Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Біз бұл бағытқа дайындықсыз келген жоқпыз. Әуелі импорттық тауарлардың үлесін төмендетіп, өз өндірушілерімізді қолдадық. «Үкімет экономикалық патриотизм ұстанымында берік тұр. Біз әрдайым отандық өндірушіні қолдаймыз. Бұл – әрбір әкімнің және салалық министрлердің міндеті. Оның үстіне оны орындау – ұсынымдық емес, қатаң міндетті сипатқа ие», дейді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Ішкі нарықты қолдау жөніндегі шаралар заңнамалық деңгейде бекітіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сатып алу рәсімдерін жүргізу кезіндегі талаптарды қатаңдататын «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңға қол қойды. Сатып алу сапасын бақылауды одан әрі күшейтуді көздейтін түзетулер енгізілді. Өзгерістер отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін енгізуді көздейді. Тізілімге енген кәсіпорындар мемлекеттік қолдау шараларын басым тәртіппен алады. Компаниялардың қызметін бақылау онлайн режімде цифрлық скрининг негізінде жүзеге асырылады, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Мониторинг салық және кеден қызметтері, еңбек инспекциялары және басқа да ведомстволар тарапынан жүргізіледі.
Экономист Берлин Иришевтің айтуынша, экономикалық патриотизмнің екі түрі – жаһандану мен интегарциялануды бір-бірінен ажырату қажет. Жекелеген елдерде екі бағыт та мемлекеттік қолдауға ие. «Бүкіл әлемде патриотизм толқынының қысымымен елдер өз стратегиясын қайта қарап жатыр. Бәлкім, белгілі бір кезеңде біз өз менеджерлеріміздің даму және бейімделу қабілетін жете бағаламай қателік жасаған шығармыз. Бірақ қай бағытта болса да біз қырағылық танытуымыз керек. Шетелдік инвесторларды асқақтатсақ та, отандық нарықты, ұлттық инвесторды аласартпауымыз керек», дейді Б.Иришев.
Экономикалық сарапшы Сапарбай Жобаевтың айтуынша, біз патриотизмді тек идеологиялық тұрғыдан енді ғана сараптап жатырмыз. «Бұл ретте жергілікті басылымдар аяғынан енді тұрып келе жатқан бизнесті жан-жақты дәріптегені маңызды. Экономикалық патриотизм – танымал термин. Бірақ оның мағынасын бейбіт уақыттағы патриотизмнің жалпы ұғымы сияқты нақты айқындау қиын. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, әлемдік экономика дамуы бәсеңдеген кезде патриотизм тақырыбы алға шығады», дейді сарапшы.
Сарапшы айтып өткендей, мұндай жағдайда отандық өндірушілердің патриотизмін қалыптастыру оңай емес, бірақ мұны жеке бастамаларды қолдау мен көтермелеудің келесі танымал шаралары арқылы жасауға болады. Мәселен, отандық тауарға деген сұранысты арттыру, елдегі әлеуметтік төлемдердің деңгейін көтеру, отандық өндірушілер үшін салық салу схемаларын жеңілдету және салық салуды оңтайландыруға басымдық берілгені тиімді шешім болмақ.
Экономикалық патриотизм қалыптастыруда дамыған елдердің моделін үлгі ретінде қарастыруға болатындай. Мәселен, неміс патриотизмін мысалға келтірсек, ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін Германияның аз уақытта ес жиюына зауыттар ашылып, сөрелерінде отандық тауарлардың пайда болуы себеп болды. Неміс қоғамында «тауар алсаң, немістің өнімін ал, ақша жұмсасаң, немістің маркасына жұмса» деген қағида қалыптасты.
«Бірнеше жыл бұрын Мәскеуде өткен жиында Жапония үкіметінің ауыл шаруашылығы сегментіне жауап беретін мемлекеттік қызметкері күріш өсіретін фермерлеріне мемлекеттік қолдау туралы баяндама жасады. Кейін үзілісте әлгі кісімен жолығып, мұның себебін сұрадым. Себебі ол елде күріш өсірудің қымбат екенін, ішкі нарығы қытай күрішіне толып тұратынын білетінмін. Бірақ солай болса да үкімет күріш өсіретін фермерлерді қолдап отыр. Кейін екеуара әңгіме кезінде әлгі шенеунік жапон фермерлерінің 70 пайызы күріш өсірумен айналысатынын, мемлекет тарапынан қолдау болмаса, фермерлер жұмыссыз қалатынын айтты. Осы сияқты біздің Үкімет те халықтың қандай бағытқа бейім екенін, қай аймақта бизнестің қай түрін дамытуға болатынын зерделейтін кез келді», дейді С.Жобаев.
