Экономика • 03 Желтоқсан, 2024

Өрге басқан өндіріс

117 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өнеркәсіп саласы еңсесін тіктегелі «Қазақстанда жасалған» деген тіркес жауһарымызға айналды. Нарықтық экономиканың елеулі элементі өндіріс екенін ұққалы, сапалы зауыттар салуға ден қойдық.  Десе де жол ортадан тоқырауға ұшырағандар көп болды. Тек сапаны серік еткендер ғана біршама белесті бағындыра алды. Соның бірі – 10 жылдан бері тасы өрге домалаған «Talas Investment Company». Зауыт жылына 15 мың тонна натрий цианидін және 5 мың тонна аммоний сульфатын өндіреді. Алыс-жақын алтын өндіруші компанияларға натрий цианидінің дайын өнімін жөнелтеді. Жамбыл облысының Талас ауданында орналасқан өнеркәсіп кешенін өз көзімізбен көріп қайттық.

Өрге басқан өндіріс

Еліміздегі жалғыз зауыт

Ай сайын 1300 тоннаға дейін өнім шығаратын зауытты көру үшін Жамбыл облысына арнайы келдік. Натрий цианидін өндіретін зауыт көліктен түсе сала таңдандырды. Аты зауыт демесеңіз, айналасы гүлдеп тұр. Үдеріс барысын көрсетіп жүрген бас директор Мерей Омаров сұраныс болса, әл-ауқатымыз ауқымды өнім көлеміне жетеді дейді.

 аа

«Talas Investment» зауыты он жылдан бері натрий цианидін өндірумен айналысады. Біз жылына 15 мың тонна өнім шығарамыз, оның 30-40%-ы (шамамен 5 мың тонна) экспортқа кетеді. Жобаның бірінші кезегін «Қазақстанның Даму Банкі» қаржыландырды. Тіпті екінші кезеңнің құрылысын да қолдап жатыр. Жаңа инвестициялық жоба аясында өнімділікті жылына 30 мың тонна натрий цианидіне дейін арттыру, құрылысты 2025 жылдың желтоқсанында аяқтау және экспортты ұлғайту жоспарланып отыр», деген пікір айтты ол.

рр

Отандық алтын өндіруші компанияларға натрий цианиді, ал минералды тыңайтқыш аммоний сульфаты – ауылшаруашылығы тауар өндірушілері мен былғары өңдеуші кәсіпорындарға жөнелтіледі. Сондай-ақ Ресей, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғызстанға, Өзбекстанға экспорт жасалады. Осылайша кәсіпорын өңір экономикасына да тұрақты табыс түсіріп отыр.

Зауыт құрылысы 2012 жылдың мамырында басталып, 2014 жылдың маусымында пайдалануға берілген екен. Қазір мұнда алты жүзден астам қызметкер жұмыс істейді, орташа жалақысы 298 мың теңгені құрайды. Олардың 80%-ы Қаратау қаласының және Талас ауданының жергілікті тұрғындары. Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекет қазынасы 1 млрд 650 млн теңге көлеміндегі салық түсімдерімен толықтырылса, 2024 жылдың 1 жартыжылдығындағы көрсеткіш 900 млн теңгені құрап отыр.

Айта кетерлігі, компания Қаратау қаласының әлеуметтік саласына жіті араласып, қызметкерлерге материалдық көмек көрсететінін естіп, ішіміз жылып қалды. Арасында қайырымдылық та жасап тұрады екен.

Тағы бір көңіл көншітерлігі, зауыттың өңір экологиясына еш зияны жоқ. Себебі өндіріс ошағы қалдықсыз технологияға негізделген. Қажетті шикізат ретінде газ бен кен қоспалары пайдаланылады.

аа

Натрий цианиді қалай өндіріледі?

Көбіне зауыттарда қауіпсіздік шаралары сақталмай жатады. Сондықтан да халық зауыт жұмысынан қашады. Ал мұнда байқауымызша, қауіпсіздікке баса мән берілген. Өндіріс аймағына арнайы киімсіз ешкімді кіргізбейді. Қалам-қағазын ұстап барған біздің өзімізге де арнаулы киім кигізді.

оо

Өндіріс туралы біршама ақпарат алған соң, ішкі жұмыстарына қызықтық. Зауыттағы баротермикалық цехта су бірнеше мәрте сүзіледі. Натрий цианидін өндіру үшін алдымен табиғи газ катализатордан өтеді. Құрамындағы метанды 89-96%-ға жеткізеді. Ары қарай оған аммиакты қосып, синил қышқылын алады. Сосын синил қышқылына натрий гидроксиді қосылып, натрий цианиді алынады. Осы химиялық түзілістерден шыққан газдың бәрін залалсыздандыру, тазалау кезінде аммоний сульфаты шығады.

пп

«Мұнда барлық қажетті ерітіндіге талдау жүргізіледі. Бізде екі зертхана бар: санитарлық және өндірістік. Зертхана кіріс шикізатынан бастап дайын өнімді шығаруға дейінгі барлық үдерісті бақылайды. Біз натрий цианиді мен аммоний сульфатының жанама өнімін қоса, дайын өнімнің сапасына аралық талдаулар мен толық тексерулер жүргіземіз. Сонымен қатар өндірісте қолданылатын судың толық талдауы жасалады. Жұмыс тәулік бойы жүргізіледі, қызметкерлер 12 сағаттық ауысыммен жұмыс істейді», дейді мамандар

Жобада өндірісті автоматтандырудың жоғары дәрежесі бар. Өндірістік үдерістің мониторингі компьютерлік жүйемен жүргізіледі. Бұл адамдарды қауіпті жұмыс аймағынан алыстатуға мүмкіндік береді. Экологиялық қауіпсіздік те жіті бақыланады.

