Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2024

Аумағы үлкен аудандардың табысы да мол

84 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша, Ғабит Мүсірепов атын­дағы аудандары жер көлемі жөнінен ең үлкен, соған сай өндіріс көлемі ауқымды, әлеуметтік-қоғамдық өмірі сан салалы өңір­лер саналады. Аудандардың әлеу­меттік-экономикалық даму көр­сеткіштері де көз қуантады.

Аумағы үлкен аудандардың табысы да мол

Өнеркәсібі өрге басқан

Тайынша ауданының жер көлемі – 11,4 шаршы шақырым. 2023 жылдың сәйкес мерзімінде ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімінің көлемі 95,3 млрд теңге болса, биыл ол 112,9 млрд теңгені, өнер­кәсіп өндірісінің көлемі 39,0 млрд теңге болса, биыл 42,2 млрд теңгені, негізгі капи­­талға салынған инвестициялар көлемі 32,1 млрд теңге болса, биыл 32,6 млрд тең­гені құрады. Осы кезеңде салық түсі­мі жос­пардағыдан 111,8 пайызға артып отыр.

Ауданның агроқұрылымдары барынша жетілдірілген техникалар мен технологияларды қолданып, рекордтық көлемде астық алды. Атап айтқанда, 900 мың тоннадан артық дәнді дақыл жиналды.

«Бұл шаруашылықтардың Үкі­меттің қолдауын орынды пайдаланып, 68,7 мың тонна жоғары сапалы тұқым еккендігінің, 402,2 мың гектар астық алқаптарына 39,2 мың тонна минералды тыңайтқыштар сепкендігінің, жыл басынан бері 7,1 млрд теңгеге 375 дана жаңа техникалар алғандығының арқасында қол жеткізілген табыс. Үкімет агро­құрылымдарға тұқым, гербицид, минералды тыңайтқыштар алуды жеңілдету мақсатында 3,4 млрд теңге субсидия берді», дейді аудан әкімі Берік Әлжанов.

Мал шаруашылығының өсу динамикасы да былтырғы жылмен салыс­тырғанда жоғары. Биыл 35,5 мың тонна сүт сауылды, бұл былтырғыдан 118 па­йызға артық. Жұмыртқа 105,9 млн дана жиналып, былтырғыдан 7,3 пайызға артты. Сонымен бірге 14,1 мың тонна мал мен құс еті саудаға өткізілді. Мал басының өсімі де қарқынды. 01 шілдедегі санаққа сәйкес ауданда қара мал – 36,3 мың, қой-ешкі – 59,6 мың.

Ауданда 7 асыл тұқымды репродуктор шаруашылық бар. Онда 11 мың тұяқ қара мал күтіледі, соның ішінде 4 шаруашылықта бордақылау алаңдары, жетеуінде 7587 сиырға шақ­талған тауарлы-сүт фермалары (ТСФ) бар. «Шұ­ғыла LTD» ЖШС-да 3000 тұяқ, «Қаратомар» ЖШС-да 5000 тұяқ, «Аманат» ШҚ-да 5000 тұяқ қой бағылады. «Есіл» құс фабрикасында 573 мың бас тауық бар, биылғы 9 айда шаруа­шылық 104,1 млн жұмыртқа алып, 200 тонна құс етін өндірді. Биыл Мақашев ауылындағы «Асар» ЖШС 12,5 млрд теңгеге мем­лекеттің қолдауымен 400 тұяқ сиыр сауылатын ТСФ-ның құрылысын аяқтады. «Зеленые луга» ЖШС өзіндегі ТСФ-ны 800 тұяқ сиыр саууға жеткізуді межелеп отыр.

10 айда өңдеу өнеркәсібі 35,6 млрд теңгенің өнімін шығарды. Азық-түлік тағамдарының үлесі 28,8 млрд теңге болды. Қазір салада 39,3 млрд тең­ге­нің 9 жобасы іске асы­рылып жатыр. «BioOperations» ЖШС 450 млн тең­генің кебек үгетін цехын іске қосты. «Memolux» ЖШС 10,1 млрд теңгенің 2 жобасын қолға алып отыр. Олар аяқ­талғанда 180 жаңа жұмыс орны ашылады. «Green Gold Ilyichevka Factory» ЖШС құны 7 млрд теңгенің құрама жем зауытын салып жатыр. «Тайынша май» ЖШС сұйық майды құятын пластикалық қаптар шығаратын цехты іске қосуға жақын.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 7,2 млрд теңгеге орындалды. Тайынша қаласында жалпы ауданы 4 200 шаршы метр болатын 50 пәтерлі тұрғын үйдің, Драгомировка ауылындағы мектеп­тің құрылысы аяқталды. Жалпы ауданы 2 мың шаршы метр 30 пәтер­лі коммерциялық тұрғын үйдің құрылы­сы жүр­гізіліп жатыр. Келлеровка ауылын­дағы АӨК құрылысы аяқталып қалды.