Сарапшы осы ретте қазір дайын өнімдер шығаратын кәсіпкерлердің бәрі еліміздің патриоттары екенін айтып өтті. «Жуырда Қаржы министрі Мәди Такиев отандық тауар өндірушілерді қолдаудың жаңа шаралары отандық кәсіпорындармен жасалған шарттар санын 58%-ға арттыруға мүмкіндік бергенін хабарлады. Бұған қоса, қолданыстағы мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алуы қағидаларына өзгерістер енгізілді. Квазимемлекеттік сектордың сатып алуларында бір көзден сатып алу тәсілімен оффтейк-келісімшарттардың нысанасы болып табылатын тауарларды сатып алу міндеттелді. Мұның бәрі экономиканың шикізаттық емес бағытқа басымдық беруіне мүмкіндік береді», дейді С.Жобаев.
Елімізде бір ғана жылыжайға қажетті шикізат өнімдерін өзіміздің кәсіпкерлер де шығарып жүр. Бірақ олардың өнімдері ресейлік немесе қытайлық балама өнімдермен бәсекеге түсе алмайды. Ресейде қажетті шикізат өздерінде шығарылса, біздің кәсіпкерлер шикізатты Қытайдан алады. «Алыс-жақын көршілеріміздің бәрінде өз елінде шығарылатын тауарлардың импорттан келетін баламасына шектеу енгізудің көптеген тәсілі бар. Полиэтилендерге түрлі демпинг қолданып, сонымен бір мезгілде тауар өндірушілер үшін коммуналдық тарифке жеңілдетілген баға арқылы қолдау көрсетуге болады. Бізде мұнай өңдейтін зауыттардың жанында күнделікті тұрмыста қолданатын тауар өндіруге мүмкіндік беретін шикізат баршылық. Әрбір зауыттың жанынан ондаған кәсіпорын ашып тастауға мүмкіндік бар. Егер протекционистік саясатқа басымдық берсек, өзімізге қажетті шикізат өзімізде қалады», дейді С.Жобаев.
С.Жобаев айтып өткендей, инвестициялық климат шетелдік инвесторларға да, отандық инвесторларға да бір деңгейде болуы тиіс. «Ұлттық инвесторлар ішкі нарықта, экономикада қозғаушы күшке айналған кезде экономикалық патриотизм қалыптасады», дейді ол.
Ал келесі сарапшы, «Kelun-Kazpharm» компаниясының атқарушы директоры, Мерей Сламұлы шикізат тапшылығы бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырғанын айтады. 500 адамды жұмыспен қамтып, 20 шақты түрлі дәрі өндіретін зауыт басшысы фармацевтика индустриясы соңғы бес-алты жылда ғана мемлекеттік қолдаудың дәмін сезе бастаған. «Мемлекеттік қолдау бизнестің дамуына тек жанама түрде ғана әсер етеді. Мемлекет бұл ретте экспорт пен импорт арасындағы баж салығының деңгейін ішкі нарықтың мүддесіне қарап бейімдейтін саясатқа басымдық беруіміз керек. Бізде дәрі-дәрмек өнімдерінің «наны» – дәрі шикізаты Қытай мен Үндістаннан жетеді, тіпті сұйық дәрілерді құятын флакон шикізаты пропилен де шетелден жеткізіледі. «Егер осы мәселе шешілсе, отандық өнім түрлері шетелдік баламаларына қарағанда кемі 20 пайызға арзан болады. Егер фарм индустриясы ғылыммен интеграцияланса, әлемдік нарықтағы үлесіміз артады», дейді Мерей Сламұлы.
