Оқиға • 06 Желтоқсан, 2024

Астанада насыбай сатқан дүкен иелері жауапқа тартылды

101 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұра ауданының әкімдігі қалалық полиция департаментімен бірлесіп, насыбай мен снюстерді заңсыз сату жағдайларын анықтау бойынша кезекті рейд өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада насыбай сатқан дүкен иелері жауапқа тартылды

Фото: Астана қаласы әкімдігі

Рейд барысында мониторингтік топ Нұра ауданының ірі тұрғын үй кешендерінде орналасқан кәсіпкерлік нысандарын тексерген. Рейд нәтижесінде насыбай мен снюс үш дүкеннен табылған.

Полиция қызметкерлері жалпы сомасы 25 мың теңгеге шамамен 40 қорап насыбай мен 20 қорап снюс тәркілеген. Дүкен иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабына сәйкес 92 300 теңге (25 АЕК) айыппұл салынған.

«Біз жаман әдеттердің алдын алу қағидаттарын ұстана отырып, жастардың осы өнімге қолжетімділігін шектеуге тырысамыз. Бұзушылықтар үшін қатаң жауапкершілік шаралары, соның ішінде ірі айыппұлдар қарастырылған. Кәсіпкерлердің есіне салғым келеді: вейп, насыбай және снюс сатуға тыйым салуды сақтау – бұл заңның талабы ғана емес, сонымен қатар қоғам алдындағы моральдық жауапкершілік. Нұра ауданында мұндай мониторингтік іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Жыл басынан бері 230-ға жуық дүкен тексерілді, біз бұл жұмысты жалғастырамыз», деді Нұра ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Батырхан Жанпейісов.

Бұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтер жастар арасында жаман әдеттердің алдын алуға және кәсіпкерлердің заңнаманы сақтағаны үшін жауапкершілігін арттыруға бағытталған.