Өңірде шағын және орта бизнесті қолдау жалғасып жатыр. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 10 айда 12,3 млрд теңге бөлініп, 1000-ға жуық ШОБ субъектісі қолдау тауып, 529 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның қатарында, несие сомасы 31,4 млрд теңгені құрайтын 634 кәсіпкердің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланып, 318 кәсіпкердің жобасы 10,2 млрд теңгеге кепілдендірілді.
Мемлекет басшысының батыста мұнай-газ-химия өнеркәсібі кластерін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін «Силллено» зауыты мен жылына 1 млрд текше метр газ өндіретін Ескенедегі зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта бутадиен, синтетикалық каучук шығаратын «Бутадиен» зауыты газ бөлу кешенінің құрылысы басталады.
Облыста агроөнеркәсіп кешені саласында да оң динамика байқалады. Биыл ірі қара мал басы көбейіп, саны 223,8 мыңнан асты. Үй құстарының саны да 2 есе өсті. Осы жылы ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында 3 инвестициялық жоба іске қосылып, 90 жұмыс орны құрылды. Ал келер жылы құны 26,2 млрд теңге болатын 4 жобаны іске асыру жоспарланып, 187 жұмыс орны пайда болады деген үміт бар.
Мемлекет басшысы тапсырмасымен бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы да өңірде жүйелі түрде іске асырылып жатыр. Бұл үшін бюджеттен 761 млн теңге қаралып, 83 жоба қолдау тапты. Сондай-ақ, өңірде 49 мыңнан аса азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды. Он айда 31 374 жұмыс орны ашылса, оның 21 мыңнан астамы – тұрақты.
Облыстың ағымдағы жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына байланысты баспасөз брифингінде Серік Шәпкенов әлеуметтік саланы дамытуға қатысты атқарылған жұмысқа кеңінен тоқталды. «Биыл Атырауда 7 жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр. Келер жылы 6, арғы жылы 3 мектеп пайдалануға беріледі. Биыл 4200 орындық 3 мектеп ашылды. Алдағы екі жылда 27 мектептің құрылысы аяқталады. Нәтижесінде, өңірдегі 9 үш ауысымдық 4 апатты мектептің мәселесі түбегейлі шешіледі», деді өңір басшысы.
Биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 4 медициналық ғимарат пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін 12, келер жылы 2-еуінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, биыл жергілікті бюджет есебінен 7 нысан тұрғызылды.
Өңірде жиі талқыға түсетін тақырыптың бірі – дәрігер тапшылығы. Аймаққа өзге өңірден білікті және оқуын енді аяқтаған жас мамандарды тартуға бір реттік үстемақы тағайындалды. Оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көтерілген.
Сонымен, ауылдық жерге барып жұмыс істеуге келіскен дәрігерге 10 млн, аудан орталығында қызмет етемін дегендерге 8,5 млн теңге, ал облыс орталығында еңбек еткісі келгендерге 5 млн теңге көмек көрсетілді. Нәтижесінде, осы жылы 140 дәрігер жұмысқа қабылданды.
Өңірде спортпен шұғылданатын балалар саны артып келеді. Аймақта балаларды спортқа баулу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазір өңірде спорттық 17 секцияға 22 мыңнан аса бала қатысады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 75,7%-ға өсті. Келер жылдан бастап саланы цифрландыру жоспарланды.
Жалпы, Атырау облысында тас жолдың ұзындығы 1927 шақырымды құрайды. Былтыр өңірдегі жолдың қанағаттанарлық деңгейі 76 пайызды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 78%-ға жетті. Биыл 312,8 шақырымға жол төселді.
Көктемдегі су тасқынына қарамастан, халықты сапалы ауызсумен қамту бағытында басталған жұмыс жүйелі жүргізілді. Облыста ауызсумен қамту және су бұру жүйесін жақсарту бағытында ауқымды істер қолға алынды. Жалпы, өңір халқының 99,8%-ы таза ауызсумен қамтылған. Биыл Қызылқоға ауданының Қоңыраулы, Аққора ауылдары мен Махамбет ауданының Бала Ораз елді мекеніне 18,9 шақырым су құбыры жүргізіліп, 600 тұрғынға таза ауызсу жеткізілді. Бұдан бөлек, Махамбет, Исатай, Құрманғазы ауданында 16 су тазарту стансасы қайта жаңғыртылып жатыр.