Биыл аудан экономикасына 32,6 млрд теңгенің инвестициясы құйылды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда 102% артық. Тартылған инвестицияның 28 млрд теңгесі жекеменшік қаражатқа тиесілі. Соның ішінде ең көбі Қытайдың «Ай Цзюй» корпорациясы мен «Memolux» ЖШС бірлесіп тұрғызып жат­қан қойма мен құрамажем зауытына, диірменнің алғашқы бөлігінің құрылысына салынған инвестиция. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жуырда Қытайдың Сиань провинциясы бизнесмендерімен Тайынша ауданында құны 11 млрд теңгедей болатын ет өңдеу комбинатының құрылысын бастау туралы меморандумға қол қойды. Бюджеттен бөлінген 4,5 млрд теңге инвестицияға аудан аумағында көпқабатты тұрғын үй, орта мектеп, басқа да нысандар салынып жатыр.

Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып тұр. Тұрғын­дардың 71 пайызына ғана таза ауызсу жеткізілген. Биыл 5 мың ауыл тұр­ғыны таратушы желілері бар сумен жаб­дықталады. Олардың құрылысына қатысты төрт жоба, Горький ауылында жер­гілікті сумен жабдықтау көзін салу жөнінде бір жоба, 21 ауылдық елді мекенде суды тазартатын кешенді блок модульдер орнату іске асырылып жатыр. Осы жұмыстар атқарылғаннан кейін ғана таза ауызсумен қамтамасыз етілген ауылдар саны 66-ға дейін (80%), халық саны 35 036 адамға дейін өседі, қамтамасыз ету 90%-ға дейін жоғарылайды деп күтіліп отыр.

Биыл аудандық маңызы бар 20 жоба бойынша 2,9 млрд теңгеге 250,5 шақырым жол жөнделді. Соның ішінде су тасқыны бұзған 41,3 шақырым жол 5 жоба арқылы 2,3 млрд теңгеге жаңғыртылды.

Аудан аумағына еңбек күші артық өңірлерден құрамында 119 адамы бар 38 отбасы көшіп келген. Сонымен қатар Моңғолиядан 9 адамы бар 3 қандас отбасылар оралған. Оларға 44,2 млн көші-қон шығындары, үй алу сертификатына 82,4 млн теңге төленген.

Ауданда 47 жалпы білім беретін мектеп бар, олар 5568 оқушыны қамтиды. Мұ­ғалімдер саны – 1024 адам. Биыл Драгомировка ауылында 120 орын­дық мектеп құрылысы аяқталды. 3 мектепке күрделі жөндеу, 17 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. 233,7 млн теңгеге материалдық-тех­никалық жабдықтар, оның ішінде балаларды тасымалдайтын 8 «Газель» автомобильдері сатып алынды. Осы жылдың 1 қыр­күйегінен бастап 1–4 сыныптардың 1743 оқушысына ыстық тегін тамақ ұйым­дастырылды. Әлеуметтік осал отбасылардан 871 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. 150 шәкіртті қамтитын «Агробизнес» колледжі тұрақты жұмыс істейді. Оқыту мемлекеттік тапсырыспен 3 жұмысшы мамандығы, 7 біліктілік санаты бойынша жүргізіледі.

70 мәдениет нысаны, 189 спорт ғима­раты бар. Биыл Теңдік ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу, Донецк ауылындағы мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу, Тайынша қаласындағы стадионға күрделі жөндеу жасалды, «ЕМС агро» ЖШС жеке инвестициялар есебінен күрес залының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Денсаулық сақтау жүйесі 400 адам қабылдайтын емхана, 120 төсектік тәулік бойғы стационар, 91 төсектік күндізгі стационар, 4 ФАП, 54 медициналық пункттен тұрады. «Ауыл денсаулығын жаңғырту» бағдарламасы аясында Қарағаш ауылында 197,7 млн теңге сомасына фельдшерлік-акушер­лік пункт құрылысы жүргізіліп жатыр.

 

Астықты аудан

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан бұрынғы Көкшетау облысынан қосылған, шаруашылығы дамып келе жатқан, халықтың әл-қуаты жоғары деп саналатын өңір. Биыл аудан бюджеті 11,3 млрд теңгені құрады. Кірістер – 3,5 млрд теңге, оның ішінде салықтық түсімдер – 2,8 млрд теңге, салықтық емес түсімдер – 700,0 мың теңге, жәрдемақы мен трансферттер – 7,8 млрд теңге.

ва

«Қаңтар – қыркүйек аралығында аудан халқының орташа айлық жалақысы 269 мың теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға ар­тық. Ауыл шаруашылығында – 232 мың теңге, өсім 17,4%», дейді аудан әкімі Руслан Аңбаев.

