03 Ақпан, 2015

Еуроодақ етек-жеңін жинай алар емес

228 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Жамбастап жатып алған экономикалық қиындықтарды жеңілдету әзірге мүмкін болмай тұрғаны баршаға мәлім. Қабылданған шешімдер мен қолға алынған шараларға қордаланған мәселелер жонын да сипатар түрі жоқ. Бұлай деуімізге АҚШ, еуроаймақ және өзге де бірқатар елдердің қаржылық қиындықтардың құрсауынан құтыла алмай діңкелеп, талпыныстары мен бұлқыныстарының нәтижесіз аяқталып жатқаны басты себеп болып отыр. Басқаны былай қойғанда, соңғы кездері Еуропалық одақ мемлекеттерінің өзара келіспеушіліктерінен туындап жатқан кейбір дүрдараздықтар мен одағай көріністердің, бір-біріне қарсы айтылған сыни мәлімдемелердің жиі-жиі қылаң беруі аймақтағы мәселелердің оңайлықпен шешілмейтінін аңғартады. Сондай-ақ, бұл жағдайлар Еуроодақтың болашағына күдікпен қарайтындардың түрлі болжамдарына құлай сенетіндердің қатарын көбейте түскендей. Қазақтың «Тау мен тасты жел, адамзатты сөз бұзар» деген нақылын алға тарта сөйлесек, еуроаймақтың келешегіне күмәнді тұлғалардың тарапынан айтылып жүрген түрлі пайымдаулар аталған бірлестіктің жүйкесін жұқартпай тынбайтын тәрізді. Тіпті, мұндай болжамдар жинақтала келіп, осыған дейін орныққан қоғамдық оңды пікірлерге соққы жасап, ақырында еуроаймақ елдері ынтымағының іргесін шайқалтып жіберуі де мүмкін. Қазіргі таңда аталған Одаққа мүше мемлекеттердің ішінде өздерінің саяси-экономикалық, әлеуметтік түйткілдерін шешу ісін бірлестіктің ортақ мүддесінен жоғары қойып, тек қарақан басын ғана ойлап отырған елдер жоқ деп айта алмаймыз. Мәселен, олардың арасын­дағы кейбіреулері еуроның тағдырына көз жұма қарап, өз ұлттық ақшаларының әлеуетін күшейтуге баса назар аударуда. Солай болуы тиіс те шығар. Бірақ, жалпыай­мақтық мәселелердің жүгін бірлесе көтеруге салғырттық жасайтындар Еуропалық одаққа абырой әпермесі белгілі. Тағы бір айта кетер жайт, Еуропа орталық банкінің (ЕОБ) еуроны сауықтыру, оның төмендеген беделін өсіру мақсатында жүзеге асырып жатқан шаралары, әрине, аз емес. Десек те, бұл бағыттағы жұмыстар сыннан көз ашпай келеді. Мәселен, ЕОБ-тың жақында ғана қабылдаған QE (мөлшерлі жеңілдету) бағдарламасын көптеген білгірлер жақтыра қоймады. Джордж Сорос сынды қаржы саласының майталмандары әлгі құжаттың, тіпті, саяси ірі зардаптарға апарып соқтыруы мүмкін екенін ашық мәлімдеді. Бұдан біз ЕОБ-тың еуроны «құтқаруға» бағыттаған шешімдерінде азды-көпті шикіліктердің бар екенін ұғамыз. Осы арада еске сала кетейік, еуро бағамын одан әрі құлдыратпау және экономиканы сауықтыру мақсатында банк 1 трлн. еуро бөліп, оны мемлекеттік мекемелер мен инвестициялық деңгейдегі несиелік рейтингі бар жалпы еуропалық ұйымдардан, сондай-ақ, жекеменшік сектордағы құрылымдардан құнды қағаздар сатып алуға жаратуды ұйғарған. Жоғарыдағы сын-ескертпелер осыған байланысты айтылған-ды. Жалпы, еуроаймақтың әрі-сәрі күй кешуіне әсерін тигізіп отырған жағдаяттар өте көп. Әсіресе, Грекияның ахуалы еуропалықтардың «шашын ағартып» бітті. Алайда, серіктес басқа мемлекеттер бұл елдің бөлініп кетпеуі үшін бар қиындыққа шыдауға ыңғай білдіруде. Ал сыртқы қарызы 340 млрд. еуроға жеткен Грекияның негізгі көзірі әріптес елдерге жайсыздау тиетін «Еуроодақтан шығамыз» деген бір ауыз сөзі ғана болып тұрғандай. Ал Афина аталған бірлестіктен бөлініп кетер болса, онда оның соңынан ілесе жүгіруге дайын тұрғандар табыла кетуі ғажап емес. Бұл жайт орын алса, Еуропалық одақтың тұмсығы тасқа тірелетінін ішіміз сезеді. Дәлірегі, ол өмір сүруін тоқтатуы немесе ықпалы мардымсыз қатардағы ұйымдардың біріне айналуы ықтимал. Иә, біздің көзімізге Еуропалық одақтың бүгінгі жай-күйі осындай сипатта көрініп тұр. Бұған қосатынымыз әлі де көп. Дегенмен, енді жалпылама жағдайлардан жекелеген көріністерге ойысалық.

Грекияға керегі – тиімді реформа

02-01-15-Gretsya01Жаңа үкіметтің халық алдында берген уәде­сін қаншалықты орындай алатынын еш­кім болжап айта алмайды. Елдегі қатаң үнем­деу саясатынан титықтаған әлеу­меттік са­ла­лардағы күрделі мәселелер, жұмыс­сы­з­дық­тың 25 пайыздан асып кеткені, сыртқы қа­рыздың шамадан тыс көптігі кез келген тиім­ді реформалардың өзін жеделдете жүзе­ге асыруға мүмкіндік бере қоймайтыны бел­гілі. Сонда да болса іс басына жаңадан келген министрлер кабинетінің мүшелері қиын­дықтарды еңсеруге тырысып бағуда. Соның бір көрінісі ретінде үкімет дайындаған кең ауқымды реформалар мен басым бағыттар айқындала бастағанын айтуға болады. Бұл жобаларды Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас Еуропарламент жетекшісі Мар­тин Шульцке таныстырып та үлгерді. Алай­да, ел үкіметінің ресми өкілі Гавриил Сакел­­ларидис мәлім еткендей, осы кешенді жос­­парды кеңінен талқылау барысында та­рап­т­ар қатаң үнемдеу саясаты дағдарыстан шы­ғу­ға көмектеспейді деген ұйғарым жасаған. Бұл – сайлау алында қатаң үнемдеуге қарсы әрекет етіп, абырой жинаған «СИРИЗА» партиясының осыған дейінгі ұстан­­ған ба­ғытына қарсы айтылған тұжырым. Пар­тия атынан билікке жеткен тұлғалар осы пікірге орай қандай уәж айтатыны әзірге белгісіз. Егер үкімет әлгі ұйғарымға қатысты жұмған аузын аша қоймаса, онда олар қатаң үнемдеу саясатын жүргізбей оңды нәтижеге жете алмайтындарын мойындап, ел алдында берген уәдесінен тайқып шығуға ыңғай таныт­қаны деп топшылауға болатындай. Ал түзілген жаңа бағдарламалар талқы­ланған соң Еуропарламент басшысы Мартин Шульц: «Грекия билігінің мем­лекетті қаржыландыру жөніндегі ұс­таны­мын еуропалық серіктестерімен бірге қарас­­тырып жатқанына қуаныштымыз. Олар­дың түйткілдерді шешу мақсатында серіктестерімен бірігуі көңілге қонымды», деді. Сол сияқты, өз кезегінде Алексис Цип­рас Еуропалық одақ институттары мен Грекия арасында ешқандай ресми келісімсіз, шынайы сенімге негізделген жаңа қарым-қатынас құруға мүмкіндік мол екенін жеткізді. Осы арада түсіндіре кетейік, министрлер кабинетінің қолға алғалы отырған тың жоспарында сыбайлас жемқорлықпен күрес, мемлекеттік басқару реформасы және әділ салық жүйесі тұрғысындағы көптеген міндеттер қамтылған. Мән бере кетер жайт, Алексис Ципрас Грекия үкіметінің басшысы болмай тұрғанда, яғни сайлау алдында «СИРИЗА» партиясы жеңіске жетсе, елде қатаң үнемдеу талабы тоқтатылатынын, сондықтан қордаланған қарыздарды қайта қарап, оның бір бөлігін жойып жіберетіндерін желпіне жариялаған-ды. Ол сайлау қарсаңында мемлекеттің сыртқы берешегіне қатысты айтылған бұл «жалынды сөзді» еуроаймақ елдерінің басшыларымен кеңесіп барып айтпағаны анық. Өйткені, сол кезде Алексис Ципрасте серіктес мемлекеттердің жетекшілерімен тең дәрежеде сөйлесе алатындай мүмкіндік жоқ еді. Дәлірегі, билік басына