Экономика • 06 Желтоқсан, 2024

Әлеуеті артқан әлеуметтік сала

225 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Білім, денсаулық сақтау салаларының сапасын арттырып, азаматтарды әлеуметтік қорғауды нығайту – кез келген мемлекеттің келелі мәселесі. Елімізде осы міндеттердің шең­берінде бірқатар реформа жасалып, маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл, әсіресе, әлеуметтік төлемдер мен жалақыны арттыру, тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау, білім беру салаларын жаңғыртуға жіті назар аударылды. Бұған бюджеттің 52,8%-ы әлеуметтік салаға бағытталғаны дәлел.

Әлеуеті артқан әлеуметтік сала

Жағдай жақсара түсті

Елімізде жыл сайын зейнетақыны көтеруге әрекет жасалады. Биыл да ол үр­діс­тен танған жоқ. Primeminister.kz сай­ты­ның мәліметінше, базалық зей­нет­ақы 7%-ға, ынтымақты зейнет­ақы 9%-ға индекстелді. Нәтижесінде, 2,4 млн зейнеткердің, оның ішінде БЖЗҚ жинақтау қорынан зейнетақы алатын 459,3 мың зейнеткердің зейнетақысы көбейді. Орташа зейнетақы көлемі 165 мың теңгеден асты. Бұған қоса, базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен көбейту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ал 2028 жылға қарай жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарнасы 5%-ға ұлғаймақ. Биылғы  1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы  85 мың теңгеге артты. Бұл тізбекте 1,8 млн адам, оның ішінде бюджет қыз­мет­керлері бар. 600 мың аза­мат­­тық қызметшілердің жекелеген санат­тарының жалақысын кезең-кезеңімен  20%-ға арттыру жалғасып жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, әлеуметтік қорғау шаралары жүзеге асырылып жатыр, табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны азайып келеді. Цифрлық отбасы картасы арқылы 843 мыңнан аса адамға мемлекеттік қызметтер көрсетілді. 845 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, оның 401 мың­нан астамы – жастар. 9 мыңға жуық азамат, оның ішінде мүгедектігі бар жандар және ерекше қажеттілігі бар балалы ата-аналар бизнес-идеясын жүзеге асыруға грант алды.

Мемлекеттік инвестициялар тиім­ділігін арттыру және сапалы жос­парлауға Жобалардың инновациялық навигаторы әзірленді. Бұл жүйе кадрларға қажеттілікті болжап, талдау жасайды, сондай-ақ жобаларды үйлестіруге, сапасын бақылауға, тиімділігіне мониторинг жасауға мүмкіндік береді. Платформа арқылы жалпы құны 33 трлн теңге бола­тын 755 инвестициялық жоба қадаға­ла­нып отыр. Бұл жобалар аясында 150 мыңға дейін жұмыс орнын ашу жоспарланған.

 

Денсаулық сақтау сатылап дамыды

2024 жылы, әсіресе ауылдық жер­лер­дегі денсаулық сақтау инфр­құ­рылымын дамыту жұмыстары жал­ға­сын тапты. «Ауылда денсаулық сақ­тауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 655 бастапқы медицина­лық-санитарлық көмек көрсету жоспар­ланған. Оған 257 медициналық пункт, 238 фельдшерлік пункт, 160 дәрігерлік амбулатория кіреді. Қазір 251 нысан құрылысы аяқталып, 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.

Еліміздегі әлеуметтік саясат­тың басты міндеттерінің бірі – ана өлі­мін азайту. 2024 жылғы көрсет­кіш­тер өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 15%-ға жақсарған. Жаңа бағдар­ла­малар­ды енгізу, оның ішінде кли­никал­ық хаттамаларды қайта қарау, бо­са­нуға тарифтерді арттыру ден­сау­лық сақтау саласында­ғы жағ­­­дай­­ды айтарлықтай жақсарту­­ға сеп­­ті­­гін тигізді. Биыл амбул­а­то­­­рия­­­­лық деңгейде жалпы сомасы 212,8 млрд теңгеге  3,5 млн пациент дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз етілді. Амбу­лато­риялық көмекті жақсарту­ға басым­дық бере отырып, дәрі-дәрмек­пен қамтамасыз ету жүйесін жетіл­діру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

 

Білім берудің бәсі биік

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы белсенді іске асырылып жатыр. Жоба мектеп оқушыларын оқы­туға, жағдайды жақсартуға, сондай-ақ мектептерді заманауи техно­логиялармен жабдықтауға әрі уақыт талаптарына жауап беретін инфра­құрылым дайындап, білім беру сапасын арттыруға бағытталған.

Жобаны іске асыру шеңберінде жаңа мектептердің 40%-дан астамы ауылдық жерлерде салынды. Онда оқу кабинеттері, STEM-зертханалар, роботтехника кабинеттері, хореография, спорт залдары, демалыс аймағы мен нетворкинг залдары бар. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да жағдай жасалған. Сыныптарда интерактивті тақталар мен компьютерлер орнатылған. Жалпылама 36 жаңа жайлы мектеп пайдалануға берілді, оның 15-і ауылдық елді мекендерде салынды. Ал 31 желтоқсанға дейін 76 нысан есігін айқара ашпақ.

Оған қоса мектепке дейінгі оқытуды жақсарту жұмыстары жалға­сын тапты. Бүгінде елімізде 11,6 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 988 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр. Мектептерде мектепалды даярлықпен 160 мың бала қамтылды. Қазір балаларды біліммен қамту 92,5%-ға жетті, 62,3 мың орындық 547 жаңа балабақша ашылды. Мектепке дейінгі ұйымдарда 4,2 мыңнан астам консультация пункті жұмыс істейді.

