03 Ақпан, 2015

Газ құбыры жарылды

566 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Белес ауылы тұсындағы жоғары қысымдағы тұрба жарылып, соның салдарынан осы маңдағы 16 елді мекен газсыз қалды. Кеше түнгі сағат үштің шама­сында Зеленов ауданы аума­ғын­­да төтенше жағдай орын ал­ды. Осы өңірге қарасты Белес ауы­лы тұсында «Орынбор-Новопсков» магистральді газ құ­бы­ры орын тепкен болатын. Со­ның 283-шақырымында «ИнтерГазОрталықАзия» АҚ-тың теңгерімі бар. Осы иірімін­дегі  жоға­ры қысымдағы тұрба құбыры жарыл­ды. Бұл құбыр жер астымен жүр­гізілген. Соның салдарынан аталған аралық түн ішінде отқа оранды. Қазіргі күні жарылыстың салдарынан он алты елді мекен газсыз қалып отыр. Батыс Қазақстан облыстық тө­тен­ше жағдайлар жөніндегі де­партаментінің бөлім басшысы Марат Отаровтың айтуынша оқиға орнына 45 адам, 12 техника жеткізілген. Оған облыстық Іш­кі істер департаментінің құра­мы да жұ­мылдырылған. «Ин­терГазОрталықАзия» АҚ-тың Орал магистральді басқар­масының мамандары мен арнайы техникалары да газ құбыры жарылған жерден табылды. «Семсер» өрт сөндіру ЖШС-нің ұжымы да алауды сөндіруге бір кісідей жұмылды. Кешегі күндізгі сағат 12.00-дегі мәлімет бойынша Зеленов ауданында 9 елді мекен уақытша газсыз қалып отыр. Зеленов ауданы бойынша 32 әлеуметтік нысан уақытша табиғи газ берілу тәртібінен ажыратылған. Соның ішінде 11 мектеп, 3 балабақша, 14 мәдениет және денсаулық сақтау нысандарының болуы жарылыстың зардабының аз емес екенін көрсетеді. Бүгінгі күні газ құбырының жарылуына байланысты арнайы комиссия құрылды. Олар апат­тың орын алу себептерін анық­тауға кірісті. Қазір тұтанған өрт сөндірілген. Бұдан кейінгі кезек­те қайта қалпына келтіру жұ­мыстары жүргізілуде. Әзірге бұл техногендік сипатта болған оқиға деген болжам жасалып отыр. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданы.