Егін жинауда облыстағы дәнді дақылдардың жалпы алаңы 169,2 мың гектарды құраса, майлы дақылдар 23,7 мың гектарға егілді. Сондай-ақ 10,4 мың гектар картоп, 15,5 мың гектар көкөніс, 1,8 мың гектар бақша дақылдары, 0,2 мың гектар қант қызылшасы және 198,4 мың гектар азықтық дақылдар қамбаға түсті.
Жүгері егілген алаң 50,4 мың гектарды құрайды, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4,3 мың гектар азайған. Қазіргі уақытта 36 мың гектар (71,3%) жүгері жиналып, өнімділік гектарына орташа 70,6 центнерді құрады. Бұл көрсеткіш бойынша жалпы 254,9 мың тонна жүгері жиналды, ал жалпы жиналған өнім көлемі 378 мың тоннадан асады деген жоспар бар.
Алматы облысында жыл сайын жиналған жүгері мен басқа да дақылдарды қабылдап, өңдеумен 3 кәсіпорын, атап айтсақ, Панфилов ауданындағы «Жаркент крахмал-патока зауыты» ЖШС, Қарасай ауданындағы «АзияАгроФуд» АҚ және Жамбыл ауданындағы «Көк Теңіз» ЖШС айналысады.
Қазір «АзияАгроФуд» АҚ зауыты 25 мың тонна жүгері қабылдады, орташа бағасы 50 мың теңге көлемінде. «Көк Теңіз» ЖШС 62-65 теңгеден 5 мың тонна жүгері қабылдаған, ал желтоқсан айының ортасына дейін тағы 15 мың тонна жүгері қабылдауды жоспарлап отыр. Облыста құс фабрикалары килограмына 74 теңгеден 800 тонна жүгері сатып алды.
Алматы облысында дәнді дақылдарды сақтау, кептіру және қабылдау жұмыстарын атқаратын 3 лицензияланған кәсіпорын бар. Олар – «Байсерке Агро» ЖШС, «Agro-food» ЖШС және «Балтабай Дән» ЖШС. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданындағы «Наниев К.И», «Будан», «Хайдаров» ШҚ, Жамбыл ауданындағы «Олжас», «Шкаев» ШҚ астық кептірумен айналысады.
Биыл Алматы облысы картоп пен көкөніс өнімдерінде де көңіл тоғайтарлық нәтиже көрсетті. Осы жылы 741 мың тонна картоп және көкөніс-бақша өнімі жиналды. Бұл облыстың ішкі нарығын толықтай қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Картоптың орташа бағасы – 213 теңге, пияз – 146 теңге, сәбіз 163 теңгеден бағаланған. Пияз өнімінің көлемі ішкі нарықтың қажеттілігінен екі есе артық. Қазіргі кезде облыс 50,6 мың тонна пияз жинады, оның 24,4 мың тоннасы ішкі тұтынуға, 8,1 мың тоннасы маусымаралық кезеңге сақталған. Облыста пиязды сақтау үшін 29 көкөніс қоймасы іске қосылған, олардың жалпы сақтау сыйымдылығы 57,2 мың тоннаға тең. Сонымен қатар шаруашылықтар пиязды уақытылы өткізу үшін ірі сауда желілерімен, супермаркеттермен келісімшарттар жасасып жатыр.
2024 жылға арналған су үнемдейтін технологияларды енгізу жоспары облыста 42,6 мың гектарды құрайды. Бүгінде су үнемдейтін технологиялармен қамтылған алаң 43,1 мың гектарды немесе 101,3%-ды құрайды, оның ішінде тамшылатып суару – 18,4 мың гектар, жаңбырлатып суару – 24,7 мың гектар (жаңа алаң 22,5 мың гектар, оның ішінде тамшылатып суару – 8,8 мың гектар, жаңбырлатып суару – 13,7 мың гектар).
Сонымен қатар облыста су үнемдейтін технологияларды сатып алу мүмкіндігін арттыруға тамшылатып суару жабдықтарын өндіретін зауыт жұмыс істейді. «Жібек жолы» ЖШС бастапқы кезеңде су үнемдейтін технологияларға 10 миллион доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Компания тамшылатып суару жүйесіне арналған құрамдас бөліктерді шығарумен айналысады. Өндіріске бөлінген жер учаскесінің аумағы – 8 гектар.
Облыстың аграрлық секторында ішкі нарықты тұрақты түрде қамтамасыз етуге тиімді логистика мен сауда желілерімен байланыс орнату қажет. Сонымен қатар егін жинау жұмыстарына қажетті техниканың тиімді пайдаланылуы, астықты сақтау инфрақұрылымының дамуы егін шаруашылығының тұрақты дамуына ықпал етеді.
Алматы облысы