Көрме • 03 Желтоқсан, 2024

Ғалым өмірінен сыр шертеді

965 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы музейінде қазақтың тұңғыш академигі, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы, оның тұңғыш президенті, кеңес одағы мен Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, алғашқы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Ғылымға арналған ғұмыр» атты көрме ашылды.

Ғалым өмірінен сыр шертеді

Тарихи тұлғаның мерейтойы аясында өткізілген көрме Ұлт­тық ғылым академиясында орналасқан Қ.Сәтбаевтың мемориалды музейі және 1999 жылы академик есімімен аталған Satbayev University тарихи музейімен бірлесіп ұйымдастырылды. Ашылу салтанатына Қ.Сәтбаевтың жиені, геология-минерология ғылымдарының докторы Александр Третьяков та қатысып, алты жасына дейін қасында еркелеп өскен атасы туралы естеліктер тиегін ағытып, өмірлік мақсатын белгілеуіне ықпалы болған ұмытылмас тұлғаны ықыласпен еске алды.

ыв

Ұлттың біртуар перзентінің рухына тағзым жасап келгендер гиперреалист мүсінші Айдос Есмағамбетовтің «Қаныш Сәтбаев» атты силиконнан жасаған тың ту­ын­дысына бірден назар аударды. Ака­демик Қаныш Сәтбаевтың мұрасы Қа­зақ­станның ғылым және білім тарихында маңызды орын алады. Екі экспозициялық бөлімнен тұратын көрмеде ғалымның жеке заттары мен жеке мұрағаты ұсынылған. Жазу мәшіңкесі, кітап картотекасы, мем­лекеттік наградалары, домбырасы, гео­лог ғалымның ізденісімен табылған, бі­регейлігімен және ерекше түсімен көз тартатын аметист, хольказин, вольфрамит сияқты табиғи минерал тастары, сондай-ақ Қ.Сәтбаевтың геологиялық қазба жұ­мыс­тарында қолданған қайласы, балта, балғасы, жел мен күннің өтінде жүріп ақ­жемге айналған қара былғары күртесі, етігі, портфелі ғылым жолында жанкешті ғұмыр кешкен ғалымның өткен өмірін бір сәтке көз алдына әкеліп, тарихи тұтастықта баяндайды.

ыв

Көрмеге геология және металлогения саласындағы зерттеулерін қоса алғанда, отандық ғылымды одан әрі дамыту үшін негіз болған ғылыми жетістіктеріне арналған мұрағаттық фотосуреттер, құжаттар мен мақалалары, ғылыми еңбектері, басқа да материалдар өткен күннен сыр шертеді. Елімізде геология мен металлургияны дамытуда шешуші рөл атқарған көрнекті ғалым Қ.Сәтбаевтың өмірі һәм қызметімен, ғылыми жетістіктерімен және отандық ғылымның дамуына қосқан үлесімен танысуға кең мүмкіндік береді.

 

АЛМАТЫ