Тасқынды судан зардап шеккен тұрғындарға ақшалай өтемақы толығымен төленді. Жаңа үйлер «Kaspi», «Қазақмыс», «Қазминералс» компанияларының, «Қазақстан халқына» қорының қаржылай көмегімен және құрылысшылардың үйлесімді жұмысының арқасында уақтылы салынды.
Соның нәтижесінде, Петропавл қаласының маңында 700 отбасы қоныстанған «Бірлік» шағын ауданы бой көтерді. Зардап шеккендерге 1 394 пәтер сатып алынды. Сондай-ақ 1 658 үйдің меншік иесі жөндеу жұмысын өздері жүргізіп жатыр. Әрбір бұзылған тұрғын үйді жөндеуге өтемақы төлемдері берілді.
Агроөнеркәсіп кешені облыста әлеуметтік-экономикалық дамуға айтарлықтай әсер ететін өңір экономикасының негізгі саласы болып қала береді. Биыл жауын-шашын егін жинау жұмысын айтарлықтай қиындатты. Соның салдарынан орақ қарқыны баяу жүрді. Десе де, биылғы егін науқанының нәтижесі кейінгі 10 жылдағы ең сәтті көрсеткіш ретінде сипатталады.
Диқандар 18,6 ц/га өнімділікпен 6,2 миллион тоннадан астам астық жинады. Бұл – аграршылардың жүйелі жұмысының және мемлекеттің қолдауының арқасы. Облыс минералды тыңайтқыштарды қолдану бойынша жылда жетекші орынды иеленеді. Өткен жылы 190 мың тонна тыңайтқыш қабылданса, биыл ол көсеткіш 256,6 мың тоннаны құрады.
Облыста машина-трактор паркін жаңарту жалғасып жатыр. Жыл басынан бері шаруалар 52 миллиард теңгеге 2 мыңнан аса техника сатып алды. Алғаш рет отандық ауылшаруашылығы техникаларын түпкілікті мөлшерлемесінің жылдығы 5 пайызды құрайтын жеңілдікпен лизингке беру бағдарламасы іске қосылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен СҚО-ның сүт-тауар фермасы бойынша тәжірибесі бүкіл республикаға таралып жатыр. Қазіргі заманғы цифрлық фермалардың құрылысына өткен жылы республикалық бюджеттен 17 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 19 сүт кешенінің 11-і аяқталып, іске қосылды.
Жаңа сүт фермаларының барлығы – өнеркәсіптік. Ондағы мал саны 400-ден 1500 басқа дейін. Бұл – заманауи технологиялармен жабдықталған ірі кешендер. Генетикалық әлеуеті жоғары шетелдік селекцияның жоғары өнімді малдары. Бұл фермалар толық қуатқа шыққанда қосымша 70 мың тонна сүт өндіріліп, 500 жұмыс орны ашылады.
Өңірде ет өндіру саласы табысты дамып келеді. Құс етінің импорттық тәуелділігін алмастыру мақсатымен облыста қуаттылығы жылына 6,5 мың тонна болатын 2 құс еті фабрикасы салынды. Шошқа фермасын 100-ден 200 мың басқа дейін кеңейту жалғасып жатыр. Жоба қуаты ұлғайғанда, ет өндіру көлемі 20 мың тоннаға дейін артады. Кәсіпорын елдегі ең ірі кәсіпорынға айналады.
«Зенченко и К» шаруашылығы қуаты жылына 13 мың тонна майлы дақылдарды өңдейтін цех салып жатыр. Өңдеу қуаты 1,5 есеге артып, жылына 54 мың тоннаға дейін сүт дайындайды. Сонымен қатар коммандиттік серіктестік 8 мың басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салуда. Кешен еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы ең үлкен кешен болады. Ал «Евразиан милк» ЖШС қоюлатылған сүт өндіретін цехтың құрылысын жүргізіп жатыр. Шикізатты қайта өңдеу қуаты жылына 92 мың тоннаға дейін артады.
«Мемолюкс» ЖШС қуаты тәулігіне 1 мың тонна болатын құрама жем зауытының құрылысын аяқтағалы отыр. Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы майлы дақылдарды өңдеу үлесі артады. Сондай-ақ дайын сүт өнімдерін өндіру 370 мың тоннаға дейін жетеді. Жалпы, 10 айда мал шаруашылығы сүт өндіруді 5,6, ал жұмыртқа өндіруді 4,3 пайызға өсірді.
Облыста өңдеу өнеркәсібінің үлесі 80%-ға жетеді. Өнеркәсіп саласында 46 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Инвестицияның жалпы көлемі 755 млрд теңгені құрайды. Оларды іске асыру барысында 7 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік туады.