Білім беруді цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді, мысалы, ата-ана­лар­ға бала күтімі турасында консуль­та­ция­­лық көмек көрсететін «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы іске қо­сылды. Сондай-ақ мектеп жасына де­йінгі балаларды дамытудың жеке картасы цифрлық форматқа аударылды.

 

Студенттердің шәкіртақысы өсті

Білім беру жүйесіндегі ең маңызды қадамдардың бірі – студенттерге арналған шәкіртақыны көбейту. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында 2020 жылдан бастап елімізде шәкіртақыларды арт­тыруда дәйекті жұмыстар жүр­гізіліп жатыр. 2025 жылға қарай олар ЖОО студенттері үшін екі есе, магистранттар мен докторанттар үшін 1,75 есе көбейеді деп жоспарланған. Бакалавриат студенттерінің шәкірт­ақысы 20%-ға, 47 135 теңгеге дейін, ал педагогикалық және медици­налық бағыттағы студенттер үшін 75 600 теңгеге дейін өсті. Интерндердің стипендиясы енді 85 376 теңгені, ал резиденттердің стипендия­сы 123 122 теңге болды. Магистранттардың стипендиялары 15%-ға, 107 061 теңгеге дейін, ал докторанттардікі 240 000 теңгеге дейін көбейді.

 

Халықаралық серіктестік серпіні

Елімізде жоғары білім беруді дамы­­ту әрі жаңғырту, оның ішінде шет­ел­­­дік университеттермен стра­тегия­­лық әріптестік орнату арқы­лы да жү­ріп жатыр. 2021 жылы жо­ғары білім мен ғылымды дамыту тұ­жы­­рым­дамасы қабылданды, ол 2025 жылға дейін елімізде шетелдік жоға­ры оқу орындарының кемінде 12 фи­лиалын ашуды көздейді. Осы тұ­жы­рымдама аясында 12 елдің, соның ішін­де Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Франция, Оңтүстік Кореяның уни­вер­ситеттерімен 23 стратегиялық серік­тестік пысықталды. 2024 жылдың қазан айында стратегиялық серіктес­тер – 67 шетелдік университеттің 120 өкілі қатысқан форум өтті. Осылайша жаңа оқу мен ғылыми әріптестік құру елімізге жаһандық білім беру кеңістігіне кірігуге көмектеспек.

 

Ғылымды дамытуға ден қойылды

Ғылымды дамыту – өркендеудің маңызды қадамы екені анық. Осы бағытта бәсі биік жобалар бар. Соның бірегейі – жас ғалымдарды қолдауға бағытталған «Жас ғалым» жобасы.  2021 жылдан 2024 жылға дейін гранттық қаржыландыруға 16 конкурс өткізілді. Нәтижесінде жас ғалымдар 2 мыңнан астам ғылыми жобаны жүзеге асырды. Оның ішінде 686 жоба инженерлік білім мен технологияларды академиялық зерделеуді дамытуға бағытталған докторантурадан кейінгі бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр.

Сондай-ақ «Жас ғалым» бағдар­ла­масы бойынша 2025–2027 жылдарға арналған жаңа конкурс жарияланды, бұл еліміздің ғылыми әлеуетін одан әрі дамытуды қамтамасыз етеді.

Ал ғылыми әзірлемелер мен технологияларды коммерцияландыру – инновациялық экономиканы құрудың маңызды міндеттерінің біріне айналды. Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруда 5 конкурс іске асты. Соның шеңберінде ғылымды қажетсінетін өнімді сатудан түскен кірістерді, қоса қаржыландыру мен салықтық түсімдерді қосқанда 97 млрд теңгеден астам қаражат алынды. Бұл ретте ғылыми зерттеу өнімінің экспорты 571 млн теңгені құрады.

 

Өнім өркен жайды

Отандық ғылымның маңызды жетістігі – бірегей өнімдерді дамыту. Мысалы, тазартылған селен 2023 жылға дейін бізде өндірілмеген. Селен – фар­мацевтика, жартылай өткіз­­­гіш өнеркәсібі мен металлургия сияқ­­­ты әртүрлі салаларда қолданы­латын маңызды элемент. 2023 жылы «Қазақмыс Прогресс» ЖШС өндірістік қуаты арқылы селенді тазарту мақ­сатында учаске пайдалануға берілді. Технология сапасы 99,5%-дан асатын жоғары тазалықтағы селен алуға мүмкіндік береді. Бұл аталған жоғары технологиялық салада жаңа перспективалар ашады. Алдағы жылдары қуатын кеңейту, құрамында селені бар материалдарды қайта өңдеудің жаңа әдістерін енгізу жоспарда бар. Бұл елімізде кірістерді ұлғайтуға әрі жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.

Сонымен қатар елімізде онколо­гиялық аурулармен күресуге бағыт­тал­ған жаңа дәрілік препараттар белсен­ді әзірленіп жатыр. Осындай жобалар­дың бірі – D-изоаскорбин қышқылы негізінде дәрі-дәрмек жасау. Ол KRAS мутациясы бар қатерлі ісіктерді емдеуге қолданылады. Nazarbayev University қолдаған жоба фармацевтика саласындағы маңызды қадам болды әрі онкологиялық ауру­ларды емдеуді айтарлықтай жақ­сарта алады. Биыл жоба одан әрі клини­калық зерттеулер мен емдеу әдістерін әзірлеуге 2,1 млрд теңге құймақ.