20 жастағы АҚШ-тың өкілі биыл Аустралия ашық біріншілігінің жартылай финалына дейін жетіп, WTA-ның бірнеше турнирінде топ жарды. Сонымен қатар жұптық сайыстарда да сәтті ойнады. Осы көрсеткіштерінің нәтижесінде Гауфф биыл 30,4 млн АҚШ доллары (9,4 млн доллар түрлі турнирдегі сыйақы + 21 млн доллар демеушілер бөлген қаражат) көлемінде олжаға кенелді. Екінші орында – Ига Швентек. Екі жылдан аса уақыт ешкімге дес бермей, әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастаған 23 жастағы Польшаның өкілі биылғы маусымды екінші орынмен қорытындылады. Жазда ол Ролан Гарростың жеңімпазы атанды. Басқа да ірі додаларда тәуір нәтиже көрсетті. Швентектің табысы – 21,4 млн доллар. (8,4 млн доллар сыйақы + 13 млн доллар демеушілер). Үздік үштікті Чжэн Циньвэнь түйіндеп тұр. WTA тізімінде бесінші сатыға жайғасқан 22 жастағы қытай қызының табысы осы маусымда 20,6 млн долларға көбейді (5,6 млн доллар сыйақы + 15 млн доллар демеушілер). Жыл басында Чжэн Мельбурндегі жарыстың финалында ойнады. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарында беларусьтік Арина Соболенко – 17,7 млн доллар (9,7 млн доллар сыйақы + 8 млн доллар демеушілер) мен жапониялық Наоми Осака – 15,9 млн доллар (870 мың доллар сыйақы + 15 млн доллар демеушілер) сынды бұрымдылар бар.
Елена Рыбакина бақуаттылардың рейтингінде 14-орынға тұрақтады. 2024 жылы еліміздің бірінші, әлемнің алтыншы ракеткасының есепшотына 7,9 млн доллар аударылды. Оның 3,9 млн доллар жарыстарға қатысқаны үшін берілген сыйақы болса, 4 млн доллар – демеушілерден түскен қаражат.