03 Ақпан, 2015

Алтын шайып, мыс қазған

304 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
DSC_4202

«Қазцинк» қазба байлықтарды қарқынды игеруде

Шығыс өңіріндегі іргелі кәсіпорындардың бірі – «Қазцинк» ЖШС. Кәсіпорынға қарасты бір ғана Малеев кенішінен жылына 2 млн. 250 мың тонна қазба алынады. ХІХ ғасырдың соңында барлау жұмыстары жүргізілгенімен, аталған кенішті игеру өткен ғасырдың сексенінші жылдары ғана басталды. Зырян ауданында орналасқан кеніш 2000 жылы толық қуатына жетіп, жылына 2 млн. тоннадан астам өнім бере бастады. Соңғы 15 жыл бедерінде беткі қабатының барлығы аршылған кеніштің тереңдігі 900 метрге жуықтаған екен. Кеніш бастығы Игорь Москаленконың айтуынша, мұнда негізінен мырыш, мыс және қорғасын концентраттары алынады. Барланған кен қоры 20,6 млн. тонна болса, оның 30 пайызын мырыш пен мыс, 70 пайызын полиметалл концентраты құрайды. Өскемен мырыш зауытының барлық шикізаты, «Қазцинк» компаниясы өңдейтін мыстың 85 пайызы осы Малеев кенішінен өндіріледі. Сондай-ақ қазбаның әр тоннасынан 0,54 грамм алтын, 74,86 грамм күміс айырылады. Қазіргі кезде кен қойнауы 18 деңгейлі жиекке дейін аршылды. Кеніш жетекшісі әлемдік талаптарға сай жұмыс істейтін жоспарлау орталығы арқылы жыл соңына дейін 19 қатпарды игеру көзделіп отырғанын жеткізді. Өңір басшысы Даниал Ахметов Зырян ауданына жұмыс сапары аясында кеніштің 12-13 деңгейлі жиектерінде болып, техникалық қызмет көрсету бекетімен, жол аршу және бұрғылау технологиялары, алынған кенді жер бетіне көтеріп шығару, қазбадан босаған ұңғыма үңгірін толтыру және салмағы 11 тонналық пультпен басқарылатын алып машиналардың өндірістегі қызметімен танысты. DSC_4117Кеніште ұңғы түрлері көп, олардың қызметі де әртүрлі. Мәселен, негізгі ұңғы аршылған қазбаны жер бетіне шығаруға арналған. Жер бетіне шығарылған қазба Volvo ауыр жүк тасу тех­ни­каларының көмегімен кен байы­ту фабрикаларына жөнелтіледі. Зырян кен байыту фабрикасында байытылған кен Өскемен мен Риддер қала­ларындағы зауыттарға теміржол арқылы тасымалданады. Қыз­меткерлерді тасуға және ауа алмас­тыру мақсатында пайдаланылатын өзек-ұңғымалар да бар. «Қазцинк» ЖШС президенті Никола Попович қазіргі кезде екі шақырым тереңдікте орналасқан концентраттарды барлау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Кәсіп­орын басшысының айтуынша, барланған кен орны 2030 жылға дейін бүгінгі екі миллион тонналық межені ұстап тұруға толығымен жетеді. Малеев кенішінің ерекшелігі, босаған кенішті толтыруға кейінгі кезде Бұқтырма цементімен бірге граншлактарды үгітіп қолдана бастауы. Сондай-ақ, өндіріс қалдықтары жер астына залалсыздандырылып көміледі. Ал Зырян кен байыту фабри­касы Малеев кенішінен өзге Грехов кен орны қазбаларын, Өске­мендегі мыс зауытының техно­гендік мыс қалдықтарын байы­тады. Фабрика кенді ұнтақ­тау, майдалау, қорғасын тозаң­дарын өңдеу, сүзгі және қойыл­ту бөлімшелерінен тұрады. Ке­шен­нің директоры Владимир Филь­шиннің айтуынша, жыл сайын жаңа техника мен технология енгізіліп жатқан кеніште жұмыс орындары қысқарған жоқ. Бү­гін­де бұл кәсіпорын Малеев кені­ші­нің-610, «Қазцинк-Шахта­строй» және «Қазцинк-Ремсер­вис» серіктестіктерінің 450 қызмет­керін жұмыспен қамтып отыр. Ал «Қазцинк» ЖШС-нің Өске­мендегі мыс зауыты таяуда Ел­басының қатысуымен өткен жал­пы­ұлттық телекөпір барысында та­ныстырылған болатын. Атал­ған кәсіпорын өз жұмысын 2011 жылы бас­тады. Телекөпірде «Қазцинк» ЖШС-нің бас директоры Александр Хмелев Президентке мемлекеттің қолдауының арқасында жаңа технологияларға негізделген мыс және қорғасын өндіретін екі зауыттың іске қосылғанын, нәтижесінде жоғары сапаға ие катодты мыс пен тазартылған қорғасын алынғанын мәлімдеген еді. Зауыт қолданысқа берілгеннен бері 420 мың тонна өнім өндіріліп, барлығы экспортқа шығарылды. Мыс зауыты металды балқытудың тың технологиялары бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, жаңа зауыт мыс концентраттары мен өнеркәсіп өнімдерін австралиялық Isasmelt заманауи технологиясы арқылы балқытуға көшті. Сонымен қатар, өндірісте Германия, Финляндия және Швеция сынды елдердің озық технологиялары қолданылуда. Қазіргі кезде қуаты жылына 70 мың тонна тазартылған катодты мыс шығаруға жететін зауытта көрсеткіш көлемін келешекте 87500 тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, зауыттың әкім­шілік-тұрмыстық кешені, мұра­жайымен де танысқан облыс әкімі Даниал Ахметов «Қазцинк» ЖШС жетекшілеріне қоршаған ортаны өндіріс қалдықтарынан қорғау, ауа бассейнін ластамау, әлемдік дағдарысқа қарамастан өнім көлемін төмендетпеу жөнінде тапсырмалар жүктеді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы. Суреттерді түсірген Сергей СУРОВ.