03 Ақпан, 2015

Өмірдің өз өрнегі

400 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Сейфолла 02 02 15Ел басылымы «Егемен Қазақстанның» Астанадағы бағаналы бас ордасында сайдың тасындай бір толқын журналист қаламгерлер шоғыры бар. Олар бүгінгі баспасөз аламанының ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған өрен жүйріктері, қарашаңырақтың бір-бір ұстын-тіреулері іспеттес. «Егеменнің» елдік тұрпатына олжа салып жүрген осы тегеурін­­ді топтың ішінде белгілі көсемсөзші, қазақ журналис­тикасындағы қарымды қалам иесі Сейфолла Шайынғазының орны бөлек дер едік. Орнының бөлектігі бас редактор­дың орынбасары болғандықтан емес. Өз орнындағы бесаспаптығымен. Өзі қадағалап жауап беретін экономика саласын, былайша айтқанда, жақсы меңгеруімен, өндіріс пен өнер­кәсіп, индустрияландыру мен инновация тақырыптарын жете зерделеп, зейіндеп көрсете білуімен бедел­ді біз­дің Сейфолла өз ортасында. Газет­тің кәдімгі хат қорытар, материал қарар, үстінен айтып аударып тас­тар, ма­ңызды оқиғаға шұғыл үн қосу, нөмір­ге жедел автор мақаласын дайындай қою сияқты, т.б. толып жатқан қара жұ­мысы. Ауадай керек жұмысы. Соның қай-қайсысына болсын Сейфолла ай­рық­­ша шаппай кер. Газеттің жұмысы алдынан үркіп қашады. Уақытпен са­нас­­­пайды. Жұмысқа кіріп кетеді. Күн­де-­күнде таңның атысы, күннің баты­сы­ солай. Соған да қыңқ демей шыдас бе­ретін осы Сейфолладай қара нарлар. Сейфолланың өзі қандай қарапа­йым, болмысы қандай кең де көнтерілі болса, жазғандары да сондай, арзан жылтырақ­қа әуес емес. Мақалаларын мұқым қазақтың құнарлы жалпақ қара тілі тартымды етіп тұрады. Тақырыптары да қолмен қойғандай нақты, көтеретін мәселелері де қоғамға, халыққа барынша қажетті, толғақты болып келеді. Алысқа бармай, «Егеменде» жақында ғана шыққан «Қос түйін» атты байыптама мақаласын алайықшы. Сейфолла жұртшылықты толғандырып, шымбайға батқан екі мәселені жалынан ұстапты да, ішек-қарнын жарқырата ақтарып салыпты. Бірі – автокөліктерде балаларды арнайы отырғышпен алып жүру де, екіншісі – он екі жылдық білім. Әріптесіміздің осы жұрттың жүйкесін жұқартқан түйткілді жайларды өзінің ішкі жанайқайын қоса, байсалды білгірлікпен шебер тарқатуына тәнті болмай қала алмадық. Және бір бұл емес, әманда сөйтеді. Он сан талқылы тақырыптарды ұршықтай үйіріп, асықтай алшысынан түсіреді. Сөз бен істің бірлігіне шақырады, дәстүрдің озығы мен тозығын заман тұрғысынан түйсіндіреді, өз жеріңде өгей болғаннан сақтандырады, ертеңгі күнде есеміз кетпес үшін не істемекті пайымдайды, бизнес қашан біздің іс болады?.. деп те шырылдайды, қақпа­қыл­ға түскен қазақ тілі мен ділдің де қамын ойлап қабырғасы қайысады. Не нәрсені жазса да ой түйіндерінің орнық­­тылығынан, пайымдарының пара­сат­­тылығынан айнымайды. Небір күйіп тұрған мәселедегі Сейфолла тол­ғам­­­дары қашанда өмірдің өзіндей өрнекті. Неге бұлай десек, Сейфолла жур­налистік жұмысқа ҚазГУ-дің аудиториясынан емес, өмірдің ортасынан келген екен. Мектепті бітіре сала әскери борышын өтейді. Одан келе әке-шешеге қарайлап туған ауылында үш жыл механизатор болады. Одан табаны күректей жеті жыл өзі бітірген Мереке орта мектебінде мұғалімдік қызметке байланады. Өмірдің қайнаған ортасында жүріп Сейфолла жанына өлең-жырмен, өнерді серік етті. Көпшілдігі, қоғам істеріндегі көбегендігі бір бөлек, жүрегінде жыр тұмасы толқын атады, ақындық оты алаулайды, әншілік дарыны жалаулайды. Аудандық, облыстық, республикалық ақындар айтыстарына қатысып, қасиетті ордаларға қадам басады. 