Мәселе • 06 Желтоқсан, 2024

Терроризм қатері: алдын алудың өзектілігі

117 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында құқық қорғау органдарына экстремизммен және әсіре діншілдікпен ымырасыз күрес жүргізуге тапсырма бергені белгілі. Ол ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесу жөнінде айта келе: «Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс», деді.

Терроризм қатері: алдын алудың өзектілігі

Экстремистік қылмыс дін атын жамылып жасалады

Терроризм мен экстремизмге, соның ішінде діни сипаттағы аталған келеңсіздіктерге қарсы күрес – мемлекет алдында тұрған басым міндеттің бірі. Елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына сызат түсіретін заман қасіретіне қарсы бағытталған шаралардың мем­лекеттік жүйесін Ұлттық қауіпсіздік комитеті үйлестіретін болса, Ішкі істер министрлігі күштік құрылым ретінде соның құрамында өз құзыреті шегіндегі міндеттерін жүзеге асырады.

ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Дархан Разуевтің айтуынша, терроризм мен экстремизм көріністеріне қарсы күресте ІІМ-нің бірнеше жұмыс бағыты бар. Соның бірі түсіндіру іс-шаралары болса, екіншісі – алдын алу жұмыстары. Атап айтқанда, экстремистік, террористік қылмыстарға әкеп соғатын қатерлерді уақтылы анықтау, жолын кесу, болдырмау, тәуекел топтармен жұмыс жүргізу, радикал немесе экстремизмге бейім адамдарды анықтау. Үшінші міндет – ішкі істер органдары бөліністерінің терроризм мен экстремизм көріністеріне қарсы әрекет ету дайындығын пысықтау үшін түрлі оқу-жаттығу жиындарына қатысу. Төртіншісі – террористік тұр­ғыдан осал нысандар, яғни адам көп шо­ғырланатын сауда үйлері, әуежай, вок­зал, стратегиялық ғимарат секілді орын­дардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Ол қазіргі таңда елімізде террористік және экстремистік қылмыстардың өсу динамикасы байқалмайтынын, алайда бұл қол қусырып қарап отыруға себеп емес екенін айтады. Өйткені ішкі тұрақтылығымыз бен қауіпсіздігіміздің тұнығын лайлауы мүмкін қауіп-қатерлер әлі де сейілген жоқ.

«Біз террористік және экстремистік қылмыстардың жасалуына түрткі болуы мүмкін себептерді жіті назарда ұс­тауымыз керек. Айналадағы көрші­лес елдерде болып жатқан саяси дағ­­дарыстар осыған итермелейді. Ауғанс­тандағы жағдай, Сирия мен Ирак ахуалы біздің ішкі жағдайымызға әсер етеді. Бұл – сыртқы факторлар. Соны­мен қатар ішкі факторлар да бар. Елі­мізде деструктивті діни ағымдар, діни көзқарасы бұрмаланған адамдар мен топтар жетерлік. Біз осы жағдайдың бәрін жіті қадағалап, ең алдымен халық арасында түсіндіру және қылмыстардың алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Жалпы, террористік және экстремистік қауіп-қатер дінмен байланысты болып келеді. Өйткені қазіргі таңда бүкіл әлемде мұндай қылмыстар көбіне діннің атын жамылып жасалады. Бұған діннің өзі кінәлі емес, сол діннің қағидаларын бұрмалап, өз мүдделері үшін теріс мақсатта пайдаланатын қылмыскерлер кінәлі екенін түсінуіміз керек», дейді ол.

 

ДАИШ идеологиясын насихаттаған

Д.Разуевтің айтуынша, құқық қор­ғау органдарының тиімді алдын алу іс-шаралары арқылы елде аса ауыр террористік қылмыстардың алдын алып келеді. Негізінен терроризм идеологиясын насихаттау, террористік әрекеттерге шақыру, діни алауыздықты қоздыру, дінаралық өшпенділікті тұтату секілді құқыққа қайшы әрекеттер тіркеледі. Атап айтқанда, биылдың өзінде радикалды әрекеттері үшін 35 адам ұста­лып, олардың 13-і сотталған. Соның бірі – Түркістан облысында ДАИШ халықаралық террористік ұйымының қызметін белсенді қолдағаны, оның идеологиясын насихаттағаны үшін Тәжікстан азаматы құрықталыпты.

