Биыл Жошы ұлысына 800 жыл толды. Оның іргетасын Шыңғыс ханның үлкен ұлы, ержүрек қолбасшы Жошы қалады. Сондықтан жаңа хандық «Жошы ұлысы» деп аталды. Мұның құрамына көптеген түркі тайпасы енді. Қазақ мемлекетінің негізі де осы ұлық ұлысынан басталады.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Жошы әулеті VI ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың санғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді», деп айтқан еді.
Осы айтулы оқиғаға орай елімізде бірқатар іс-шара атқарылды. Соның жалғасы ретінде өткен жиын тізгінін ұстаған Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры, PhD Жандос Болдықов конференция мақсаты – Жошы хан мен оның ұрпақтарына қатысты тарихи мұраны, Алтын Орда дәуірінен қалған жазба ескерткіштерді зерттеу, осы тарихи кезеңмен байланысты ерекше дереккөздерді аудару және ғылыми айналымға енгізу жұмыстарын талқылау екенін жеткізді.
Алдымен конференцияда Алтын орда кезеңіне қатысты үш тарихи кітаптың факсимиле көшірмелері таныстырылды. Мұны қатысушыларға аталған орталықтағы Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас сарапшысы, шығыстанушы Алмат Әбсалықов таныстырды. Шығыстанушы маманның айтуынша, бұл құнды дүниелердің тарихымыз үшін орны бөлек.
Бірінші қолжазба – «Кодекс куманикус» деп аталады. Бұл еңбекті 1303 жылы италиян және неміс миссионерлері жазған. Кітап 164 беттен тұрады. 1-115 бет аралығын италиялық миссионер жазса, 115-тен бастап, 164-бетке дейінгіні неміс ғалымы құрастырған. Қолжазбаның жазылу мақсаты – христиан дінін Алтын орда мемлекетіне насихаттау. Бұл бізге не үшін құнды? Біріншіден, кітап – қыпшақ дилаектісімен жазылған. Демек XIII-XIV ғасырда Алтын орданың ресми тілі түркі тілі болған деп айтуға болады. Қолжазбаның түпнұсқасы Италиядағы Әулие Марк кітапханасында сақталған.
Ал екіншісі – «Шаджарат ал-атрак» атты кітап. Аталған жинақ, шамамен 1425 жылы жазылған деген болжам бар. Кейбір тарихшылар оны XVI ғасырда, Шайбани әулетінің тұсында жазылған деген дерек келтіреді. Өйткені мұнда Шайбани ұрпақтары туралы қызықты мәлімет көп. Әсіресе Алтын орданы билеген хандардың хронологиясы жақсы берілген. Мысалы, Жошының қалай қайтыс болғаны жайында айтылады. Сонымен бірге Шыңғыс ханға Жошының өлімін естірткен Кетбұқа туралы дерек кездеседі. Бірақ Кетбұқаны ұлық жыршы деп атаған. Бұл кітап АҚШ-тағы Гарвард университетінің Хаутан кітапханасында тұр.
Үшіншісі – Натанзидің «Мунтахаб ат-тауарих» атты еңбегі. Қазір құнды кітап Францияның ұлттық кітапханасында сақталған. Мұнда Шыңғыс ханның төрт ұлы мен Бату және оның мұрагерлері туралы хронологиясы жазылған. Сондай-ақ Шағатай ұлысын билеген хандар мен Иранда билік құрған моңғол хандары және жалайырлар туралы тың деректер келтірген. Одан кейін сөз алған орталықтағы Реставрация және консервация бөлімінің жетекшісі Сырым Ботабеков осы қолжазбалардың көшірмесі қалай жасалғаны туралы айтып берді.
Ғылыми конференцияда Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры, PhD Жақсылық Сәбитов «Натанзидің Жошы ұлысының тарихы туралы жазбалары» атты баяндамасында соны деректерді сөйлетті.
«Шын мәнінде, «Ақ Орда», «Көк Орда» деген мемлекет болған емес. Мұны «хан ордасы» деп түсінуге болады. Қазіргі тілмен айтқанда, резиденция. Негізі, мемлекеттің аты – Жошы ұлысы. Сондықтан тарихты бөлмей, жіктемей тұтас қарау керек. Осы талас аустрия мен ресей ғалымдар арасында басталды. Бірақ мұның шындығын қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов жазды», деді ол.
Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Мақсат Алпысбес өз баяндамасында Шығыс деректерін қазіргі тарихи зерттеулерде пайдалану өзектілігі мен әдіснамалық жолдарына тоқталды.
«Адамзат тарихы өркениет тұрғысынан қарағанда, батыс және шығыс өркениеті деп екіге бөлінеді. Шығыс өркениетіне мұсылман аймақтары және мұсылмен емес аймақтар кіреді. Шығыс деректері дегенде, осы таным бізге қалай келді? Өз басым біраз жылдан бері қазақ шежіресін зерттеп жүрмін. Зерттеуге алған басты тұлға – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Бір басына сан түрлі өнер тоғысқан атамыз өмір сүрген XIX ғасырда қазақтың тарихы, ғылыми танымын зерттеу Шоқан Уәлихановтан басталады. Сондықтан тарихымызда Шоқан мұрасының алатын орны ерен. Алдымен Мәшһүр Жүсіп – түркітанушы. Өйткені ойшыл тұлға еңбектерінің қайнар көзі – Әбілғазы Баһадүр ханның «Түркі шежіресінен» басталады. Мәшһүр Жүсіп оның маңызын өте жақсы білген. Екіншісі – қазақтанушы. Өйткені көзі тірісінде халқымыздың барлық ғұрыптары мен мұраларын жинап, қаншама мұра қалдырды. Үшіншісі – бұқартанушы. Егер Мәшһүр Жүсіп Бұқар жыраудың мұрасын жинамағанда, бізге XVIII ғасырдағы қазақ қоғамын тану қиын болатын еді. Бірақ шығыс деректерін дұрыс ажырату білуміз керек», деді ғалым.
Сондай-ақ жиында шығыстанушы Алмат Әбсалықов «Ұрыс хан қазақ хандарының шежіресі: Тұқай-Тимуридтер тұжырымдамасын қайта қарау», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Отырар» кітапханасы ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері Бауыржан Мұстафаев «Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» еңбегіндегі «Орда» сөзінің мағынасы, т.б. ғалымдар баяндама жасап, өркениет тоғысындағы тарихи мұраларды жаңаша зерделеді.