«Түрік инвесторы өңірімізде Орталық Азиядағы ең ірі ағашты терең өңдеу зауытын іске қосты. Инвестиция 8 млрд теңгені құрады. Кәсіпорында 300 адам жұмыс істейтін болады. Жылына 50 мың текше метрге дейін өнім шығару жоспарланып отыр. Айтпағымыз, «Қызылжар» АЭА аумағында осылайша ағаш өңдеу кластері құрылып жатыр», деді облыс әкімі.
Жыл басында облыста инновациялық 4-буын жылыжай кешені іске қосылған еді. Мұнда күніне 16 тоннаға дейін қияр жиналады. Жаңа жылыжай облыс тұрғындары сұранысының үштен бір бөлігін өтейді. Оған қоса, «МаслоДел» компаниясының экстракциялымай өндіру зауыты іске қосу сатысында тұр. Өндіріс Орталық Азия елдеріндегі ең ірі зауыт болады. Кәсіпорын қуаттылығы 370 мың тонна майлы дақылдарды өңдеп, 120 мың тонна дайын өнім алуға мүмкіндік береді.
Қазір облыс орталығында көпқабатты 32 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 20-сын жеке құрылыс салушылар қаржыландырады. Қауіпті және тозығы жеткен үйлердің орнына жаңартылған, заманауи шағынаудандар бой көтеріп келеді. Жыл соңына дейін облыста 330 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.
Өңірде жыл сайын кемінде 700 шақырым жол жөндеуден өтеді. «Биыл 1 мың шақырымнан аса жол жөнделді. Оның қатарында 208 шақырым республикалық, 630 жергілікті, ал 163 шақырымы ауылішілік жолдар. Жылдың қорытындысы бойынша стандартты жағдайдағы жергілікті желідегі автомобиль жолдарының үлесі 84%-ға, республикалық желіде 87%-ға дейін ұлғайтылды», деді брифингте Ғауез Нұрмұхамбетов.
Оның айтуынша, алдағы 4 жылда Петропавл қаласының барлық көшесін асфальттау жоспарланған. Ал биыл қаланың 57 көшесінде жөндеу жүргізіліп, оның 39-ында алғаш рет асфальт төселген. Алдағы жылдары облыс орталығында асфальтсыз жабындардан толықтай бас тарту жоспарланып отыр.
Өңірде апатты мектептер мәселесі толығымен шешілген. «Береке» шағын ауданында арнайы мектептің құрылысы аяқталды. Жаңа ғимарат арнайы мектептердегі орын тапшылығын толығымен шешті. Оқу ғимараты 300 орындық, 50 орындық мектеп-интернаты да бар. Қазір мұнда 220 бала білім алып жүр. Өткен қараша айында «Орман» шағын ауданында 600 орындық жайлы мектеп ашылды. Сондай-ақ, «Береке» шағын ауданында да 600 орындық дәл сондай мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 46 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Өткен жылы олардың 8-і пайдалануға берілген еді. Биыл 38 медициналық нысан салынып жатыр.
Облыстағы шалғай ауыл тұрғындарына телемедицина бойынша қызмет көрсету қанатқақты жобасы қолға алынды. Ал 16 «Лимстар» телемедициналық кешені дәрігерлерге қашықтан консультация беруге және қосылған медициналық датчиктерді пайдалана отырып, ауылдық пациенттерді тексеруге мүмкіндік береді.
Өңірде жан біткенді керемет көркемдігімен өзіне тартатын Имантау-Шалқар курорттық аймағы орналасқан. Ол жер туралы брифингте облыс әкімі мақтанышпен айтты. «Біз баршаңызды өзінің бай және таңғажайып табиғатымен таңғалдыратын курорттық аймағымызға келуге шақырамыз», деді ол.
Негізі, облыста 3,9 мың демалушыны қабылдайтын 46 демалыс базасы бар. Ондағы 9 нысан жыл бойы жұмыс істейді. Инвесторлар жыл бойы жұмыс істейтін экоқонақ үйлер мен глампингтер салу бойынша 16 жобаны жүзеге асыруға кіріскен. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Шалқар мен Имантау көлдерінде 2 судан құтқару бекеті салынады. Бүгінде курорттық аймақ ішіндегі жолдар ретке келтірілді. Лобаново ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейінгі жолға асфальт төселген.
Бұған қоса, облыс орталығында үстел теннисінің заманауи орталығы мен «Қызылжар» креативті индустрия орталығы ашылды.