Өндіріс • 04 Желтоқсан, 2024

«ҚазМұнайГаз» басшылығы жұмысшыларды келіссөз жүргізуге шақырды

59 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов Бұрғылау жұмыстары басқармасы қызметкерлерімен кездесіп, оларды жұмысқа шығуға шақырды. Келіссөз қорытындысы бойынша хаттама жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz  кәсіпорынның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҚазМұнайГаз» басшылығы жұмысшыларды келіссөз жүргізуге шақырды

фото kazgazeta.kz

Хаттама мәтіні төмендегідей:

1.Рұқсатсыз акцияға қатысқан БЖБ қызметкерлері толық құрамда жұмысқа шығуы керек.
2. Хаттаманың бірінші тармағы орындалған жағдайда, жұмысшыларға ҚМГ және ӨМГ тарапынан тәртіптік жаза қолданылмайды;
3. Барлық қойылған талап ҚР заңнамасына сәйкес бітімгерлік комиссия отырысында қаралсын.

Хаттама рұқсатсыз акцияға шыққан жұмысшылардың назарына жеткізілді. Алайда, ӨМГ БЖБ кәсіподақ төрағасы оған қол қоюдан бас тартты.

ҚР заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары үшінші тұлғалардың араласуынсыз тікелей жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында реттелуі тиіс.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ осыған дейін әр талап бойынша толық түсініктеме берген болатын. Мысалы, ӨМГ зейнеткерлерінің (бұрынғы қызметкерлерінің) балалары компанияның штатына тікелей алынса, 2020 жылы бекітілген жұмысқа орналасу алгоритмін бұзады. Алгоритмге сәйкес ӨМГ зейнеткерлерінің балалары мен жұмыссыз азаматтар тең дәрежеде жұмысқа қабылданады. Бұл талапты орындау мүмкін емес, өйткені жұмысқа орналасу кезегін күтіп отырған Жаңаөзен қаласының басқа жұмыссыз тұрғындарының құқығын бұзады.

Сондай-ақ, ҚазМұнайГаз компаниясы ӨМГ қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік көмек туралы толық ақпарат берді. ӨМГ мен үш кәсіподақ арасындағы ұжымдық шарт 2024 жылы 25 сәуірде жасалды. Ұжымдық шартқа сәйкес ӨМГ қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға 44 млрд теңге қарастырылған, соның 5 млрд теңгесі (11%) компанияның Бұрғылау жұмыстары басқармасына арналған.

«ӨМГ-де жақсы еңбек жағдайы жасалған деп есептейміз, әрбір қызметкерді әлеуметтік қолдауға жыл сайын 3,8 млн теңге бөлінеді. БЖБ жұмысшыларын жұмысқа шығуға және келіссөзді бітімгерлік комиссия аясында жүргізуге шақырамыз» делінген ведомоство хабарламасында.

Айта кетейік, 2024 жылы 12 қарашада «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қарасты  Бұрғылау жұмыстары басқармасы қызметкерлерінің кәсіподағы рұқсатсыз акция ұйымдастырып, бірқатар талап қойған болатын. Өзенмұнайгаз басшылығы БЖБ жұмысшыларымен тұрақты түрде келіссөз жүргізіп келеді.