«Біз натрий цианидін ел ішінде негізінен алтын өндіруші компанияларға сатамыз, сондай-ақ өнімдерді көрші елдерге де экспорттаймыз. Жыл сайын 8-10 мың тоннаға жуық өнім отандық компанияларға сатылады, қалған 5 мың тонна экспортқа жіберіледі. Натрий цианиді автомобиль көлігімен де, теміржол арқылы да жеткізіледі. Өнімдер басқа елдерге пойызбен, жүк көліктерімен жіберіледі»,  деді сату бөлімінің басшысы Эльвира Жақсыгелдиева.

Ал бас технолог Бауыржан Дастанов аталған өндіріс орнына жұмысқа алғашқылардың бірі болып, құрылыстың басы-қасында болған. Зауытқа 11 жылын арнаған маман жұмыстың барысына, өнімнің сапасына жауап береді.

дд

«Біздің мақсат – натрий цианидін өндіру. Оған қажетті шикізаттар: синил қышқылы мен NaOH. Синил қышқылын өзіміз өндіреміз. Бізде үш цех бар. Соның біріншісі – синил қышқылын, екіншісі – натрий, үшіншісі қосалқы өнімдерді шығарады. Ал NaOH тек қоспа ретінде есептеледі. Синил қышқылындағы ең маңыздылары: аммиак, табиғи газ, ауа. Осы үш шикізатты реакторға әрекеттестіру арқылы синил қышқылын аламыз», дейді мамандар. Олардың айтуынша, мұнда натрий цианидін өндіру басқа шетелдік аналогтарға қарағанда жоғары сапада.

Екінші кезең бойынша құрылыс жұмыстары басталды

оо

Зауытты аралап болған соң, біршама уақыт бұрын басталған өндіріс орнының екінші кезеңінің құрылыс алаңына бардық. Қазір құрылыс жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Құрылыс келесі жылы толық аяқталып, іске қосылады деп көзделуде. Нәтижесінде, кәсіпорынның өндірістік қуаты екі есе артпақ.

«Серіктестікке қарасты натрий цианиді зауыты екінші кезеңінің жұмысы белсенді жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары толық біткеннен кейін зауыттың өндірістік қуаты 30 мың тоннаға жетеді. Жоба іске қосылғаннан кейін 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылыс жұмысын жүргізу үшін жеке қаржыдан бөлек, Қазақстанның Даму Банкі мен «Baiterek Venture Fund» АҚ холдингінен инвестиция тартылды. Қысқасы, екінші кезеңнің құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жылдық өнім көлемі айтарлықтай артады», дейді бас директордың орынбасары Әбдіғали Жүнісов.

оо

«Қазақстанның Даму Банкі» еліміздегі натрий цианидін өндіретін алғашқы зауыттың құрылысын, оның экспорттық әлеуетін кеңейтуді және дамытуды көздейді. Бұл қолдаудың стратегиялық маңызы бар, өйткені ол импортқа тәуелділікті азайтады, жаңа жұмыс орындарын ашады, тау-кен металлургия өнеркәсібін нығайтады. Сонымен қатар химия өнеркәсібін дамыту еліміздің халықаралық нарықтағы рөлін күшейте отырып, жаһандық жеткізілім тізбегінде бәсекелестік позицияларды алуға көмектеседі. 2015 жылы Қазақстанның Даму Банкі жалпы құны 80 миллион АҚШ доллары болатын жобаның бірінші кезеңін іске асыруға 49 миллион АҚШ долларын бөлді. Зауыттың қуатын 30 мың тоннаға дейін арттыру жөніндегі жаңа жоба аясында банк 17 миллиард теңгеге қаржыландырды. Бұл жобаны жүзеге асыру 300-ге дейін жаңа жұмыс орнын ашады. 2001 жылдан бастап ҚДБ еліміз бойынша ірі инвестициялық жобаларды белсенді қаржыландырып келеді»,  деп мәлімдеді ҚДБ аға банкирі Бақытгүл Бижанова.

P.S. Қазақстанның Даму Банкі 2015 жылы Қазақстанда қуаты жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндіретін алғашқы зауыттың құрылысын қаржыландырған еді. Енді, міне, екіншісіне де үлесін қосып отыр. Банк 2023 жылдың екінші жартысында құрылысы басталған жаңа зауытты қаржыландыруды қолдап отыр. Бұл зауыт ғылымның соңғы жетістіктеріне негізделген технологиямен салынуда. Зауытты іске қосу мерзімі 2025 жылдың соңына жоспарланған, нәтижесінде жылдық өндірілетін негізгі өнім көлемі - 30 мың тоннаға, жанама өнім 10 мың тоннаға жетеді деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны – 46 млрд теңге. Оның 17 млрд теңгесін ҚДБ қаржыландырды. Сонымен бірге 2023 жылы ҚДБ дайын өнімді өндіру және одан кейінгі экспорттау үшін шикізат сатып алуды қаржыландыра отырып, компанияның экспорттық бағытын қолдады.