ҚОСТАНАЙ.17 маусым. Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінде суицидке қарсы шаралар жөнінде кеңейтілген семинар-кеңес өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Онда күрделі тақырыпты талқылау үшін облыстық ішкі істер департаментінің госпиталь-емханасы мен облыстық психиатриялық ауруханасының психолог дәрігерлері, Дін істер жөніндегі облыстық басқарма, діни конфессиялар, қалалық прокуратура өкілдері, қорғаныс істер жөніндегі департаменттің және құқыққорғау органдарының психологтары шақырылды.
Семинар-кеңесте Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Тлағат Кәкімов: «Республикалық ішкі істер министрлігі бұл күрделі жағдайға аса мән беріп отыр. Ұжымдарда моральдық-психологиялық жағдайы зерттелуі, келеңсіз жағдайдың алдын алу үшін үздксіз жұмыстар жүргізілуі тиіс», деді.
Қостанай облыстық психиатриялық ауруханасының психологы Н. Семиновская облыста және жалпы республика көлеиінде орын алған суицидтік оқиғалар, адамдарды суицидттік шешімге мәжбүрлейтін себептер мен факторлар жөнінде айтты. Қостанай облысының Діни істер жөніндегі басқарманың бас маманы Н.Әбішов діни экстремизм және терроризмге әсер ететін суицидтік ойдың пайда болуы, содан кейін оны істеу тақырыбын ашып айтты. Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің өкілі - Наиб-имам Бақытжан Икрам және Орыс православиялық шіркеуінің өкілі– протоирей Виталий Глеба өз өміріне өзі балта шапқан жандарға діннің қатынасын түсіндірді.
Мұнан кейін құқық қорғау органдарының психолог мамандары жеке құраммен тәжірибе алмасты.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz