Шахмат • 05 Желтоқсан, 2024

Шеберлер бақ сынасты

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбекшіқазақ ауданында жылдам шахматтан Алматы облысы кубогінің финалдық кезеңі өтті. Жарысқа облыстың барлық аудандары, Қонаев, Алатау қалаларының ойыншылары қатысты. Шахматшылар 6 мен 70 жас аралығындағы 8 жас санаты бойынша бәсекеге түсті. Өткен жылғы кубок жеңімпаздары да жарыстан тыс қалмады.

Шеберлер бақ сынасты

Суретті түсірген – Ж.ЖҰМАНИЯЗОВ

Жарыс швейцариялық рапид жүйесінде 9 турдан тұрды. Ойын уақыты алғашқы жүрістен бастап 10 минут 5 секундқа жалғасады. Жеңімпаздар барлық турларда жинаған ұпайларының көр­сет­кішіне қарай анықталды. Жарыс мақсаты – облыстың барлық елді мекендеріндегі түрлі жаста­ғы шах­­мат әуесқойларының қызығу­шылығын арттырып, ойыншы­лардың кәсіби деңгейін көтеру, біліктілік нормаларын орындау, облыс құрамасының сапына кіл мықтыны іріктеу.

«Шахмат ойыны баланың ойлау қабілетін дамытуға көмек­теседі. Өйткені бұл – логикалық ойын. Ойын барысында жаңа комбинацияға негізделген қадам­дар ойлап табылады. Яғни интел­лектуалдық қабілеттілікті арттыруда таптырмас спорт түрі. Ата-аналар да баласын ерте жас­тан дамытуға көңіл бөледі. Басты мақ­сатымыз – шахматты бар­лық елді мекендерде танымал ету. Сондықтан кезекті жарыс­ты шалғай жақтағы ауылдарда өткізуге тырыстық. Облы­сымызда бұл спорт түрі жоғары дең­гейде дамып келеді», – дейді Алматы об­лыстық шахмат федера­ция­сының президенті Сәрсенғали Жанқуатов.

Жарыс барысында балалар ке­лесі жылы еліміздің түрлі қала­ларында өтетін жылдам шахматтан Қазақстан кубогіне қатысу үшін іріктеуден өту мүмкіндігіне ие болды. Жалпы, Алматы облысы ку­бо­гінің финалдық кезеңі тартысты өтті. Командалық есе­п­те 1-орынды Талғар ауданы, 2-орын­ды Қарасай ауданы, 3-орынды Еңбекшіқазақ ауда­ны ие­ленді. Өз жас санаттарында Әсия Абдухамид, Дәулет Дәрме­нияр, Әмір Абдухамид, Нұрия Бұ­лан­баева, Сұлтан Тойбол, Алтынай Алтынбек, Дінмұхамед Мелс, Кә­мила Шәкенова, Диас Тойбол, Мә­дина Қадыр, Заманбек Ермеков чем­пион атанды.

 

Алматы облысы