Қоғам • 04 Желтоқсан, 2024

Астанада тұрғындарды мекенжай бойынша тіркеу тәртібі өзгереді

62 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада тұрғындарды мекенжай бойынша тіркеу тәртібі өзгереді, деп хабарлайды Egemen.kz «Хабар» арнасына сілтеме жасап. 

Астанада тұрғындарды мекенжай бойынша тіркеу тәртібі өзгереді

Мамандардың айтуынша, елордада 35 шаршы метрге 625 адамды тіркеген «резеңке пәтерлер» анықталған.

«Астанада адамдарды тұрғылықты және уақытша мекенжай бойынша тіркеуге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр. Егер ол қабылданса, онда бұдан былай бір үйге жүздеген азаматты есепке қою мүмкін болмайды. Мұндай талап республикалық маңыздағы өзге де қалаларда қолданылмақ. «Бұл тіркеу тәртібін ретке келтіріп, ірі шаһарлардың даму жоспарын нақты түзу үшін қажет», дейді мамандар.

Жыл басынан бері Астанада ондаған азамат тіркелген 35 пәтер анықталған. Осы заңсыздығы үшін олардың иелеріне салынған айыппұл көлемі миллион теңгеден асады. Ал 35 шаршы метрлік баспанасына 625 адамды тіркеген елордалық тұрғынға қатысты қазір қылмыстық іс жүріп жатыр.

«Бір пәтерде тіркелген адам саны 20-дан асса, біз оны «резеңке пәтер» деп есептейміз. Тексеру барысында бір пәтерде 100 адамға дейін тіркелген фактілер кездесті. Олардың барлығын  әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Меншік иелерін халыққа қызмет көрсету орталықтарына апарып немесе өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы  тіркеуден шығардық. Қазіргі таңда  Астана қаласы бойынша 8 резеңке пәтер қалды. Оларда 623 адамдай тіркеліп тұр. Қазір осы мәселе ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында», дейді қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Қанай Жұмабеков.

Көп адамның бір үйде тіркелу деректері үлкен қалаларда жиі анықтала бастаған. Себебі түсінікті де. Жұмыс пен табыс көзін іздеген тұрғындар ірі шаһарларға ағылады. Әрі қолданыстағы заңда бір пәтерге нақты қанша адамды тіркеуге болатыны реттелмеген. Сондықтан бұл ретте тәртіпті қамтамасыз ету үшін тиісті заңнамаға өзгерістер енгізілмекші.

«Астана қаласы, Алматы, Шымкент қалаларына ауылдық жерден көшіп келіп жатқан азаматтар бар. Заң бойынша олар келгеннен кейін құзырлы органдарға барып тіркелуге міндетті. Себебі күнделікті тіршілікте  балабақша, мектеп, емхана секілді әлеуметтік мекемелердің қызметін пайдаланады. Сондықтан заңды орындау әрбір азаматтың парызы», дейді қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Төлеген Қуанышев.

Мамандардың айтуынша, азаматтарды тұрғылықты және уақытша мекенжай бойынша тіркеу мәселесін ретке келтіріп, нақты ұсыныстар дайындау үшін бірнеше министрлік өкілдері ат салысатын болады. Тіпті болашақта тиісті ережені бекіту мәслихаттардың да қарауына берілуі мүмкін. Астана қалалық мәслихатының депутаты Нұрлан Өтешов мұндай жаңашылдық бола қалса, әріптестерімен бірге талқылауға дайын. Себебі елордада азаматтарды тіркеу мәселесін бірізділікке түсіру қажет деп санайды.

«Кейбір 50 шаршы метрлік пәтерге жүздеген адамдар тіркелгені белгілі болып жатыр. Бұл мәселені бір ізге салу керек. Ең алдымен жергілікті билік өз жағдайына қарап, өз стандарттарына қарай  қабылдауы қажет», деп атап өтті  Астана қалалық мәслихатының депутаты Нұрлан Өтешов

Азаматтарды тұрғылықты және уақытша мекенжай бойынша тіркеуге қатысты заңнама әлі талқылану үстінде. Нақты қандай өзгерістер болатыны алдағы уақытта белгілі болмақ. Бір анығы, үйге тіркелген әр адамға нақты аумақ белгіленеді. Бірақ ол норма отбасы мүшелеріне қолданылмайды. Ал пәтерде тұрмайтын азаматтарды тіркеуден шығармағаны үшін үй иесіне салынатын айыппұл 2 есеге өспекші. Қазір оның көлемі 10 айлық есептік көрсеткішті құрайды.