келмеген-ді. Айтпағымыз, халық алдында ашық айтқан осы уәдесі жас премьерді сын тезіне салып-ақ тұр. Айтылған уәде желге ұшуы мүмкін. Бұл жаңа үкіметтің халық арасындағы беделіне нұқсан келтірмей қоймайды. Өйткені, еуроаймақ мемлекеттерінің басшылары Гре­кияның сыртқы орасан мол қарыздарын, нақ­т­ысын айтқанда, Еуропа орталық банкі және Халықаралық валюта қорына берешегін қысқартып беруге оңайлықпен келісімдерін бермейтіні анық. Себебі, қазірдің өзінде Еуроодақтағы ең ықпалды мемлекет – Гер­мания канцлері Ангела Меркель Афи­наның сыртқы қарыз­дарын кешіру мүмкін еместігін мәлімдеді. Оның айтуынша, жеке кредиторлар аталған қарыздарды жоюдан бас тартқан. Сондай-ақ, Меркель Грекияға қаржылай жәрдем беру үшін алдымен бұл елде тиімді реформаларды бастау қажеттігін алға тартты. Бұған қоса, канцлер қаржы дағдарысы асқынған бүгінгі таңда Германия Еуропа елдерінің сенімді серіктесі болып қала беретінін жеткізді. Дегенмен, ол дағдарыс тақсыретін тартып отырған Еуропа мемлекеттеріне басқаның көмегіне жүгінгеннен гөрі, өздерінде сауат­ты реформалар жүргізіп, үнемдеу тәрті­біне бағыну қажеттігін ескертті. Ал бұл мәлімдемені есту Грекияның жаңа үкіметіне оңай емес. Өйткені, кеше ғана «қарыз­дар­ды қысқартқызамыз», «қатаң үнем­деу саясатынан бас тартамыз», «өйтеміз-бүй­теміз» деп жүріп билікке жетіп алған­дардың дегені бола қоймасын ескерткен мәлімдеме атқарушы биліктің еңсесін езетіні күмәнсіз. Соңғы деректерге қарағанда, Грекия үкіметі мемлекеттік энергетикалық компания мен мұнай және газ құрылымының акцияларын жекешелендіруден бас тартты. Премьер-министр Алексис Ципрастың айтуынша, олар бұл қадамға елдегі электр қуатының бағасын түсіріп, тек мемлекеттің мүддесіне ғана қызмет ету үшін барған. Осыған байланысты вице-премьер Яннис Драгасакис: «Егер шетелдік инвесторлар жекешелендірілмейтін секторларға қаржысын жұмсаған болса, өз стратегияларын қайта өзгерте алады», деді. Cонымен қатар, үкімет зейнетақы көлемін арттырып, қатаң үнемдеу шаралары енгізілгелі бері жұмыссыз қалғандардың бір бөлігін қайта жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Еске салайық, соңғы 5 жылда қарызға белшесінен батқан Грекия бюджеттің әлеуметтік шығындарын барынша азайтып, жекешелендіру науқанын жүзеге асыруға және басқа да қайта құрылымдау реформаларын жүргізуге міндетті болған. Айта кетейік, жаңа премьер Алексис Ципрас «СИРИЗА» мен «Тәуелсіз гректер» партияларынан жаңа үкімет жасақтады. Нәтижесінде министрлер саны 10-ға дейін қысқартылды. Бұған дейін әлеуметтік шығын­дарды қысқарту және үнемдеу шараларын сынға алып келген Яннис Варуфакис қаржы министрі болса, «Тәуелсіз гректер» пар­тиясының мүшесі Панос Камменос қорғаныс министрі болып тағайындалды. Жалпы, бекітілген үкіметтің құрамында тәжірибелі, танымал тұлғалар өте аз. Алайда, халық осы құрамға үміт артып отыр.

