оның сахна тілі арқылы көркемдік бейне жасаудағы шеберлігі ерекше атап өтуге лайық. Күрделі философиялық және эмоционалдық астарын ашуда режиссер пластикалық шешімдерді шебер қолданған. Сахналық қозғалыс, жарық пен көлеңкенің үйлесімі, әрекетті сценография қойылымның негізгі идеяларын айқындап, көрерменге жаңа эстетикалық әсер сыйлады. Бала тәрбиесі – қоғам назарын­дағы ең өзекті мәселелердің бірі. Әке мен бала арасындағы қа­рым-қаты­нас әр дәуірде түрлі қырынан кө­рі­ніс тапса, цифрлық заманда бұл қарым-қатынасқа жаңа сын-тегеуріндер қосылды. Интернеттің шексіз мүмкіндіктері мен ақпараттық кеңістіктің балалар өміріне терең енуі ата-ана мен баланың түсініспеушілігін одан әрі күрделендірді. Бақылауға келмейтін бұл үдеріс психологиялық күйзе­ліс, жалғыздық және комму­никациялық дағдарыс секілді теріс әсерлердің көбеюіне әкеліп, виртуалды әлемнің тартымдылығы шынайы өмірмен байланысқа қарағанда басымдық ала бастағанын көрсетіп отыр. Спектакльдің басты кейіпкері Джудиттің жалғыздығы мен шынайы өмірден қашып, өзі ойлап тапқан сиқыршымен әңгімелесуі – бүгінгі заман бала­ларының виртуалды әлемге деген тәуелділігінің көркем көрінісі. Бұл бейнені режиссер балалардың психологиялық күйзелісін ғана емес, ересек көрермендерге ата-ана мен бала арасындағы шынайы қарым-қатынастың маңыздылығын түсіндіру, ал кішкентай көрерменді мұндай қорқынышты қадамдардан сақтау мақсатында жасағанын аңғартады» деп қойылымның мақ­сатына үңілді сыншы.

Оның пікірінше, актерлер режиссердің қойған мизансценаларын дәл орындап, сахналық әрекеттерді пластикалық және хореографиялық элементтермен ұштастыра білген. Әсіресе актерлік ансамбльдің сахнадағы қимыл-қозғалысы мен дене плас­тикасы спектакльдің көркемдік тұтастығын айқындап, режиссерлік шешімдер мен хореографиялық композициялардың үйлесімділігін көрсетті. Дегенмен, алғашқы көрсетілім болғандықтан, актерлер шығарманың мәтіндік құрылымын толық игеріп үлгермегені байқал­ған. Кей тұстарда мәтіндік интона­ция мен драматургиялық мағы­наны жеткізуде кідірістер мен шы­найылықтың жетіспеуі болғаны­мен, бұл уақыт өте келе жойылатын ақау ретінде бағаланып отыр.

«Жалпы, режиссер Сергей Левицкийдің инсценировкасы мен сахналық интерпретациясы көркемдік тұрғыдан сәтті шыққан. Кішкентай қыздың қарапайым бөлмесінің сиқырлы әлемге айналуы – Левицкийдің шығармашы­лық тапқырлығы мен сценограф ретіндегі кәсіби шеберлігінің жарқын көрінісі. Бұл өзгеріс сахнада тек физикалық кеңістіктің түрленуі емес, кейіпкер Джудиттің ішкі әлемін, оның шынайы өмірі мен қиялындағы фантазиялық әлем арасындағы контрастты ашуға бағытталған көркемдік әдіс ретінде танылды. Режиссердің пантомима мен клоунада элементтерін енгізуі – Джудиттің қиял әлемін бейнелеудегі ұтымды шешім. Мұндай жанрлық әртараптандыру қойылымның көрерменді ұстап тұру мүмкіндігін арттырған. Сиқыр мен шынайылықты үйлестіре отырып, ол қазіргі сахна өнерінің мүмкіндіктерін жаңа қырынан танытты. Қазіргі интернеттен бәрін көріп-біліп отырған балалар үшін еш компьютерлік технологияларсыз да сиқырлы әлемді, түрлі визуалды эффектілерді көрсету мүмкіндігі бар екеніне сендірді деп ойлаймын. Левицкий бұл спектакль арқылы тек балаларға ғана емес, ересектерге де ой салып, сахналық өнердің шексіз әлеуетін дәлелдей алды», деп ой қорытты Анар Сайымжанқызы.

Атап өтерлігі, бұл – режиссер Сергей Левицкийдің Аймауытов театрындағы екін­ші қойылы­мы. Бұған дейін ол Шекспирдің «ІІІ Ричард» трагифарсын сахналап, екпін-динамикасы адамды соңына дейін жібермейтін ерекше қойылым жасаған. «ІІІ Ричард» «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалінде Павлодар облысы әкімінің арнайы жүлдесін иеленген.

«Мұны отбасылық спектакль деуге болады. Балаларымызда жал­ғыздықты басынан кешіретін, үлкендерді түсінбейтін сәттер жиі болады. Баланы ойлантып жүрген мәселеге маңыз бере сөйле­су, ол үшін өзекті дүниелерге жауап­кершілік алу, ең соңы тәрбие мәселесінде өз-өзіне есеп беру. Бұл – әр ата-ана үшін аса ауқым­ды тақырып. Қойылымдағы коман­дамыз тәуір болған секіл­ді. Актерлердің барлығы еңбек­қор, дайындық барысында бар шеберліктерін жұмсады. Спек­такль-шоу Ертіс-Баян өңірі тұрмақ, Қазақстан бойынша тұңғыш рет ұсынылғандықтан, түскен салмақ та аз емес. Декорация тұрғысы­нан біраз мәселе болған, бөлінген қаржыға қанағат жасап, жеткізуге тырыстық», дейді ол.

Павлодарлық театрдың бас режиссері Сергей Левицкий – Ресейдің біраз қалаларында жұ­мыс істеп келген тәжірибелі маман. Атап айтқанда, Улан-Удэ қа­ласының Бестужев атындағы орыс театрын басқарып, РФ Шығыс-Сібір мемлекеттік мәдениет инс­ти­тутында еңбек етті. Кейін Қа­зақ­станға қоныс аударып, былтыр Ғабит Мүсірепов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академия­лық балалар мен жасөспірімдер театрында «Оптимистік традегия» қойылымын сахналап, ерекше қырымен көрінді.

 

Павлодар облысы