«Бұл жинақта көрнекті замандастарымыз жөнінде жазған дүниелерім бар. Отанға қызмет етуді парызы санаған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өнегелі өмірі мен еңбек жолы өскелең ұрпаққа үлгі болсын дедім. Өзім бірқатар беделді ұжымдарда қызмет жасадым. Небір жайсаң азаматтармен танысып, сыйлас болдым... Ғұмырымда көрген жақсылықтар мен кездескен қиындықтарды баяндадым», деді О.Жолдыбай.
2017 жылы ел тарихын түгендеу мақсатында академик, медицина ғылымдарының докторы Полат Қазымбетов бастаған ғылыми экспедиция Қарақалпақ Республикасындағы Беруни қаласы маңындағы Аббас әулие кесенесі маңында жерленген Нағанай бидің басына барып, Құран бағыштап, дұға жасайды. Осы танымдық тақырыпты қамтыған мақаласында автор Нағанай би жерленген тұстан құтыға топырақ салып әкеліп, еліміздің оңтүстік өңірінде аталған биге арналған ескерткіш кешеннің іргесіне салынғанын жазған.
Кітаптың келесі бір бөлімінде танымал қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаевтан бастап, ғалым Дандай Ысқақұлы, белгілі жазушы-журналистер Қуандық Түменбай, Жеңіс Баһадүр, Өтеш Өтеуліұлы және басқа азаматтардың Орынбек Ендібайұлы туралы жазған пайымды пікірлері топтастырылған. Замандастары О.Жолдыбайдың азаматтық қадір-қасиеті, қаламгерлік шеберлігі туралы сыр шертеді. Орекеңнің еңбекқорлығын ерекше атап өтеді. Игілікті істерді атқаруға жұмсаған қажыр-қайраты өзіне абырой болып оралған.
Айта кету керек, Орынбек Жолдыбайдың әр жылдары «Замана келбеті», «Уақыт лебі», «Өткен жылдар өрнегі», «Жан сырым» және басқа кітаптары жарық көрген. Сонымен қатар академик Рахманқұл Бердібай мен ақын Құлыншақ Кемелұлы (1840–1911) туралы зерттеу еңбектері жарияланған.
Айбатыр САМИҒОЛЛАҰЛЫ,
журналист
АСТАНА