Сонымен қатар Атырау қаласында тәулігіне 50 мың текше метр су тазалайтын №5 сүзгі стансасын жаңғырту аяқталып келеді. Келер жылы тәулігіне 60 мың текше метр су тазалайтын №6 сүзгі стансасының құрылысы басталады. Бұл стратегиялық маңызды нысандар арқылы алдағы бес жылда су тапшылығы мәселесі толық шешіледі.
Исатай ауданы Аққыстау ауылында кәріздік тазарту ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал Құлсары қаласында 13 кәріз сорғы стансасы күрделі жөндеуден өтті. Одан бөлек, 1950 жылдан бері жөндеу көрмеген 40 шақырым кәріз желісі жаңғыртылуда, оның 17 шақырымында жұмыс аяқталды.
Ал Атырау қаласында 1945 жылдан бері жөнделмеген кәріз стансаларын жаңғырту мен күрделі жөндеу жұмысы басталды. 9 кәріз сорғы стансасы жаңартылып, жыл соңына дейін 5-еуіндегі жұмыс мәресіне жетеді. Оған қоса 36 стансаны реконструкциялау үшін жобалық сметалық құжат дайындалып жатыр.
Жыл басынан бері өңірде ЭЧ-4 мекемесіне қарасты 160,9 шақырым электр желісі ауыстырылып, 54 000 тұтынушыға жарық тұрақты түрде беріле бастады. Оған қоса, «Атырау Жарық» АҚ инвестициялық жобасы аясында 742 шақырым электр желісі жөнделді.
Аймақ тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші – 99,8 пайыз. Ұзындығы 122 шақырымды құрайтын газ желісі жүргізіліп, 6 елді мекеннің халқы көгілдір отынмен қамтылды. Өңірде ұзындығы 46,8 шақырым магистралдық газ құбырының 21 шақырымы тартылды. Жұмыс келер жылы аяқталады. Нәтижесінде, 160 мыңнан астам адамды құрайтын қала мен қала маңындағы елді мекендер, кәсіпкерлік субьектілер тұрақты газ жылуын пайдаланатын болады.
Биыл облыстық экология департаменті өңірдегі экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау үшін 27 тексеру жүргізіп, 149 әкімшілік іс қозғады. Экологиялық талаптарды бұзған мекемелерге барлығы 32 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды. Атмосфералық ауаға тарайтын газдың, басқа да зиянды мөлшерін азайту мақсатында биыл 419,5 га орман алқабына 965,7 мың дана жас көшет егілді. Сондай-ақ қала мен елді мекендер ішіндегі 52,3 га жерге 78,9 мың тал егілді. Осындай игі шаралардың арқасында, аймақта ауаға шығарылатын эмиссия көлемі де азайып келеді.
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов көктемдегі су тасқыны кезінде атқарылған жұмыстарға арнайы тоқталды. Бұл ретте Жайық жағалауына 590 шақырым бөгет салыныпты. 30 шақырым канал тазартылып, қажет жері тиісті деңгейде қайта қазылған.
Жайықтың Каспийге құяр сағасында судың өтуін жақсарту үшін 10 шақырым өзен табаны тереңдетілді. Оған 4 мыңға жуық техника жұмылдырылып, 25 мыңнан аса азамат осы елдік істе еңбек етті. Оның 1 мыңнан астамы – әскер сапындағы жауынгерлер.
Облыста тұрғызылған бөгеттер мен гидроқұрылыстарды күтіп ұстауға «Табиғат» мекемесі құрылды. Тасқынның алдын алу бағытында Жылыой ауданында да бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Нақтырақ айтқанда, Құрсай өзегі мен Жем өзенінің 95 шақырымында су табанын тереңдету жұмысы жүргізілді. Бүгінге дейін 43 шақырымы тазаланып, тереңдетіліп болған.
Жылыой ауданында Құлсары қаласын, Шақпартоғай, Тұрғызба және Ақкиізтоғай ауылдарын қорғайтын бөгеттер салынады. Ұзындығы 6,6 шақырым болатын Күржем арнасын, Қамыскөл мен басқа көлдерді тазалау ісі жоспарланып отыр. Арналардағы су өткізетін құрылғылар толық дерлік реконструкцияланады.
Қаңтардан бастап Атырау облысының жедел штабы өз жұмысын қайта бастайды, ол су тасқынының алдын алу бойынша барлық шараларды үйлестірумен айналысады.