Таным • 06 Желтоқсан, 2024

Биндірдегі бітік жазуы

61 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түрколог-ғалым Адай Есенғұлұлы келтірген мәліметте: әлем бойынша көне түркі жазба ескерткіштерінің бүгінгі таңда белгілі болғандарының ұзын-ырғасы 160 шамасында екен. Бұлар территориялық орналасуы жағынан: Тыва Республика­сында – 53, Хакасияда – 28, Моңғолияда – 30, Орхон-Енисей бойында – 8, Алтай өлкесінде – 6, Жетісу-Талас өңірінде – 16, Қырғызстанда 8 бар екен («Жетісу» газеті, 17 мамыр, 2001 жыл).

Биндірдегі бітік жазуы

Жоғарыдағы көне түркі жазба ескерткіштерінің арасында мәтіні толық оқылып, ғылыми ай­на­лым­ға енбегендері бар. Солардың бірі – Моң­ғолияның Кентей аймағы Бат­шірет сұмын орталығынан 40 ша­­қырым қашықтағы Биндір тауы­ның жартасына бәдізделген жазба.

Бұл жазба ескерткішке атақ­ты түрколог, шығыстанушы, ғалым С.Кляшторный мен қазақтан шыққан кәсіби түрколог марқұм Қ.Сартқожаұлы екеуі бірлескен моң­ғол-кеңес тарихи-мәдени мұ­ра­тану экспедициясы аясында 1979 жылы зерттеу жүргізеді. Нә­ти­жесінде, бұрын-соңды ғы­лы­­ми ортаға белгісіз көне түрік бітік жа­зуы анықталып, оның ал­ғаш­­қы оқылымын Қаржаубай Сарт­­­қожаұлы жасап айналымға енгізеді. 

Қаржаубай Сартқожаұлының мәліметінше, бұл жазбаның кілтін ашуға моңғолиялық Х.Перлее деген ғалым талаптанған. «Бірақ бұл кісі  таңбаның көшірмесін дұрыс жасай алмаған. Яғни жазудың бас жағындағы «р» пошымды таң­ба ескерілмей қалыс қалған. Дәл осы таң­бадан бастап өлшегенде (1-жазу) жолдың ұзындығы 30 см, әріп­тердің биіктігі 4-4,5 см. Екінші жазу­дағы жолдың ұзындығы 60 см, әріп кескіндердің биіктігі 17-20 см, жазу эле­менті өте қарапайым», депті.

Содан он шақты жыл өткен­де 1989 жылы Қаржаубай Сарт­қожа­ұлы тастағы жазулардың дәл­­­ме-дәл көшірмесін жасап, оқып шық­қан. Ғалым бұл рет­кі тың жа­ңалығын Ұланбатыр қала­­сындағы педагогикалық университет жанынан шығатын «Acta Historica» атты жинаққа жариялайды. Кейін 2017 жылы жарық көрген «Тасқа қашалған тағылым» атты еңбегіне енгізіпті.

Осы кітапта:  «Б.з. VІ-VІІ ғасыр­лар шенінде түріктер Шығыс Моң­ғолия жеріндегі Биндір тауындағы жартасқа сегіз-оғуздың «w» таң­басын қашап, жанына: «Ата-апам ашуны = Ата-бабам еншісі» деп жазған. Жеке шаңырақ көтеріп, жаңа­дан ту-таңба алған тайпаны байырғы түріктер қадірлеп, қасиеттеп ата-баба еншісі солардың ырысы ретінде ардақ тұтқан. Осы үрдіс сол заманмен бітпей, ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғасып, ұлыс мақ­танышына айналып отырған. Енисей бойындағы Тугутюп (Е-120) шаршы тасына б.з. VІІ-VІІІ ғасырларда қашалған «тамға ер еріме ашунмыс = таңба ерден ерге (ұрпақтан-ұрпаққа) еншілеген» деген қанатты сөзі осыны айғақтайды» деп жазыпты.

Төмендегі екі жазу – Биндір тауы кешенінен табылған жазу­лар. Бұл жазулар­ды көрнекті ға­лым Қаржаубай Сарт­қожаұлы бы­лай деп оқып, тәпсір­лепті.

Жазулар транскрипциясы:

1-жазу: atan apam acynun

2-жазу: sad jic /2/ erti

Аудармасы:

1-жазу: ата-бабаң (берген) сый­лығы.

2-жазу: шад (лауазым) жал­ғас­тырушы еді.

Түсініктеме:

Бірінші жазуда оңнан солға қарай 2-әріп (n)-нан кейін бір нүкте қойылған. Оның тура астына 1(р) әрпін қашаған. Тас қашаушы 3-әріпті жазбай ұмытып кетіп, 4-әріпті жазғаннан кейін қатесін түсініп, 1(р) әрпін осындағы нүктенің астына жазған. Нүкте 1(р) әрпі осы тұсқа келуі керек еді дегенді көрсетіп тұр. Бірінші жалғаудағы «ata» сөзіне жалғанған «-n» - тәуелдік жалғауының 2-жағы (-in, yn, un). Олай болса, «atan» сөзін «атаң» деп аударуға болады. Ал «acynun» сөзінің түбірі «асу – пайда, олжа» деп түсіндіріледі. – п жалғауы тәуелдік жалғауының екінші жағын көрсетеді. Сондықтан «acynun» сөзі «сыйлығы» деп аударылған екен (Қаржаубай Сартқожаұлы, Жан-тегін Қаржаубайұлы. «Орхон ескерткіштерінің толық атласы», Алматы, 2019 ж. 3 том, 227-б.).