Сурет: ru.freepik.com
Мәселен, биыл Атырау облысында кадрлық резервке 600-ге жуық адам құжат тапсырды. Іріктеуді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облыстық департаменті жергілікті әкімдікпен бірлесіп жүргізді. Департамент басшысы Нұрлан Еркебаевтың дерегіне қарағанда, арнайы комиссия мүшелері үміткерлерді бірнеше сала бойынша таңдады. Оның ішінде индустрия, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары, экономика, қаржы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, цифрландыру және әлеуметтік сала бар. Кадрлық резервке жоғары білімі, кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар 35 жастан аспаған жастар қатысты.
«Өтініш білдіргендердің арасынан 479 адамның құжаты қабылданып, тестілеу кезеңіне жіберілді. Одан 204 үміткер оң нәтиже көрсетіп, жеке қасиетін бағалау кезеңіне өтті. Ал құзыреттерді бағалауға 51 үміткер жіберілген еді. Алайда 38 үміткер құрылымдық сұхбатқа барды. Комиссия мүшелерінің шешімімен талаптарға сәйкес 25 адамды өңірлік кадр резервіне іріктеді. Кадрлық резервтің мүшелері мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасып, тиімді басқару жүйесін құруға мүмкіндік алады», дейді Н.Еркебаев.
Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлының айтуынша, кадр резервіне алынған қызметкерлер енді өз таңдауы бойынша ұсынылған лауазымдарға конкурссыз немесе тестілеуден өтпей-ақ орналаса алады. Олар аудандық және облыстық деңгейдегі лауазымдарға тағайындалып, өзекті мәселелерді шешуге атсалысады.
«Кадр резервіне өткен жастар білімі мен тәжірибесінің нәтижесінде осындай жетістікке жетіп отыр. Бұл – мансаптық өсудің баспалдағы. Енді олар әр салада басшылық лауазымдарға тағайындалып, өңірдің өзекті мәселелерін шешуге ықпал ете алады. Әрине, бұл – жауапты міндет. Сол себептен батыл шешім қабылдауды талап етеді. Басты мақсат халыққа қызмет ету екенін естен шығармау қажет», дейді Н.Жеңісбекұлы.
Кадрлық резервтегі жастардың арасында қыз-келіншектер бар. Жалпы, Атырау облысының жергілікті атқарушы органында 1 436 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Оның ішінде ерлердің үлесі – 40 пайыз. Ал 60 пайызы – әйелдер. Олардың 27 пайызы басшы лауазымдарды атқарады. Жастардың шоғыры 35 пайызды құрайды.
«Бұл – республикадағы жақсы көрсеткіштің бірі. Қазір мемлекеттік қызметтегі жастардың санын ұлғайту және үлесін арттыру бағытында жұмыс жүргізіліп келеді. Осы орайда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен бірлескен арнайы меморандум бар. Жоғары оқу орнында мемлекеттік қызмет мектебі ашылды. Осы білім ордасынан білім алған 41 түлек мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтармен тығыз байланыс орнату қолға алынады. Осыған байланысты облыс әкімдігі тарапынан аталған санаттағы тұрғындарды тиісті бос орындарға жұмысқа орналастыру бойынша ұсыныстар бар», дейді Н.Еркебаев.
Қазір 18 мемлекеттік қызметші икемді жұмыс кестесін пайдаланады екен. Оның 72 пайызы – әйелдер. Бұл оларға кәсіби міндеттерді жеке өмірімен тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін тең еңбек жағдайлары мен мансаптық өсу мүмкіндіктері қарастырылған. Өңірдегі мемлекеттік қызметте 30-ға жуық мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс істейді.
Атырау облысы