«Біз басқа дінге сенушілерге немесе сенбейтіндерге қарсы дінді жамылып пайдакүнемдік пен зорлық-зомбылық қылмыстарын жасайтын діни радикалдарға қарсы күресеміз. Олар көбіне ақша бопсалаумен, адам тонау­мен, алаяқтықпен айналысады. Жыл басынан бері осындай 264 қылмыс ашылып, 247 адам ұсталды, олардан 42 қару, оқ-дәрі тәркіленді. Кей жағдайда радикалдар тұрақты топ құрып әрекет етеді. Биыл осындай 18 қылмыстық-радикалды топ жойылды. Мысалы, Ақтөбе облысында 4 криминалды радикалдан тұратын топ кәсіпкерден 4 млн теңге қаражат пен автокөлікті бопсалаған. Ұсталған кезде олардан қару-жарақ тәркіленді», дейді ІІМ өкілі.

2017 жылғы 1 қаңтардан бастап «Терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң шеңберінде ішкі істер органдарына террористік-экстремистік қылмыстардың төрт түрін сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша өкілеттіктер берген заңнамалық түзетулер күшіне енген. Яғни Қылмыстық кодекстің 255-бабының 1, 2-бөлімдері (терроризм актісі, егер ол қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру мақсатында, бірнеше рет қару, жарылғыш заттар немесе жарылғыш құрылғылар қолданылып жасалған болса); 256-бабы (терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру); 258-бабы (террористік немесе экстремистік әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік) және 259-бабы (террористік немесе экстремистік әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даяр­лау не қаруландыру) бойынша тәртіп сақшылары ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірге балама тергеу әрекеттерін жүргізеді. Бұл өзгерістер қылмыс орын алған жағдайда кінәлі адамдарды тезірек анықтап, құрықтауға, жедел іс қозғауға бағытталған тиімді шешім болды.

 

Сот тыйым салған террористік ұйымдар

«Бұрын терроризм мен экстремизм идеялары, теріс діни ағым идеологиясы көшеде, мешіттер маңайында, үй-үйді аралап жүріп таратылатын болса, қазір интернет арқылы онлайн насихаттау белең алып отыр, – дейді ІІМ өкілі. – Әсіресе интернет-ресурстарда шетелдік халықаралық террористік ұйымдар медиа орталықтары мен радикалды уағызшылардың бейне немесе мәтіндік файлдарын жіберу арқылы жүзеге асырылады. Әлемде жүріп жатқан цифрландыру үрдісі радикалдар үшін де қолайлы жағдай жасады. Енді олар шетелде отырып-ақ кез келген елдегі жақтастарын қашықтан көбейтуге мүмкіндік алып отыр. Сол арқылы терроризмді насихаттап, әсіресе жастарды өз қатарына азғырып шақыруды жалғастырып жатыр. Қазір әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жабық чаттар мен арналар негізгі үгіт-насихат алаңдары болып отыр».

Д.Разуевтің айтуынша, интернеттегі радикалды идеологияны насихаттауға қарсы 2017 жылы іске қосылған «Ки­бер­қа­дағалау» ақпараттық жүйесі арқы­лы электрондық БАҚ, отандық және шетелдік интернет-ресурстар мен әлеу­меттік желілерге тұрақты мониторинг жасалып тұрады. Жыл сайын осы жүйе­ге мүдделі мемлекеттік органдар экстре­мизм мен терроризм белгілерін қамти­тын 35 мыңнан аса материал орналастырады.

