Күрестің үш түрінен үлкен дәрежеге жетіп, абыройы асқақтаған Қуаныш Салықбаев 1971 жылғы 8 шілдеде бұрынғы Семей облысы, Мақаншы ауданы, Қызылбұлақ ауылында дүниеге келген. Спортқа деген құштарлығы ерте оянған жас 1983 жылы «Қайрат» қоғамының спортзалына барып, Төлеубек Шәкенов, Асқар Теміржанов сынды бапкерлерден самбо, қазақ күресінің әдіс-тәсілдеріне қаныға бастайды. 1987 жылы Семей облысының біріншілігінде самбодан 2-орын, 1989 жылы облыстық кеңестің біріншілігінде 1-орынды иеленді. Сөйтіп, Семей өңіріне танымал бапкерлер, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушылары Серік Тоқтарғазин, Серік Қоржыкеновтердің назарына ілігіп, спорт жолында көптеген биікті бағындырды.
Қ.Салықбаев – самбодан еліміздің бес дүркін чемпионы, төрт дүркін ел кубогінің иегері, Азия чемпионатының күміс (2000), алтын (2001) жүлдегері, Әлем чемпионы (2006). Қазақ күресінен еліміздің үш дүркін чемпионы, отызға тарта республикалық, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, ел кубогінің төрт мәрте иегері, Азия чемпионы (2007). Дзюдодан бірнеше мәрте республикалық, халықаралық турнирлердің жүлдегері, ел біріншілігінің күміс жүлдегері. Ол қажырлы еңбегінің нәтижесінде күрестің үш түрін еркін меңгеріп, самбо мен қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанып, өңір спортының өрістеуіне ғана емес, қазақ күресінің дамуына есепсіз еңбек сіңірді.
Адам баласының қай салада болсын артынан шәкірт ертуі – парыз. Бұл тұрғыда Қуаныш Жұмабекұлы бапкерлік жолды бастаған 2016 жылдан соңғы демі үзілген 2019 жылға дейінгі аралықта аймақ-атыраптағы бойында оты бар жастардың жарқырап көрінуіне, спортқа бейімді балалар мен жасөспірімдерді спортқа, саламатты өмір салтына баулуға көп үлес қосты. Бапкердің тәлім-тәрбиесін көрген спортшылар ішінен Нұржан Мэлсов, Ерасыл Нұрахметов сынды шәкірттерін ерекше атауға болады.
Жарысқа еліміздің барлық дерлік өңірінен 2007–2008 жылдары туған жасөспірімдер қатысты. Жалпы жиыны 18 команда, 164 спортшы бақ сынап, сынға түсті. Турнир Абай облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резервтік спорт мектебінің бастамасына орай, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Ашылу салтанатында сөз алған даңқты балуанның асыл жары Гауһар Салықбаева ер есімін ел есінде сақтап, жоғары дәрежеде жарыс ұйымдастырған барша азаматқа алғыс білдірді.
«Қуаныштың спорттағы жолын талмай насихаттап, ұлықтап келе жатқан бапкерлеріне, достары мен шәкірттеріне, ізін басқан бауырларына, қай кезде де бізге қолдау білдіріп отыратын жандарға ризашылығымыз зор. Осы жарыстың өтуіне демеушілік көрсеткен Серік Тоқтарғазин, Серік Қоржыкенов, Қайрат Чармұхамедов, Шалқар Жоламанов, Айбек Нұғымаров, Думан Қыздарбеков, Қайрат Күнсафин, Асхат Оспанов, Аман Шәріпов сияқты азаматтарға, достары Қуат пен Бекжанға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Турнир келешекте еліміздің атын әлемге танытатын спортшылардың өсіп-шығуына жол ашады деп сенеміз», деді Гауһар Сләмбекқызы.
Екі күнге созылған турнир қорытындысына сәйкес 70 кг салмақ дәрежесінде 1-орынды Дастан Қазыханов, 2-орынды Бекарыс Сайлау, 3-орынды Темірлан Мақсатов, Ернұр Қабдрахман иеленсе, 76 кг салмақта 1-орын Алмас Рысбековке, 2-орын Досжан Рахымбаевқа, 3-орын Нұрдос Қайратов пен Ислам Медетқалиға бұйырды. 82 кг салмақ дәрежесінде Сұлтан-Бейбарыс Қайратұлы 1-орын, Айвар Бейсенбек 2-орын иеленсе, Қуатбек Қажыбек пен Арнұр Аманов 3-орынды өзара бөлісті. 82 кг-нан жоғары салмақта сайысқа түскендер арасында Нұрболат Жамбыл 1-орын, Сағият Серікқали 2-орын, Ахмет Қапен мен Нұрланбек Талғатұлы 3-орын алды.
«Кейінгі жылдары облыста түрлі беделді турнирлерді өткізу дәстүрге айналып келеді. Мұндай байрақты бәсекелер жергілікті жастардың ішінен шын мықтыны анықтауға жақсы мүмкіндік туғызады. Сол тұрғыда алдағы уақытта Қуаныш Салықбаев атындағы турнирдің аясын кеңейту ойымызда бар», дейді ұйымдастырушылар.
Абай облысы