Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2024

Семейде балалар теміржолы ашылды

123 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семейдегі жаңартылған Бейбітшілік аралында балалар теміржолы пайдалануға берілді. Бұл облысымыздағы туризмді дамытуға ықпал ететіні айқын. Сонымен қатар аралда жаңа қоғамдық кеңістік және қала тұрғындары мен қонақтарынан арналған орындар салтанатты түрде ашылды. Қоғамдық кеңістікте балалар ойын алаңдары, футбол, волейбол, стритбол алаңдары мен воркаут аймағы бар. Барлық алаңдарда жаңа кәсіби тренажерлер орнатылған.

Семейде балалар теміржолы ашылды

Семейдегі балалар теміржолы 1979 жылы теміржолшылар күніне орай ашылған болатын. Алайда 90 жылдардың ортасына қарай жабылған еді. Міне, 20 жылдан астам уақыттан кейін балалар теміржолы қайта қалпына келтірілді. 2023 жылдың 5 маусымында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Орталық коммуникациялар қызметінің өңірдегі көшпелі баспасөз конференциясында балалар теміржолын жандандыруды жоспарлап отырғанын айтқан еді. Аталған нысан теміржол аралдың әсем жерлерін аралап, жолаушыларға Ертіс өзенінің ерекше табиғи ландшафы мен әдемі көріністерін тамашалауға мүмкіндік береді.

Бірінші кезеңде теміржол ұзындығы 2 шақырым болады. Аралдағы көпірден биологиялық орталыққа дейінгі аралықта жүреді. Тепловоз бен вагондар теміржол техникасына маманданған Қамбар машина жасау зауытында дайындалды. Ұзындығы 12 метр болатын әр вагонда 32  орын бар. Егер маршрут сұранысқа ие болса қосымша вагондарға тапсырыс беріледі. Аталған жоба аясында KАZ Minerals Тобы 620 млн қаржы бөліп, тепловоз бен вагондарды сатып алуға демеушілік жасады. Ал, «Бақыршық тау-кен кәсіпорны» инфрақұрылымды салуды өз мойнына алды.

Балалар теміржолы тек ойын-сауық орны ғана емес, жастардың теміржол мамандығына қызығушылығын арттыруға ықпал ететін маңызды білім беру жобасы болмақ. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта Қазақстан теміржолы басшылығы тарапынан қажетті қызметкерлерді оқыту, теміржол мамандығына баулитын балалар үйірмесін құру мақсаты көзделгенін жеткізді.

СЕМЕЙ