Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2024

Сібір жарасының салдары

654 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атыраудағы «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою бекетінде өлген сиырдан сібір жарасы табылды. Осыған байланысты 20 қарашада аталған нысан аумағында карантин енгізілді. Кейін карантин мерзімі 8 желтоқсанға дейін ұзартылды. Эпи­зоотиялық шараларды ұйымдастырушы жұмыс тобы құрылды.

Сібір жарасының салдары

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Би­сем­биевтің а­йтуын­ша, сібір жарасы анықталғаннан бері об­лыс­тық санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау департаментінің мамандары шаһардағы базарлар мен түрлі сауда нүктесінен, оның ішінде ет өнімдері сақталатын, сатылатын орындардан, малды сою, тасымалдау кезінде қолданылатын құрал-жабдықтардан, арнаулы жұмыс киімдерінен, сойылған малдың ашасынан 700-ден астам сынама алды. Сынамалар бес мал базарындағы қасапханалардан, топырақ құрамынан, жемнен, басқа да биоматериалдардан алы­нып, 66 нысанда зерттеу жұмыстары жүргізілді.

«Атырау қаласына кірер тұста ветеринарлық бақылау жүргізетін 4 қадағалау бекеті қойылды. Бекеттерде полиция мен ветеринар маман­дар тексеру жүргізеді. Ма­ман­дар малдың жұқпалы ауруға қарсы егілгені туралы құжат­ты тексеріп, дене қызуын ба­қы­лайды. Мәселен, 20–25 қараша аралығында союға мал әкеле жатқан 30 көліктің қалаға кіруіне тыйым салынды. Өйткені бұл көліктердегі 838 ұсақ малдың, 192 ірі қа­ра мен 16 жылқының тиісті құ­­жат­та­ры толық болмай шықты. Кей­бір малдың құла­ғын­дағы сыр­­­ғасының нөмірі өше бас­таған, кейбірінің құжаты қате тол­ты­­рыл­ған», деп мәлімдеді Ж.Би­сембиев.

Әкім орынбасарының дере­гіне сүйенсек, өлген сиыр­дың екеуі Батыс Қазақстан облысы­нан, ал біреуі Атырау облы­сындағы Құрманғазы ауданынан әкелінген. Мамандар екі сиырдың өлімтігінен 2 рет сынама алып, зертханалық талдау жүргізді. Талдау қорытындысында сібір жарасы анықталды. Үшінші сиыр ауруды мал сою бекетінен жұқ­тырған болуы мүмкін екені айтылып отыр.

«Жалпы, Атырау қаласына ірі қараның 80 пайызы Батыс Қазақстан облысынан та­сы­малданады. Облыстың аудандарынан союға мал әкелетін кә­сіпкерлер бар. Карантин талабына сәйкес союға әкелінетін малдың құжаты болуы қажет. Бірақ мұны ескермейтін кәсіпкерлер бар. Кейінгі 5 күнде сатуға, союға мал әкелген 19 кә­сіпкерге айыппұл салынды. Себеп – малдың құжаты толық емес немесе дұрыс емес. Ал «Асыл-Агро» шаруа қожа­лы­ғының мал сою бекеті толық дезинфекцияланды. Оны жүргізуге 10 маман тартылды. Ауру белгісі табыл­ған аумақта тұрған бар­лық малға қайтадан вакцина салын­ды. Малдың кейбірі ауру оша­ғынан таза аумаққа көшірілді», деді әкімнің орынбасары.

Ветеринарлық қызмет екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі – төрт түлікке вакциналау жүр­гізетін ветеринарлық станса. Бұл құрылым жергілікті бюджет ар­қылы қаржыландырылады. Қазір Атырау қаласы мен 7 аудан­­да ветеринарлық стансалар бар. Бұл стансаларда 70-ге жуық маман жұмыс істей­ді. Былтыр жергілікті бюджет есебінен ветеринарлық стан­саларға 42 жаңа автокөлік сатып алынған. Мәселен, Ресей Федерациясының Астрахан облысымен шектесетін әрі ауылдық округі көп Құрманғазы ауданына 12 көлік бөлініпті. Ал Қы­зылқоғаға – 6, Индер, Ма­хамбет ауданының әрқайсысына – 5, Атырау қаласына, Исатай мен Жылыой ауданына – 4, Ма­қат ауданына 2 көліктен берілген.

Ал екіншісі – ветеринарлық бақылау мен қадағалау жүр­гі­зетін облыстық аумақтық инс­пекция. Сібір жарасы тіркелген соң, Астана мен Батыс Қазақстан облысынан қосымша мамандар шақыртылған.

«Биыл облыстың шаруашы­лық құрылымдары мен жеке иеліктегі төрт түлікті қауіпті ауру­ларға қарсы вакциналауға 3 млн доза дәрі бөлінді. Вакци­налауды жергілікті ветерина­рлық станса мамандары жүр­гізіп келеді. Осы кезге дейін малға 2 млн 800 мың доза дәрі егілді», дейді Жасұлан Бисем­биев.

Сібір жарасының салдары қандай? Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бас­шысының орынбасары Ал­магүл Әбілованың айтуынша, 22 қарашада қасапхана жұ­мыс­шысы №2 облыстық ауруханаға жеткізілген. Өйткені одан сібір жарасының бастапқы белгілері байқалған.

«Науқастың қолындағы жа­ра­­қаттан ПЦР сынамасы алын­ды. Зертханалық талдау оң нәти­же берді. Науқасқа сібір жа­ра­сының терілік диагнозы қойыл­ды», деп хабарлады А.Әбілова.

Өлген малмен байланыс­та болған 16 адам медицина қыз­мет­керлерінің бақылауына алынды. Олардан сібір жарасын жұқтыру белгілері байқалмаған.

«Сібір жарасының бірнеше формасы бар. Бұл ауру малдан адамға қол мен аяқтың ашық жері арқылы жұғады. Оның белгілері 14 күн ішінде немесе 5-6 күнде анықталады. Атал­ған ауру­ды жұқ­тыру белгісі рас­талған нау­қасқа сібір жара­сының терілік формасы деген диагноз қойылды. Бұл – же­ңіл өтетін форма түрі. Қазір нау­қастың дене қызуы қалып­ты, денсаулық жағдайы қана­ғаттанарлық. Медициналық хат­тамаға сәйкес антибиотик терапиямен емделіп жатыр», деді А.Әбілова.

 

Атырау облысы