02 Ақпан, 2015

Былтырғы жылдың жетістігі жетерлік

315 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
a275a9e89ad890b2acc4db966f369b2c АСТАНА. 2 ақпан. Дзюдо – жер жүзіне ең танымал спорт түрінің бірі. Бүгінде спорттың бұл түрінен дүниежүзінің көптеген елдерінде ұлттық федерациялар жұмыс істеп, Күншығыс елінің төл күресін дамытып жатыр. Біздің елде де дзюдо күресімен айналысатын жастардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Осы орайда Дзюдо федерациясының жастарды спортқа тартып, күрестің бұл түрін дамытуда жасап жатқан жұмысын айта кеткеніміз жөн. Жақында біз «Дзюдо федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бірінші вице-президенті Маратбек МЫҚТЫБЕКОВПЕН кездескенімізде ол өткен жылда дэюдоны дамытуда қандай жұмыстардың жасалғаны туралы айтып берді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. -Былтыр ұлттық құраманы кешенді жарыстарға дайындау мақсатында қандай жұмыс жүргізілді? - Алдымен ұлттық құраманың дайындығына байланысты айтарым, біз кеңесші-жаттықтырушы ретінде бельгиялық белгілі бапкер Александр Яцкевичті шақырдық. Ол кезінде 10-нан астам Олимпия ойындарының және әлем біріншіліктерін жүлдегерлерін және 50-ге жуық Еуропа чемпиондары мен жүлдегерлерін дайындаған жаттықтырушы. Өзі Олимпия ойындарының және әлем біріншіліктерінің жүлдегері, үш дүркін Еуропа чемпионы. Қазір  Еуропа дзюдо одағының спорт директоры қызметін атқарады. Осы білікті маманмен ақылдаса келе, ерлер ұлттық құрамасының 2014 және 2015 жылдарға арналған жаттығу жоспары жасалды. -Жалпы алғанда былтыр елімізде қанша жарыс өткізілді? -Былтыр әр түрлі жастағы спортшылар арасында 4 ел бірінішлігі өткізілді. Ересектер арасында басқа мемлекеттерден келген спортшылардың қатысуымен 5 турнир, жастар және жасөсіпірімдер арасында 6 жарыс, оның ішінде Қарағанды қаласында өткізілген жасөспірімдер арасындағы Азия ашық кубогын атап өткен жөн. Әрине, ең үлкен жарысымыз Астанада былтыр өткізілген Гран При. Оған 40 – қа жуық мемлекеттен 300-ге тарта спорқатысты. Осы турнирде біздің дзюдошылар 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль иегері атанды. Жарыстың ұйымдастырылу дәрежесі халықаралық дзюдо федерациясы тарапынан жоғары бағаланды. -Өңірлердегі спорт мектептеріне федерация тарапынан қандай да бір көмек көрсетіле ме? -Дзюдо федерациясы облыстардағы спорт мектептерінің материалдық-техникалық базаларын нығайту жолында да жұмыс жасауда. Екі жыл ішінде дзюдо бөлімшелері мен түрлі мектептерге 13 комплект татами мен 178 комплект кимоно берілді. -Жаттықтырушылар  мен төрешілердің біліктілігін арттыру мақсатында қандай жұмыс жүргізілуде? -Федерация спортшылар мен төрешілердің және бапкерлердің біліктілігін арттыру үшін ерекше көңіл бөлуде. Халықаралық семинарлар мен біліктілігін арттыру курстарында 30-ға тарта жаттықтырушы мен төреші оқып келді. Өңірлерде отандық және шетелдік білікті мамандарды тартып, семинарлар өткізу арқылы кадрларды оқытуға үлкен көңіл бөлінуде. Осы бағытта 2014 жылы елімізде 7 семинар өткізілді. Ұлттық құрама сапындағы спортшыларды оқытуға жіті көңіл бөлінуде. Барлығы түрлі жоғары және басқа да оқу орындарында оқиды, бірқатары білім ошақтарын бітіріп үлгерген. -Спортшыларға қандай медициналық көмек көрсетілуде? Федерация жұмысының негізгі бағыттарының бірі - спортшылардың ауруларының алдын алу, түрлі жарақаттан кейін оларды еліміздің және шетелдік емханаларда емдету. Конфедерацияның көмегінің арқасында биыл Ислам Бозбаев пен Лим Сергей шетелден сапалы медициналық көмек алып, бейімделу үстінде. Допингке қарсы орталықпен бірлесе тыйым салынған препараттарды қолданбау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бірнеше келеңсіз жағдайдың орын алуын, спортшылар мен бапкерлердің тыйым салынған препараттар мен сусындардың және тағамға қосатын заттардың тізімін толық білмеуінен болды. -Қазақстанды дзюдо күресін жастар арасында насихаттауда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? - Елімізде дзюдоны насихаттау бағытында ауқымды жұмыс жасалуда. Федерацияның ресми сайты жұмыс істеуде. Жақында әлем біріншілігінің сайтын іске қостық, өткізілетін шаралардың барлығы ақпарат құралдарында жарияланып отырады. Федерацияның «Казспорт» телеарнасымен тығыз жұмысын ерекше атап өту керек. Осы арна арқылы жанкүйерлерімізге жарыстар мен дзюдошылар туралы материалдарды көруге мүмкіндік бар. -Дзюдоның дамуында спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының рөлі қандай? -Конфедерация құралғаннан бері материалдық және қаржылық мәселелер толыққанды шешілді. Оқы-жаттығу өткізетін спорттық базалар саны көбейіп, оларды жабдықтау жағы да жоғары деңгейге көтерілді. -Биыл қандай негізгі шаралар жоспарланып отыр? -Қазақстан үшін халықаралық дзюдо федерациясының Астана қаласында дзюдо күресінен әлем біріншілігін өткізу құқығы берілгендігінің өзі біз үшін маңызды. Бұл дзюдоның елімізде әрі қарай насихатталуына мүмкіндік бермек. 2013 жылдың қыркүйегінде халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев және Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов дзюдо орталығының құрылысына сәттілік тілеп, алғашқы кірпішін қалаған еді. Енді осы спорт ордасының құрылысын 2015 жылы аяқтау жоспарланып отыр. -Жаңа жылда өз әріптестеріңізбен жанкүйерлерге қандай тілегіңіз бар ? – Ең алдымен облыстық спорт басқармаларына және федерация президенттеріне дзюдошыларымызды қолдағандары үшін алғысымды білдірем. Барлық бапкерлер мен спортшыларға, жанкүйерлерге сәттілік, көтеріңікі көңіл күй және отбасыларына береке тілеймін! -Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Дастан Кенжалин. Дерек: egemen.kz Сурет: Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы.