Тағзым • 05 Желтоқсан, 2024

Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіш-бюсті

77 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар аз емес. Заманбек Қалабайұлы – осындай тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Мемлекетімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз», деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай туған жерінде тұғырлы ескерткіш орнатуды, Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашуды тапсырған еді.

Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіш-бюсті

Апта басында аудан ор­талығы Кеген ауылын­да ұлт қайраткерінің есі­мі ұлық­талып, тау тұлғаның ең­селі ескерткіш-бюсті тұғырға қон­ды. Биылғы оқу жылының басында осы аумақта орналасқан Кеген ауылындағы балалар өнер мек­тебіне Заманбек Нұрқаділов­тің есімі берілген еді. Өңірдің өнерлі ұландарының қанатын қатай­тып, буынын бекітетін сәулетті ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, есігін айқара ашса, енді, міне, жас ұрпақтың рухын асқақтатып, ел мүддесіне қызмет етер патриот болып қалыптасуына ықпал ете­тін алып тұлғаның тас мүсіні бой көтерді. Бұл жаңалыққа жиыл­ған жұрттың қарасы қалың болды. Салтанатты іс-шараға қоғам қай­раткерлері, зиялы қауым өкіл­дері мен отбасы мүшелері қаты­сып, тәуелсіз еліміздің дамуына өл­шеусіз үлес қосқан мем­лекет қай­раткері Заманбек Нұрқаділовтің ерен еңбегі мен дара болмысы туралы толғақты әңгімелердің тиегін ағытты.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов қайраткердің ел дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, оның еңбегінің ұлт тарихында мәңгі сақталатынын жеткізді.

«Бұл ескерткіш – халқымыз­дың қайраткерге деген шынайы құр­метінің белгісі. Ұлт жанашыры ретінде Заманбек Нұрқаділов ел еге­мендігінің нығаюына елеу­лі үлес қосты. Осындай тұлға­лар­­­дың еңбегін ұрпаққа мұра ету – ортақ парызымыз. Сон­­дай-ақ биіктігі 4,5 метр бола­тын бұл туын­дының авторлары Айдос Бүркіт­баев пен Тимур Нұрмұхаметовке алғысымызды білді­реміз», деді облыс әкімінің орын­басары.

Өз кезегінде қо­ғам қайрат­керлері Тоққожа Естенов пен Болат Нұрғазиев қиын-қыстау шақ­та елдің еңсе тіктеуіне күш сал­ған саңлақ саясаткер Заманбек Нұр­қаділовтің Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған шағында қала жағалаған қазақ баласы­ның алып шаһарда шаңырақ көте­ріп, баспаналы болуына жасаған қамқорлығы мен іскерлігін, ұлтқа жасаған жақсылығын жіпке тізген­дей атап өтті.

Ал ұлы Қайрат Нұрқаділов болса, әкесінің есімін жаңғыр­тып, 80 жас мерейтойында еңселі ес­керт­кіш-бюстің орнатылуын тіке­лей тапсырған Мемлекет бас­шысына, қолдау білдірген туыс-туған­­да­ры мен бұқараға ризашылығын білдірді.

«Қатал уақыт пендесін көзден жасырғанмен, оның қоғам игілігіне сіңірген еңбегін жасырып қала алмайды. Оның дәлелі бүгінгі бюстің ашылуы – Заманбек Қала­байұлының тарихтағы таусылмас ғұмыры, жығылмас тұғыры», деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Бекжан Тұрыс.

Заңғар тұлға ескерткіші­нің ашылу салтанатында жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова бастап, ауыл әжелері қос­тап шашу шашты. Өр мінезді ұлт перзентінің таудай тұлғасына бас иіп, тағзым еткен қонақтар мен аудан жұртшылығы алқызыл гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты іс-шараға қатысқан қауымға Заманбек Нұрқаділовтің өмірі мен қызметі туралы «Не только о себе» атты кітаптың 300 данасы таратылды. Сондай-ақ қоғам қай­раткерінің рухына бағышталып Құран оқылып, ас берілді.

 

Алматы облысы,

Кеген ауданы