Сарапшының сөзінше, экономикалық патриотизм бізде кенжелеп дамып келе жатыр. Кейінгі толқынға ұлттық өнімдермен мақтану үшін біраз шаруа атқарылуға тиіс. Дәл қазір отандық өнім жетерлік, кәсіпкерлер өнім өндірудің барлық саласында бағын сынап жүр. «KazTigerTape» ЖШС ішкі нарықта скотч өндірісімен айналысады, полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеп, кәдеге жаратады, ішкі нарықта осы өнімдердің 40 пайыз үлесі осылардың қолында, «Қазақстан» шоколадын өндіретін «Рахаттың» сан түрлі тәттісі шетелдік өнімдерден артық болмаса, кем емес. «Маслозавод №1» «Шедевр» майы елімізде шығарылады. Жеміс шәрбаттары мен жеміс-жидек пюресін өндіретін «SKbar» компаниясының тәттілері тек өзімізде емес, берісі Ресейде, арысы ЕО елдерінде танымал. «Тек тұтынушы мейлінше Қазақстаннан шығатын өнімдерге көбірек қол созса болғаны. Экономикалық дамудың алғашқы сатысындағы бизнес үшін халықтың қолдауы күш береді. Ал бизнесте бастапқы кезде санға емес, сапаға басымдық бергендер ұтады» дейді М.Сламұлы.
Ал келесі сарапшы Махамбет Асабаев экономикалық патриотизм көп ретте ішкі нарықта өз өнімін шығарумен айналысатын кәсіпкердің табандылығына байланысты екенін айтады. Әрбір кәсіпкер өзі шығарған өнімге өз баласындай қараған кезде ол халықтық қолдауға ие болады.
«90-жылдардағы қоғамды қазіргі деңгеймен салыстыруға болмайды. Қоғам да, бизнес те өсті. 2000 жылдардың басында құрылыс қолғабын шығаруға шешім қабылдаған кезде ішкі нарықтағы осы сегмент Қытай мен Ресей бизнесінің үлесінде болатын. «Мен нарыққа сапалы өнімдермен кіргім келді. Елімізде құрылыс материалдары жасалатын шикізат өндірілмейді. Жіпті Қытайдан, қолғаптың жұмыс бетіне қолданылатын ПВХ қабатын Ресейден әкелу керек. Бірақ сапасына басымдық бердік. Нәтижесінде, елде мұнай сегментіндегі ірі шетелдік компания біздің өнімдерге тапсырыс бере бастады. Қазір нарықтағы үлес те өсіп келеді. Нарықтағы сұраныс тек сапаға ғана басымдық беретінін өз тәжірибемізден білеміз», дейді М.Асабаев.
Сарапшы айтып өткендей, экономикалық патриотизмнің нәтижесін тауар нарығындағы үлесімізге қарап тануға болады. Бұл жағынан әзірге ұяттымыз. «Экономикалық патриотизм мәселесі соңғы онжылдықтарда күн тәртібінен түскен жоқ. Бірақ мемлекеттік деңгейдегі қолдаулар популистік бағыттағы акция деңгейінде өтті. Сауда желілеріндегі тауарлардың үлесін отандық тауар есебінен толықтыруды міндеттейтін шартты заңды қолданысқа енгізетін кез келді. Ол үшін Үкімет дайын өнім шығарумен айналысатын сегментке мойын бұрып, қандай мәселелермен бетпе-бет қалып отырғанын көзбен көру керек. Қазір бизнес тауар шикізатына аш. Қарашаның басында Үкіметте мұнай-газ химиясын жетілдіруге шикізат тапшы екені, мұнай-газ химия саласында аса қымбат бірнеше жоба жүзеге асырылып, газ өңдейтін зауыттар іске қосылғанын, бірақ шикізаттың тапшылығынан толыққанды жұмыс істей алмай отырғанын айтты. Еліміз мұнай-газ өндіруші ел бола отыра, одан табыс табатын әлемдік көлемінің небәрі 0,1 пайыздық үлесіне ғана ие екені белгілі. «Шикізат тапшылығы отандық тауар өндірумен айналысатын сегменттің дамуын тежеп отыр. Үкімет осы мәселені шешсе, қалған мәселені бизнес реттейді», дейді М. Асабаев.
АЛМАТЫ