1982 жылы Кенен Әзірбаевтың 90 жылдығына арналған мерекелік үлкен концертте өнер көрсетіп, Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында шырқатып ән салады. Сол бұла жастық шағында «Шешілмеген жұмбақтаймын мен деген, Сезімімді мазалы дерт меңдеген. Біле-білсең, байлықтан да кенде емен, Арман атты қазынам бар теңдеген. Көңіл шіркін көсіле алмай қаяулы, Сезем, білем, мен күткен сәт таяулы. Бұл сапарда жолдассыз да емеспін, Мақсат деген серігім бар аяулы», деп кіршіксіз сезіммен ақтарыла, мөлдірей жырлаған Сейфолла өмірдің өрелі жолын таңдады, азаматтық мақсаттың да, ақындық арманның да көшінен қалмады. Тұманбай ағасы: «Сейфолла деген бір жақсы ақын шығатын болды», деп қуанып, бір топ өлеңін «Жалын» альманағына бастырды. Ал Фариза Оңғарсынова 1988 жылы Целиноград қаласында өткен жас ақын-жазушылардың семинарында өлеңдерін тыңдай отырып: «Мына Сейфолла Алматыда ақын­мын деп бөркін аспанға атып жүрген біраз ақыннан ілгері», деп баға берген еді. Бүгінде Сейфолланың «Жолай­рық», «Көңіл көкжиегі», «Дүние-дәурен» жыр кітаптарын парақтаған сайын қазақта Сейфолла Шайынғазы деген жақсы ақын бар екеніне, өзі кеуде қақпаса да, біздің көзіміз кәміл жеткендей. Ал журналистік жолды өмірдің бел ортасынан келіп 1985 жылы бас­тады. Ақырын жүрсе де, анық басып­ты. Сырттай оқып журналис­ти­ка факультетін бітіріп алыпты. Бас­пасөздің өз адамы Сейфолланы Қостанайдың облыстық «Коммунизм таңы» газетіндегілер де жатсынбады. 1990 жылы облыстық «Торғай таңы» газетіне бөлім меңгерушісі болып ауысқанында торғайлықтар да тосырқамады. Қайта облыстық телерадиокомпания төрағасы, жалпақ елге белгілі азамат, айтыскер ақын Қонысбай Әбіл өзіне орынбасарлыққа шақырды. Одан кейін облыс әкімінің аппаратында сектор меңгерушісі, әкімнің баспасөз хатшысы сияқты жауапты қызметтерді атқарып, қарым-қабілетін де, тындырымды тиянақтылығын да таныта білді. Сол қасиеттерімен, ерекше кәсібилігімен соңғы 19 жыл бойы «Егеменнің» ерен торысы болып келеді. Көсемсөзші Сейфолланың қалам қуаты, таным зияты «Ойтамызық» жинағынан анық көрінеді. Тәржіма саласындағы таңдаулы дүниелері «Ой-қазына» антологиясына кірді. Соған орай шығармашылық еңбегі де еленбей қалған жоқ. «Құрмет» орденін еншіледі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты болды. Мына бір жайды еске алмасақ Сейфолланың қырлары толық ашылмас деп ойлаймын. Тоқсаныншы жылдардың басында Торғайда орыс газетінде орыс тілділер түрлі қысым көріп Қазақстаннан кетуге мәжбүр болып жатыр деген кесірлі-кердең мақала шықты. Жұрт аң-таң. Сейфолла бұл көрінеу жалаға, аққа қара жаққанға шыдамай, намысқа қамшы басып бар орысшасымен тырбанып орыс тілінде қарсы мақала жазып, әлгі облыстық газеттің редакторынан талап етіп, соны қояр да қоймай шығартқызды. Сөйтіп, сөз атасын өлтірмей, жойдасыз жалаға жөн жауап беріліп еді. Бұл өжеттігіне ел риза болып еді сонда. Иә, азамат Сейфолланың, ақын Сейфолланың, журналист Сейфолланың табиғатына енжарлық жат. Түйткілдің сырын ашуға құмар. «Жайқалып өскен қып-қызыл гүлдер Мезгілі жетпей солады неге? Төрт құбылаң түгел толайым күнде Көңілдер мұңға толады неге?.. Атағы дардай адам боп туып, Арға сын түсер кенделік неде? Аласы бардай қыр-соңнан қуып, Қалмайды бізден пенделік неге?..». Өмірде де, өлеңде де, ойлы тол­ғам­дарында да «Неге?» деген сұрақты қоя алған, сыры терең Сейфолланың ақиқаттан айнымас өрелі биіктерге өрлей беруіне біз де тілеуқормыз. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.