Сурет: ru.freepik.com
Жаңа зауыттың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Бөрлі ауданы әкімінің міндетін атқарушы Алтай Тоқжанов, облыстық экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев, аудан тұрғындары қатысты.
«Біздің компания қауіпті қалдықтарды өңдейді, зарарсыздандырып, жоя да алады. Ол үшін кешенде арнайы құрылғылар, инсинератор, қалдықты сұрыптау желісі, қағаз бен пластик ыдыстарды сығымдайтын жабдық, ағаш қалдығын жаңқалайтын құрал бар», дейді осы жобаның негізін қалаушы, «Merlion Development Group» компаниясының басшысы Динар Хамиев.
Кешенде құрылыс қалдықтары, ескірген арнаулы киімдер, жеке қорғаныс құралдары, ағаш қалдығы өңделеді. Сондай-ақ макулатураны, ПЭТ-ыдыстарды, алюминий, пластик қалбырларды сұрыптайды.
– 40 мың адам тұратын Ақсай қаласында негізгі инновациялық нысандар жұмыс істеп тұр. Осы жобаның өзіне 800 млн теңге инвестиция құйылып отыр. Жобаның қуаты жылына 5 мың тонна қалдық өңдеуге қабілетті. 12 адамға тұрақты жұмыс ашылды. Әлемдік тәжірибеде мұндай қалдық өңдейтін нысандардың қызметі экология үшін де, бизнес үшін де өте маңызды. Биыл елімізде осы саланы Өндірісті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейін 3 пайыздық өсіммен жеңілдікті қаржыландыру механизмі іске қосылды. Осы мақсатқа үш жылға 200 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр. Бағдарламаның көмегімен кешен жұмысын одан әрі кеңейту керек, – деді Б.Нарымбетов.
Соңғы жылдары италиялық «PetrolValves S.p.A» компаниясы мен отандық «Merlion Development Group» ЖШС «PetrolValves Kazakhstan» атты біріккен кәсіпорын құрып, мұнай-газ, энергетика өнеркәсібінде қолданылатын жоғары технологиялық тиекті арматуралар, клапандар өндірумен, оларды жөндеумен айналысып келеді. Бұл – елімізде жоғары технологиялық клапандар өндіретін, сервистік қызмет көрсететін жалғыз өндіріс орны. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Ақсай қаласындағы «PetrolValves Kazakhstan» ЖШС-ның өндіріс цехына барған болатын.
Батыс Қазақстан облысы