«Радикалды идеяларды сырттан экс­порттау қаупі артып келеді. Халық­аралық террористік ұйымдар елімізді экстремизм идеологиясын одан әрі тарату, қолдаушыларды тарту, сондай-ақ содырлардың транзиті үшін алаң ретінде қарастырады. Негізгі сыртқы фактордың бірі – Ауғанстандағы террористік әлеует. Бұл ел халықаралық террористік топтар үшін «тартымды» орталық болып отыр. Сыртқы және ішкі қауіп-қатерді азайту мақсатында кейінгі он жылда терроризм мен экстремизмнің профилактикасы бойынша екі мемлекеттік бағдарлама іске асырылды. Өткен жылы Үкімет үш жылға (2023-2025 жылдар) арналған кезекті кешенді жоспарды бекітті. Заңға қайшы көріністерге тиімді қарсы тұруға мүмкіндік беретін заңнамалық база қалыптастырылды. Бүгінгі таңда еліміз­де 25 террористік және экстремистік ұйымның қызметіне сот тыйым салған», дейді ІІМ өкілі.

 

Түрмеде теракт жасауға дайындалған

Қазіргі таңда еліміздің абақтыла­рын­да террористік және экстремистік қыл­мыс­тары үшін сотталған 300-ден аса адам жазасын өтеп жатыр. Олардың қатарын­да «Жусан» операциясымен шетелден елге әкелінгендер, өзге мемлекеттер аумағындағы террористік қақтығыстарға қатысу үшін шекарадан шығу кезінде құрықталғандар, терроризм мен экстремизм идеяларын насихаттағандар, т.б. бар. Д.Разуев мұндай адамдар абақтыда өзге сотталғандарға теріс діни идеологиясын жұқтырмауы үшін тұрақты алдын алу жұмыстары жүргізілетінін айтады. Олар жалпы сотталғандармен бір мекемеде отырады, алайда радикалды пиғылынан қайтпағандар оқшауланған бөлек камерада ұсталынады. Дегенмен темір тордың арғы жағында отырып та террористік-экстремистік қылмыс жасауға талпынатын сотталғандар да жоқ емес.

«Таяу күндері біз ҰҚК-мен бірлесіп, Алматы, Қостанай және Жетісу облыс­тарының қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде 10 радикалды діни идеология жақтасы әрекетінің жолын кестік. Олардың бірі абақтыда отырып террорлық акт жасауға әзірленгені, ал басқалары террорлық әрекеттерді ұйым­дастыру мақсатында адамдарды өз қатарына тартумен айналысқаны белгілі болып отыр. Түрмелердің ішін тінту барысында олардан суық қару, смартфондар мен басқа да заттай айғақтар тәркіленді», дейді Д.Разуев.

 

Балалар бақылауда болсын

Жалпы, Қылмыстық кодексте терро­рис­тік және экстремистік сипаттағы қыл­мыстар үшін жауапкершілікті көздейтін 25 бап бар. Жаңа қауіптердің пайда болуын ескере отырып, кейінгі он жыл­да мұндай қылмыстардың тізімі кеңей­тілді. Сондай-ақ бұлардың бәрі де ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Айта кетсек, террористік және экстремистік қылмыс жасағандарға аталған баптар бойынша 3 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал аса ауыр қылмыс жасағандар өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі де мүмкін.

«Қазіргі таңда әр баланың қолында смартфон жүретіндіктен, олар үшін, интернеттегі түрлі «экстремистік қақпанға» түсіп қалу қаупі де өте жоға­ры. Лаңкестер қатарларын көбейту үшін ең алдымен жас буынға назар салады. Сондықтан әрбір ата-ана өз балаларының интернетте қандай ресурстарға кіретінін, кімдермен сөйлесіп жүргенін, мінез-құлқында қандай өзгерістер болып жатқанын жіті қадағалауы керек. Мұндай кеселдің алғаш пайда болған кезінде алдын алған оңай, ал дендеп кетсе, адамды теріс пиғылынан қайтару қиынға соғады. Бұл әрқайсымыздан қырағылық пен тиянақтылықты талап етеді», дейді полиция полковнигі Д.Разуев.