Париж қарыз сұрады

02-01-15-Fransia-02Қазіргі таңда Францияның ең басты мәселесі дефляцияға төтеп беру болып отыр. Тұр­ғын­дардың сауда жасау көлемі күрт төмен­деп, дүкендерді көңілсіздік жайла­ған. Ал ірілі-ұсақты кәсіпорындардың кейбі­реу­лері қатардан шықса, келесілері тоқырау­дың қамытын киюдің аз-ақ алдында. Ал мем­лекеттің қиын уақытта іске қосатын жеке қоры жоқ. Жалпы, еуроаймақтағы экономикасы мықты дамыған деп есептелетін бұл елде тіршілік тынысы сырт көзге қалыпты, ма­мы­ра-жай көрінеді. Жалақы, жәрдемақы және зейнетақы қысқарған жоқ. Сонда да болса, жергілікті тұрғындар келер күндеріне үрей­лене қарайды. Мәселен, Париж тұрғыны Изабель Леку: «Күйеуім зейнеткер. Мен де 15 айдан кейін зейнетке шығамын. Елдегі жұмыс­сыздар әрең күн көріп жүргенін жақсы білемін. Сондықтан ертең біздің жағ­дайы­мыздың қалай өзгерерін ешкім айта алмайды», дейді. Осыдан бірер күн бұрын Франция Еуропа орталық банкінен қаржылай көмек сұрады. Бұл елдегі қаржы тапшылығының алқымнан ала бастағанын сездірсе керек. Бүгінде елде жұмыссыздар саны 3,5 миллион адамға жетті. Сондай-ақ, шамамен 1 млн. 800 мың адам кездейсоқ табыс көзі есебінен күн көруде. Ал осындай қысылтаяң шақта Еу­ропа орталық банкі елдің мемлекеттік қарыздарын сатып алуға ниет білдірді. Осыған орай Францияның бюджет жөніндегі мемлекеттік хатшысы Кристиан Эккерт: «Еуропа орталық банкі экономикасы әлсіреген елдер алдындағы жауапкершілігін осылайша өз мойнына алмақ. Мұндай қолдау шаралары еуроаймақтағы инфляция 2 пайызға жеткенге дейін жалғаса береді. Алайда, бұл монетарлық саясат көлденең тұрған кедергілердің бәрін жойып жібере алмайды. Сондықтан, ел үкіметі де осы бағытта нақты жұмыстар атқарып, тиімді бағдарламалар қабылдауы қажет», деді. Айта кетейік, Испания мен Грекияда дефляция басталып кетті. Италияда нөлдік көрсеткіш тіркелген. Ал Францияда 0,1 пайыздық өсім бар. Дегенмен де, Франция­ның ертеңіне сенімсіздікпен қарайтындар жеткілікті. Мәселен, Франция ұлттық ассамблеясының депутаты Поль Джакоби: «Қабылданған шешімдер дефляцияның алдын алуға жол ашқанымен, қаржы саласындағы алыпсатарлықтың артуына әсерін тигізіп жатыр. Әзірге барлық мәлімдемелер жорамал күйінде қалуда. 2015 жылдың соңында француз экономикасы өседі деу – сондай болжамдардың бірі. Ол қаншалықты расқа айналатынын ешкім дөп басып айтып бере алмайды. Нарықтағы алғашқы өзгерісті наурыз айында Еуропа орталық банкі экономикаға ай сайын 60 млрд. еуродан құя бастағанда ғана нақты аңғаруға болады», деді. Осылайша, дағдарыстың ызғарына тоңуға мәжбүр болып отырған Францияның бар үміті Еуропа орталық банкінде. АҚШ жұмысшылары ереуілге шықты 02-01-15-USA0-03Соңғы уақытта АҚШ-та өздерінің мұң-мұқтажын алға тартып, билікке қарсы наразылық білдіріп жатқандардың қатары көбейе түсуде. Бұған ірі кәсіпорындардағы қысқартулар, түрлі әлеуметтік түйткілдер түрткі болып отырғаны белгілі. Бүгінде мемлекеттегі жұмыссыздар мәсе­лесі алдыңғы орынға шыға бастағаны да жасырын емес. Күні кеше АҚШ-тың 9 мұнай өңдеу зауы­тының жұмысшылары еңбек шартына қарсылық білдіріп, бас көтерді. Оған Royal Dutch Shell мұнай-газ компаниясының еңбеккерлері ұсынған келісімнің ескерілмей отырғаны себеп болуда. Дәлірегі, Техас, Кентукки, Вашингтон және Калифорния штаттарындағы бірқатар мұнай өңдеу кәсіпорындарының жұмысшылары жұмыс көлемінің тым ауыр екеніне және соған бай­ла­нысты басшылық тарапынан ешқандай да ын­таландыру шараларының жоқтығына наразы. Тағы бір жайт, АҚШ-тың болат балқыту өндірісінің еңбеккерлері де жұмыс істеуді доғаруға мәжбүр. Өйткені, олар Shell компаниясының басшылығымен ортақ келісімге келе алар емес. Жалпы, АҚШ-та әлеуметтің көңіл-күйі пәс. Өйткені, қоғамда жиі-жиі орын алып жатқан қысқартулар халықты әрі-сәрі күйге түсіріп отыр. Жоғарыда айтылып өткен жағдаяттар сөзімізді дәлелдей түседі. Дайындаған Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».