Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жықаң ауылда ұзақ жыл мал бақты. Бар өмірі елдің шетінде, желдің өтінде өтті. Сондықтан оны ауылдан анда-санда көретін едік. Кейін кеңшар тарады. Ата-әжелеріміз бен аға-апаларымыз маңдай терін төгіп баққан отар-отар мал екі-үш жылда ұшты-күйлі жоқ болды. Жықаң ұжымшар тарағаннан кейін ауыл іргесіндегі бұрынғы бөлімше орталығы Тойтөбеге көшіп келді. Мұнда бас-аяғы оншақты үй ғана бар. Бәрі де малшы отбасылар. Енді Жықаңды жеңгемізбен ауылдан жиі көреміз. Жиын-тойдан қалмайды. Көкем өнерден де қара жаяу емес. Екі-үш ауыз өлеңді табанда құрастырып, домбырамен «әу» деп шырқап жібереді. Үнемі екеуі бірге жүреді. Бір қарасақ, Тойтөбеден ауылға құлдилап келе жатады. Бір қарасақ, екеуі үйіне кетіп барады. Алдында аяғын адымдап басып бара жатқан жеңгеміз. Өйткені бұл кісі жылдам жүреді. Жеңгеміздің жаяу жүрісіне екінің бірі ілесе алмайды. Ол ауылдағы «мен – марафоншымын» деген жас жігіттердің өзін шаң қаптырып кеткен. Бейнелеп айтқанда, оның жүрісіне аттылы адам ғана ілесе алады. Бір күні соның сырын апамнан сұрап едім: «Е, ол абысыным, Көкдөненге тартқан ғой» деді. Апам айтып отырған «Көкдөнен кім?» түк түсінбедім. Қайта сұрап едім:
– Оны қайтесің, бар бұзауды айдап әкел. Қазір сиыр келеді, – деп өзімді жұмсап жіберді. Сөйтіп, бұл тақырып жабық қалған. 90-жылдардың аяқ кезінде жеңгеміз ауырып, өмірден өтті. Жықаңа оның қайғысы қатты батты. Үйінен шықпай жатып алды. Екеуінің арасында бала болғанда қандай болар еді? Жоқ дегенде, көкеме қолғанат болып жүруші еді. Әйтеуір Жықаң қайғының құдығына құлап кетпеді. Еңсесін қайта тіктеп, ағайын ортасына оралды. Жеңгемізден кейін біраз жыл жалғыз ғұмыр кешіп, былтыр дүние салды.
Ал менің ойымнан апам айтқан «Көкдөнен есімді адам» кетпей қойды. Бұл кісі өткен ғасырда ортасында Торғай өңірінде өмір сүрген. Ерекше қасиеті болған. Әсіресе ел арасында оның жүрдектігі туралы аңыз-әңгіме көп. Ылғи жаяу жүреді. Межелі жерге көліктен бұрын жетеді. Оның жүрісіне ешкім ілесе алмаған. Ескі сөзге құлағы түрік Бақытбек Байтеміров ағамыз оны бала күнінде көргенін айтады.
«1959 жылдың қоңыр күзі. Көнелеу қоңыр тақияның сыртынан бозғыл жұқа жалбағайы бар, ұзын ақ көйлек киген жалаң аяқ адам үйге келді. Бет пошымы кинодағы өзбек шалдарына ұқсайды. Даладан жуынып келген соң отыра қалып, екі аяғын көтеріп, шоқ аяқтың үстіне ұстап қыздырды. Не айтқаны есімде жоқ. Бірақ маған оның ешкімге ұқсамайтын кескін-келбеті айрықша әсер етті. Сол бейнесі көз алдымда сақталып қалды», дейді ол.
Бірде Торғайда әжептәуір қызмет істейтін бір басшы жеңіл көлігімен жол үстінде жаяу кетіп бара жатқан Көкдөненнің жанынан оны шаңға көміп, зымырап өтеді. Әлгі азамат көлігімен ызғып Торғайға келсе, Көкдөнен сонда жүргенін көрген. Таңғалыпты. Ел ішінде ол жайында осындай оқиғалар көп. Біреулер ол соғыста жарақат алған, содан ерекше қасиет пайда болған дейді. Енді біреулер бала жасынан қонған деп айтады. Дегенмен ел-жұрт оның ерекше қасиетін біліп, қатты қадірлепті.