Жыл басынан бері 2096 адам жұмысқа орналастырылды, 876 жаңа жұмыс орны құрылды. Келесі жылы 2052 адамды жұ­мысқа орналастыру жоспарланып отыр. Биыл­ғы жылы құрамында 135 адамы бар 49 отбасы көшіп келді. Барлығы тұрғын үй­мен қамтамасыз етілді.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 48,4 млрд теңге, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 183%-ға артық. Өнеркәсіпке 1,6 млрд теңге инвестиция құйылды, өт­кен жылғы деңгейден 52%-ға жоғары. «МаслоДел» ЖШС тәулігіне 400 тоннаға дейін рапс, күнбағыс, зығыр майы­н өндіреді, 1 қарашаға дейін 65 мың тоннадан астам май өндіріліп, олардың негізгі бөлігі экспортқа шығарылды. «ҚазМил» ЖШС кәсіпорынды жаңғыртқаннан кейін құрамажем өндірісінің қуатын тәулігіне 400 тоннадан 1500 тоннаға дейін ұлғайтты, Қытайға 325 мың тоннадан астам өнім экспортқа шығарылды.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 8,9 млрд теңгені құрап, 13,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, өт­кен жылмен салыстырғанда 114%-ға ар­тық. Аудан орталығы Новоишимка ауы­лының Абылай хан көшесінде 50 пәтер­лі көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Со­нымен қатар нақ осындай тұрғын үйдің құ­ры­лысы Локомотив көшесінде қолға алынды.

Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 103,4 млрд теңгені құрады, нақты көлем индексі былтырмен салыстырғанда 32%-ға өсті. Диқандар 560 мың гектар жерге дәнді дақылдар отырғызып, 1 миллион тон­надан артық астық жинады. Гектар берекелігі 18 центнерден айналды. 74 мың гектар жерге егілген майлы дақылдардың гектарынан 9 центнерден, барлығы 68 мың тонна өнім алынды. Шаруасы шалқыған агроқұрылымдардың қатарында «Намыс» ЖШС, «Западное-СК», «Буденное-СК», «Ата­мекен-Агро-Целинный», «Атаме­кен-Агро-Шұқыркөл», «Астық-Мол», «Астық­Мұқыр», «Раисовский», «Содру­жество-2», «Тұқым», т.б. атауға алады.

Аудан аумағында 400–600 сиыр сауатын осы заманғы алты ТСФ бар. Олардың ішінде төртеуі, «Буденновский-СК», «Не­жинка-Ерке» ЖШС сауылатын сиыр санын тағы 600-ге арттыруды жоспарлап отыр.

Аудан жолдарының жалпы ұзындығы 1045 км, соның 304 км республикалық, 141 км облыстық, 600 км аудандық маңызы бар жолдар. Биыл жалпы сомасы 4034,0 мың теңгеге ұзындығы 42,7 км А-16 «Петро­павл – Жезқазған» республикалық маңызы бар автожолын орташа жөндеу жобасы іске асырылды. Жұмыстар аудан орталығы Новоишим ауылынан Тоқсан би ауылына дейінгі трассаның Ставрополь – Ломоносов ауылдарының арасында орындалды.

Халықтың  93%-ы орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізген. Бірнеше ауыл­дарға жалпы сомасы 70,4 млн теңгеге ке­шенді-блокты модуль құрылғылары орнатылды.

Биыл 3 білім нысанын күрделі жөн­деуге 527 млн теңге қаражат бөлінді. 7 мектепке 73 млн теңгеге ағымдағы жөн­деулер жүргізілді. Бес мектептің аулала­рын абаттандыруға 103 млн теңге бөлінді. Мектептердің материалдық-техни­калық базасын нығайту мақсатында 24,8 млн теңгеге 4 пән кабинеті сатып әперілді. Аудан мектептерінің қазандықтарын жаңалауға 60,7 млн теңге бөлініп, 16 нысан­­ның жылыту қазандықтары жөнделді.

Денсаулық сақтау саласында биыл При­вольный, Тахтаброд ауылдарында жаңа ФАП салынды. Сондай-ақ Бірлік ауы­лының ФАП құрылысына 205 млн, Возвышенка ауылының ФАП-ын тұр­ғызуға 189,0 млн, жаңа медициналық құрал-жаб­дық алуға 300 млн теңге бөлінді.

Мәдениет саласында биыл Буденный ауылында 230 млн теңгеге жаңа Мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Аудан­ның көркемөнер ұжымы облыстық «Әнім де сен, жырым да сен – Қызылжар» атты облыстық конкурста 1-орын алды.

Ауданда 278 спорт ғимараты жұмыс істейді, онда 16545 адам спортпен шұғыл­данады. Жыл басынан бері 55-тен астам спорттық іс-шара өткізіліп, жалпы саны 12 мыңнан астам адамды қамтыды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы