Талбесік • 30 Қараша, 2024

Орманымыз ортаймасын десек...

99 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегенімізбен, «орманды жерде отын көп» дейтін де пиғыл жоқ емес. Заңсыз орман отайтындардың сыбысы әредік білініп қалады. Білінбей жүргендері қанша. Десек те оң қадамдар да бар.

Орманымыз ортаймасын десек...

Еліміз орманы ойсырап тұрған мемлекеттердің бірі. Былтыр 1 қаңтарға дейін жүргізілген зерттеулердің қорытындысына сәйкес, жерімізде 5% ғана орманды алқап бары нақтыланды. Оның жалпы аумағы 30,9 млн гектар. Экология министрлігінің дерегінше, жоғарыда айтылған көлемнің ішіне сексеуіл мен жыңғыл да кіреді.

Осыған орай елде жеке орман өсіру ісі неге дамымай жатыр деген сұрақ туындайды. Өйткені ол әлемдік тәжірибеде өз жемісін берген жұмыс. Алайда оған біздің ел дайын ба? Жалпы, елімізде жеке орман өсіруді дамыту мәселесі де көптен айтылып жүрген жайт. Бұған қатысты талқылаулар да болды. Жуырда Неміс техникалық ынтымақтастық қызметінің (GIZ), Орталық Азияның инновациялық орман қызметінің (ILUCA) жеке орман өсіруді қолдау саласындағы тәжірибесі талқыға түсті.

Алқапты орман өсіруге, оның әлеуетіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар елімізде алқапты орман өсірудің тәсілдерін әзірледі. Мәселен, жеке орман өсіру мен питомник (өсімдіктердің екпе көшетімен айналысатын) шаруашылығын дамытудағы мемлекеттік қолдау шаралары пысықталды.

Қазір орманның бірінші жауы өрт болып тұр. Алайда ресми деректерге сенсек, биыл орман өрттерінің саны 75,2%-ға азайды. Экология және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің Орман және өртке қарсы қызметтерінің профилактикалық іс-шаралары мен жедел іс-қимылдарының нәтижесінде биыл орман өрттерінің саны едәуір азайған көрінеді. Мәсе­лен, 2024 жылдың басынан бастап ел аумағында жалпы ауданы 37 506,9 гектар орманды алқапта 190 өрт тіркелген, алай­да өртті өршітпей тез өшіріп отырғанын айтады ресми мекемелер. Былтыр 749 өрт оқиғасы тіркеліпті. Яғни биыл өрт оқиғасы 75,2% азайды деген ақпар негізсіз емес.

Мамандар бұл жұмысты бұдан да әрі ілгерілету үшін орман өртін ерте анықтау жүйесін енгізуге болатынын айтады. Яғни тілсіз жауды жедел анықтауға арналған жаңа технологияларды енгізу қажет. Бұл жұмыс жүйесі қазірдің өзінде қолға алынған ормандар бар. Мәселен, орман өртін ерте анықтау жүйесі «Бурабай» (132,0 мың гектар), «Көкшетау» (182,0 мың гектар), «Медеу» (842 гектар) табиғи парктерінде, «Ертіс орманы» (277,0 мың гектар) резерватында жұмыс істеп тұр. Демек 2 мыңға жуық гектар орман алқабы қауіпсіз болмаса да, қауіптің алдын алуға қабілетті деуге болады.

«2023 жылы республикалық бюджет есебінен «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында орман өртін ерте анықтау жүйесін орнату жұмыстары жүргізілді. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2023 жылы Қостанай облысының 11 орман шаруашылығы мекемесін қамти отырып, 34 бейнебақылау орнатылды. Ал Солтүстік Қазақстан облысының 12 орман мекемесінің 11-і қамтылды, онда 16 бейнебақылау орнатылды. Ерте анықтау жүйелерін енгізу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр», дейді Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің қызметкерлері.

Орман мәселесінде тағы бір елеулі қадамды айтпай кетуге болмас. Мәселен, былтыр елімізде өсімдіктердің биоалуантүрлілігін сақтау мақсатында 152 елде тұқым қоры құрылды. Қазіргі уақытта әлемде мыңнан аса ауыл шаруашылығы дақылдарының, табиғи флораның, жеміс өсімдіктерінің, т.б. тұқым қоры бар. Еліміз кейінгі онжылдықта ормандардың азаюы, орманның табиғи ­алуан түрлілігінің жойылу проблемасына тап келіп отыр. Алайда қазақ жерінде орманды қалпына келтіру, эко­жүйені сақтауда маңызды ағаш, тал түрлері тұқымдары­ның ресурстары мол екенін айтады мамандар. Осы­ған орай Дүниежүзілік тұқым қоры елімізде ландшафт­тар­ды тұрақты қалпына келтіру жобасын қолға алды. Оның ­аясында орман өсімдіктері тұқымдардың генетикалық қоры құрылып отыр.

«Орман өсімдіктері тұқымдарының генетикалық қоры – өсімдіктердің генетикалық материалдарын сақ­тау қоймасы. Осы арқылы ормандардың әртүрлілігін, генетикалық тұтастығын сақтауға болады. Бұл – еліміздің әр өңірінен жиналған түрлі орман тұқымдарын сақтайтын ерекше платформаның бірі. Қор генетикалық ақпарат қорының қызметін атқарып, өрттен, аурулардан, кесуден, түрлі төтенше жағдайлардан кейін орманды қалпына кел­тіруге мүмкіндік береді», дейді қор сақтаушы мамандар.

Олардың айтуынша, елімізде тұқымдардың генети­калық қорында сақталатын ағаш түрлерінің бастапқы тізбесі түрлерді қорғау, ландшафтта таралуы, зиянкестер мен ауруларға төтеп беретін талаптарға сай сұрыпталып жасалды. Тізімге Қызыл кітапқа енген бірегей, сирек кездесетін ағаш өсімдіктерінің 46 түрі, белсенді абаттандыру іс-шараларына қажет әлеуеті бар перспективалы түрлер, орман құруда маңызды рөл атқаратын орман құрушы түрлер кірді.

«Тұқымдар қорында өсімдіктерді сақтау және олардың түрлерін көбейту жұмыстары еліміздің ландшафттарының ұзақмерзімді тұрақты дамуына қажетті қадамдардың бірі болмақ. Ол ормандарды қалпына келтіруге, биоалуан­түрлілікті көбейтуге және жердің деградациясы мен климаттың өзгеруімен күресуге мүмкіндік береді», дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев.

«Орманы бардың қорғаны бар» деген сөз қай заманда да өз маңызын жоғалтпаса керек. Қазіргі орман жауға қалқан бола алмағанмен, еліміздің экожүйесін сақтайтын үлкен қамал екені түсінікті. Сол тұрғыда ұшы-қиырсыз қазақ байтағын жасылдандыру ісі жүйелі түрде жалғастырыла беруі тиіс.