Фото: Egemen.kz
Олжас Бектенов Президент тапсырмасына орай ұлттық геологиялық қызмет тиісті қолдау мен өкілеттіктерге ие болу керек екеніне назар аударды. Соған сай оның ғылыми-технологиялық инфрақұрылымын дамыту мәселесі талқыланды.
Үкімет бұл бағытта «Самұрық-Қазына» қорымен бірлескен жұмысты үйлестірудің маңызын да ортаға салды. Енді заманауи технологияларды, оның ішінде жердегі зерттеулерге шығындарды қысқартуға мүмкіндік беретін аэрогеофизикалық түсірілімдер пайдаланылмақ.
Осыған байланысты 30 жыл болған және одан да бұрын алынған геологиялық ақпаратты цифрландыру керек. Бұл деректер әлі күнге дейін қағаз жүзінде немесе пленкаларда сақталып келеді. Бұдан басқа, инвестицияларды тарту мақсатында халықаралық қаржы ұйымдары үшін сертификатталған зертханалық растама қажет.
«Кен көздерін барлау жұмыстарының геологиялық және қаржылық тәуекелдері қашанда жоғары.Әлемдік статистикаға сәйкес, геологиялық барлау жобаларының табысты болуы небәрі 20-30%-ды құрайды. Сондықтан Үкімет осы саланы қолдауға, инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдай жасауға, жаңа ынталандыру тетіктерін әзірлеуге және заңнаманы одан әрі жетілдіруге ерекше назар аударады», деді Олжас Бектенов.