
«Brain rot» сөз тіркесі интернетте сапасыз мазмұнды шамадан тыс тұтынудың адам ақыл-ойына тигізетін теріс әсерін сипаттайды. Бұл сөз алғаш рет 1854 жылы америкалық жазушы Генри Дэвид Тороның «Walden» атты еңбегінде кездескен. Автор сол кездің өзінде қоғамның күрделі идеяларын елемей, тек ойын-күлкіге бет бұруын сынға алған еді.
Мәселен АҚШ-тың Огайо штатындағы 13 жастағы Джейкоб Стивенс TikTok челленджін қайталаймын деп қайтыс болған еді. Бұл туралы «ABC6» басылымы хабарлаған. Жасөспірім 14 дана рецептсіз дәрі ішіп, галлюцинацияға ұшыраған. Көп ұзамай өзін нашар сезініп, ауруханаға түскен.
Дәрігерлер механикалық желдету аппаратына қосып, қолдан келген амалдың бәрін жасаған. Бірақ жасөспірім алты күннен кейін жантәсілім еткен.
Өкінішке қарай осындай адам шошырлық оқиғалар жиілеп кетті. Адамдар тіпті қысқа бейнероликтерді сағаттап қарап, уақытты сезбей, негізгі міндеттерін орындауға қабілетсіз болып қалып жатыр. Күнделікті сөздік қорында тек желідегі «мемдерден» алынған сленгтерді пайдаланады. Бұл тілді түсіну мен тиімді қарым-қатынас жасау қабілеттерін төмендетеді.
Жоғарыда жазылғандар ғасыр дертінің бір ұшы ғана. Осы мәселелерге назар аударту мақсатында Оксфорд университеті жағымсыз жыл сөзін таңдады.